Ауызсу зардабын тартып отырған ауылдар аз емес
Халқымыз ішетін суын қадір тұтып, «тіршілік нәрі» деп бағалаған. «Судың да сұрауы бар» деп, ысырап етуді құп көрмеген. Қара судың қадірі қай кезде де маңызды. Әсіресе шалғайдағы елді мекенде тұратындар үшін сапалы ауызсуды орталықтандырылған жүйе арқылы тұтынудың жөні бөлек. Дегенмен әлі күнге дейін ауызсу құбыры тартылмаған, тіршілік нәрін піспе құдықтан ішіп отырған ауылдықтар аз емес. Осы орайда біз өңірімізде ауызсу мәселесін шешу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударған едік.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыста ауқымды жобалар іске асырылуда. Өңірдің ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен қалаларда 513,4 мың, 313 елді мекенде 656,3 мың тұрғынды құрайды.
Дегенмен 54 ауылдық елді мекендегі 35,4 мың адам және Тараз, Шу қалалары бойынша 9 тұрғын алқаптағы 6,9 мың тұрғын әлі де болса сапалы ауызсудың игілігін көре алмай отыр екен.
Сондай-ақ қалып отырған Қордай ауданының Алға ауылы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын екен. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жоспарға сәйкес жыл соңына дейін сараптама қорытындысы алынып, тиісті ведомствоға өтінім ұсынылатын болады.
Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі елді мекендерді толық ауызсумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту көзделіп отырған көрінеді.
Өңірімізде халық саны көбейген сайын таза су тапшылығы анық байқалып келеді. Әсіресе шалғай жатқан елді мекен тұрғындары әлі де тіршілік нәрін шелектеп тасып ішуге мәжбүр. Өкініштісі, ауылдарда тіршілік нәрі жоқ екеніне қарамастан жергілікті басылымға жалған материал берген әкімдер де болған. Жергілікті биліктің жүгенсіз әрекетін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова мәселе етіп көтеріп, вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған.
Халық қалаулысының айтуынша, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылының халқы сүзгінің арқасында күнелтіп жүрген. Ең сорақысы, аудандағы ауызсу мәселесі бес жылдан бері әлі шешілмей келеді.
Аталған мәселе таяуда ғана «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экологиялық мәселелер» жөніндегі бірлескен кеңес отырысында да көтерілген болатын. Негізінде Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін «Жігер – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі құдық қазған екен. Алайда ауылға әлі де су жетпеген. Баршаны мазалаған сауалға Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков жауап берді.
Айта кетерлігі, құдықтар механикалық тазалаудан өткеннен кейін санитарлық эпидемиологиялық инспекция сынамаларын алып, ауызсуға талдау жүргізіліпті. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша оң қорытынды алынған екен. Қалпына келтірілген бұл екі құдық су жүйесіне қосылып, Жарлысу ауылының тұрғындары түгел тіршілік нәрінің игілігін көрмек.
Тіршілік нәріне қатысты өзекті мәселенің бірі – ауызсудың сапасы. Күнделікті тұрмыста пайдаланып жатқан су мен кәріз сулар шаһар маңындағы қарапайым сүзгілеу алаңдарына төгіліп жатқаны белгілі. Бұл жөнінде облысқа белгілі эколог Рауф Сәбитов лас судың қазіргі сәтте тиісті мөлшерден асып тұрғаны соншалық, өзіміз пайдаланып отырған жерасты суымен араласып жатуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Экологтың ұсынысын қолдаған Ғалым Исақов та суды есік алдынан қазылған құдықтан пайдаланып отырған тұрғындардың әрекеті дұрыс еместігін айтады.
Иә, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облысымызда аз жұмыс істелініп жатқан жоқ. Мақсат – айқын, меже белгілі. Ендігі кезекте жауаптылар сеніп тапсырылған жұмыстарды уақытылы және сапалы аяқтаса дейміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ