Аяз ақынды ардақтасақ...
Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі – сонау әлімсақтан даңқы жер жарған қаған Шу батыр, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұни, халқымыздың төбе биі Төледей нар тұлғалы бабалардың атамекені. Сондай-ақ сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қылқобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай және тағы да басқа ақындарымыздың кіндік қаны тамған Отаны.
Әрине, Шу өңірінің өнегелі өнері жөнінде сөз қозғала қалса, ең алдымен, Сауытбек ақын ойға оралатынына талас жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың ызғарлы күндері, яғни 1942 жылы ақпанның он үшінші жұлдызында осы қасиетті мекенде дүниеге келіп, әкеден ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татқанына қарамастан өнерге жастайынан қанат қаққан Аяз Бетбаевты Сауытбектің ізбасары десек, ешкім дау тудыра қоймас.
Кешегі кеңестік кезеңде ұлттық өнерімізде ізі қалған ұлы тұлғаларды насихаттай алмай жатқанымызда Аяз ақын Сауытбек шығармаларын орындау арқылы махаббаттың жаршысына арналған «Ақбөпе» әнін асқақтата әуелетті. Аякең жастайынан Жамбыл, Кенен, Жидебай ақындардың әндерін ұнатқандықтан жалықпай жаттап өскен. Ауылына арнайы ат басын бұра келген Кенекеңнің алдынан кетпей, таң атқанша оның өлеңдерін тыңдайтынын айтатын. Сондықтан бүкіл республика көлемінде тойланған Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында Аяз Бетбаевтың:
«Жамбыл мен Сарыбастан алған бата,
Ассалаумағалейкүм Кенен ата!
Арыны басылмаған албырт едім,
Сөзімде кешіріңіз болса қате.
Арнайы ат арытып сонау Шудан,
Кеп тұрмыз тойыңыздың дәмін тата.
Жидебай Сауытбектің жолын қудым,
Өнерге жүрген жоқпын үміт арта.
Мен едім Бетбайұлы Аяз атым,
Өлеңге жастайымнан болдым жақын.
Шамамның келгенінше жеткізейін,
Жүректің сізге деген махаббатын.
Үстіне тойыңыздың кезім келді,
Қасиетті алдыңыздан бата алатын», – деп төгілте термелетіп арнау арнағаны дүйім жұртқа белгілі.
Осы тойда Кенен атамыз жыр дүлдүлі атана бастаған Аяз ұлына ақ батасын береді.
Сондай-ақ жыршы-термешінің:
«Аруақты бабалар,
Аталар қайда, өлмесе?
Ақ сүтін беріп өсірген,
Аналар қайда, өлмесе?
Өмірдің мәні бола ма,
Біреу кетіп, біреу келмесе.
Ақ бата қабыл болар ма,
Өткен ата-бабаны,
Есіне алып жүрмесе», – деп шарықтатып шырқай келе, Қожа Ахмет Ясауи мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ағыбай, Сыпатай, Биназар, Бауыржан батырлар, ұлы Абай, Жамбыл, Сауытбек, қылқобызды Бармақ, Дина Нүрпейісова, Қылышбай шешендер мен қара күштің алыптары Балуан Шолақ пен Қажымұқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, Қайрат Рысқұлбековтей Халық қаһарманына арнаған арнауы исі қазақ жұртына кеңінен мәлім.
Киелі Шу өңірінде жоғарыдағы атағы жер жарған бабаларымыздың бірқатарымен үзеңгілес болған Жақсыбай Жантөбетов секілді ақын атамыз да өмір сүрген. Аяз Жақсыбай атасын жас кезінде талай рет көрген екен. Бірде Аязға ол кісінің:
«Әнің мәнді екен,
Сөзің дәмді екен.
Сәлем берсең, бағың жансын.
Өнерің жалындасын.
Өнердің жолы қиын жол:
Кейде қабынарсың,
Бірақ талмай ізденсең,
Халқыңа таныларсың.
Әумин!» – деп берген батасы қабыл болған шығар, Аякең өнер жолында жалықпай-талмай талай асуларды бағындырып, халқын жауһар жырларымен сусындатып, жан-жақты таныла алды.
Аяз Бетбаевтың орындауындағы он ғасырдан астам бұрын өмір сүрген шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның рубайлары және «Жас туралы», «Қадірлейік достарды» және тағы да басқа жыр-термелерімен қатар «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлынған гүл» сынды лирикалық әндері тыңдарманның жүрегінен жол тауып, әлі күнге дейін сахналарда орындалып жүр.
Ал Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдени ұйымының президенті Жәнібек Елікбаевтай дарқан азаматтың демеушілігімен жарық көрген «Жетісу әуендері» ән-күйлер жинағы Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қандастарымызға кеңінен таралды.
А.Бетбаев Мәскеуде өткен екінші дүниежүзілік халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Сонымен бірге Аякең Төле би, Абай, Бауыржандай дана да батыр бабаларымыздың рухтарына бағышталған өнер кештеріне қатысып, ойдағыдай өтуіне атсалысты. Халқымыздың қаһарман ұлына айналған Қайрат Рысқұлбековтің қайтыс болғанына 7 жыл толғанда қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Концерттен түскен қаржыға Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы Халық қаһарманының ескерткішінің айналасын абаттандырды. Ал 1996 жылы 13 наурызда Қайраттың 30 жасқа толу құрметіне Алматыдағы өзі оқыған Сәулет-құрылыс академиясына сүйікті шәкірті Базарбай Асқартегімен арнайы қатысып, жастарға тәлім-тәрбиелік маңызы зор кеш берді.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп аталарымыз бекер айтпаған. Базарбай Мамытұлынан басқа да Әзімбек Жанқұлиев (марқұм), Алтынкүл Қасымбекова, Бейбіт Шошабаев, Мұхаметжан Тазабеков, Мейрамбек Бесбаев, Ертай Тазабеков сынды өнер майталмандарының Аякеңді ұстаз тұтқаны жасырын емес.
Алаш жұртына танымал ақын, жыршы термеші А.Бетбаев 1970 жылдан бастап табан аудармастан аудандық мәдениет үйінде 40 жылға жуық автоклуб меңгерушісі қызметін атқарып, шалғайдағы малшылардың ризашылығына бөленді. Шу ауданының Құрметті азаматы Аяз Бекетайұлының өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иеленді. Өкініштісі, Алланың жазуына қарсы келер шара бар ма, 2018 жылдың 8 сәуірінде «Халықтың Аязы» атанған ағамыз 76 жастан асқан шағында ауыр науқастан көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанды.
Біздің ендігі қолымыздан келетіні – арда туған Аяз Бетбаевтың өнерін, өнегелі өмір жолын жан-жақты насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақтың ұлтжанды, еліміздің нағыз патриоттары болып өсуіне үлес қосу. Осы орайда Төле би ауылы орталығындағы мәдениет үйіне Аяз Бетбаевтың есімі берілсе екен дейміз. Біздің бұл ұсынысымызды төлебиліктер ғана емес, исі қазақ жұрты қолдайды деген сенімдеміз.
Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Базарбай АСҚАРОВ,
Қазақстан Республикасының
мәдениет қайраткері,
Тұңғышбек БАЙҚҰЛОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
тарих және этнология
институтының аға ғылыми
қызметкері