Өнерімен өрге жүзген өрен
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында. Қай заманда да қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны анық.
Осыған орай «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген ұстанымды алға тарта отырып, аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінде жас өрендердің таланттары мен қабілеттерін ашып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, жаңа есімдер ашу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балаларды шыңдап, республикалық, халықаралық байқауларға дайындап, үлкен сахнаға шығуына септігін тигізіп отырған ұстаздар еңбегінің арқасында қаншама өнерлі жас аудан мерейін үстем етуде.
Солардың бірі Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек-мектеп лицейінің озат оқушысы, №1 Балалар өнер мектебінің шәкірті Мирас Ғали талантымен танылған жалынды жас деуге әбден лайық. Ол алғашында театр үйірмесіне қабылданып, кейіннен вокал, домбыра үйірмелеріне де қызығушылығы артып, барлығын қатар алып жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, тек шығармашылықпен шектеліп қана қоймай, спортпен де айналысады. Ара-тұра шабыты тасығанда өлең шығаратын да өнері бар екен. Сұхбат барысында бұл анасының бойынан дарыған қасиет екендігін атап өтті.
Театр сыныбының жетекшісі, Мирастың ұстазы Мейрамкүл Тойшыбековамен де тілдесіп, шәкірті жайлы сұраған едік.
Жас өнерпаздың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтар болсақ, халықаралық «Самға, Самұрық!» балалар байқауында «Көркемсөз» аталымы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін бас жүлде, облыстық «Ер есімі – ел есінде» атты мәнерлеп оқу байқауында I орын, III республикалық Мұқағали оқулары байқауында I орын иеленген. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» атты республикалық форумда I дәрежелі дипломмен марапатталып, «Үздік өнерлі оқушы – 2024» аталымының жеңімпазы атанған. Одан бөлек түрлі алғыс хаттар мен дипломдармен марапатталған.
Жастарға жүйелі жол көрсететін ұстаздар барда өркениетті жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын жаңа, өнерлі буынның қатары толығып, өсіп жетілетініне сеніміміз мол. Өнерлі жастарды жан-жақты қолдап, дамытқан кезде ғана олардың алар асуы биік болып, өркениетті елдің айнасына айналары хақ.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы