Жақсы көрші – тынысың
Қазақ қоғамында туыстық қатынасты жоғары бағалап, ағайынмен тату болуды, көршімен байланысты үзбеуді ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келеді. Кей кездері «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген сөздің куәсі болып жатамыз. Бала күнімізде «көршіден нан, сүт алып кел» деген сөздерді жиі еститінбіз. Үйде ас немесе той болса да көршіні қалдырмай, ағайынмен бір дастарқанға сыйдырып, туыстан артық бағалайтын бауырдай болып кететінбіз. Көмегіне қаржы сұрамай, көршім риза болсын деп қабағыңа қарап, жанарыңнан жақсылықты да, жамандықты да сезе білетін көршінің аты алтыннан артық.
Қиналғанда асарға шақырасың,
Қуанғанда қазан беріп қатырасың.
Кілеміңді сатсаң да көршіңе сат,
Бір шетіне өзің келіп отырасың, – деген өлең жолдары да көршінің қадір-қасиеті жоғары екендігін айғақтап тұр. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздің де астары осы өлең жолдарымен тұспа-тұс келетіндей. Үлкендеріміз «Қоныс алма, қоңсы ал» деген сөзді бекер айтпаған. Төріңді алтын, жолыңды ашық, қораңды кең қылатын да – көрші. Екі көрші арасында жер дауы мен мүлік дауының жүрмеуі – сыйластыққа бастар жолдың ең ұлы қадамы.
Ауыл елдің алтын бесігі екені анық. Бірлікке білек біріктіріп, ізетіне найза бойламайтын көршілердің сыйластығын құдды бір жұмақтың бір есігі дерсің. Жамандығыңды жасырып, мерейіңді өсіретін көрші арасында өсек-аяңның ермеуі, аманатқа қиянат жасалмауы қалыпты үрдіс, ар заңымен бекітілген арнаулы кодекс сынды.
Дейтұрғанмен бүгінде ауылдан аты ұзап, қалалық қоғамды қалыптастырғалы «көрші» сөзінің қадірі кетіп, қасиетіне қолбайлау жасап жатырмыз. Есік тиіп тұрса да етене араласпай, қабырға біріксе де қарым-қатынаста болмай, арадағы байланысты орнатуды жөн көрмейтін де адамдар жетерлік. Көршіден нан сұрау түгіл, хал сұрауға жарамай жүргеніміз тағы бар. Қайнаудағы қазанның киесін, жайлаудағы жылқының иесін танитын ауыл адамдарының артықшылығы осыда болар, бәлкім.
Ал қала адамдары ше? Оларды көңілі тар адамдар деп айту жөнге келмейді. Әрине, қала болсын, ауыл болсын адамның пейіліне қарай мейірімі болатыны сөзсіз. Дегенмен қалалық психология адамдарды өзіне бейімдеп, ойын өзгертіп жатқандығы жалған емес. Жұмыстың көптігі, бос уақыттың жоқтығы адамды жалғыздыққа үйретіп жатқандай. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қызметтің қамымен көрші түгіл, баласының бетін көрмей жүрген ата-аналар да бар. Иық тіресіп, намазда бір сапта тұрғандай есіктері қатар орналасқан бір дәліздің тұрғындары бір-біріне есен-саулығын айта алмай, төрт қабырғаға байланып отыратыны тағы бар. Бүгінде көршінің малы ұрланбақ түгіл, баласына дауыс көтергеннің өзінде полицияға шағымданып, арыз айтатын дәрежеге жеттік. Көрші арасындағы мәміле мен әңгіме де өзектілігін жоғалтып бара жатқандай. Әрине, бұған қала тұрғындарын кінәлауға болмайды. Тек қала психологиясын қазақы қалыпқа қайта бейімдеу керек. Көрші туралы қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінде «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар» деген аят жолдары бар.
Қай бағытты алып қарасаң да көрші ақысын жемеу, көршімен жақсы мәміледе болу көзделеді. Қалада болсаң да, ауылда болсаң да көрші атаулыға сыйластықпен қарай білгеніміз абзал. «Үй алсаң – көршіңе қара, жер алсаң – суына қара» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. «Жақсы көршің – тынысың» дегендей, көршілерімізге жақсылық жасап жүрейік.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ