Қышқыл шоколад
Студент кезді бірге өткізген құрбыммен оқу бітірген соң көріспей кеттік. Жуырда қызметке тұрғанын естідім. Мені іздепті. Арада өткен 15 жыл бізді алыстатпапты. Жаңа жыл қарсаңында қоңырау соғып, келуімді өтінгенде үнінен жақындық сездім. Құшағымыз айқасқанда, расында, бәз баяғы балауса қыздарға айналып кеттік.
Ұзын әрі аппақ көйлегі еденнің бетін жеңіл желпіп, жүгіріп жүр. Әлдебір қорапты қолыма ұстатып: «Анаңа апарып берші», – деді. «Бұл не?» – дедім түсінбей. Жанарын көзіме қадап, үнсіз тұрып қалды. Жүзі алабұртқан сәт ойына әлдене түсе кеткенін сездім. Сәл үнсіздіктен соң қайта тіл қатты.
– Ауылға бүгін барасың ба?
– Иә!
Ол әңгімешіл емес. Үнсіз тыңдағанды ғана ұнататын. Бұл жолы олай болмады. Алыс қалған күндерді есіне алса керек, күлімсіреп, терезеге қарап тұрып әңгімесін бастады.
Мен ауылға барғанда анамның туған күні еді. Құрбымның сыйлығын көріп, балаша мәз болды. Ол сыйға тартқан шашақты орамалды басына шарт байлап, шай демдеді. «Сол қыздай бастық болсын» деп ырымдап, тәттілерді немерелеріне үлестіріп берді. Бірақ маған шоколадтың дәмі қышқыл көрінді. Сөйтсем, жылап отыр екенмін...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ