Жерлесіміз АҚШ-та атой салды
Жуырда Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында грек-рим күресінен «BILL FARRELL Memorial» халықаралық турнирінің жалауы желбіреген болатын.
Аталған байрақты бәсекеде ел намысын 87 келі салмақта жамбылдық Нұржан Асан қорғап, күміс жүлдеге ие болды.
Спортшының жеке бапкері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ринат Исмаилов.
Нұржан алғашқы айналымда америкалық Кристиан Фредерикодан 12:3 есебімен басым түссе, екінші белдесуде жергілікті балуанға еш мүмкіндік бермей, 10:0 есебімен жеңіске жетті.
Алайда ақтық сында украиналық Артур Овсепянға ұпай санымен есе жіберіп, күмісті қанжығалады.
Айта кетейік, аталған турнирге Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Азия елдерінен 20-дан астам мемлекет, 300-ден аса спортшы қатысқан болатын.
«AR-AI»-ақпарат