Жастар

Жастар саясаты: жеңісі мен жемісі

«Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қай кезде болсын жастарға артылатын сенім мол.

Бүгінгі таңда өңірімізде 1 миллион 200 мыңнан аса халық мекен етсе, оның 355 мыңнан астамы жастар. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1 миллиард 596 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға 222,4 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70,6 миллион теңгеге, яғни 31,7 пайызға артық.

Өңір жастарының басын біріктіріп, қоғамдық жұмыстарға араласуына ықпал етіп, ұйыстырып отырған бірден-бір ұйым – жастар ресурстық орталықтары. Биыл облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығы 20 жылдық белеске қадам басты. Жастар орталығының мерейтойы өңірдің 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айта кеткен жөн.

Облыста жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 жастар ресурстық орталығы қызмет етеді. Онда жалпы саны 423 қызметкер, оның ішінде 340 маман жастармен етене жұмыс атқаруда.

Жыл басынан бері мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 10 500 іс-шара өткізіліп, 278 400 адам қамтылған. Мұндағы мамандар әлеуметтік, құқықтық, қайырымдылық, мәдени-көпшілік іс-шараларды жиі өткізіп, жастарға ақыл кеңесін беріп тұрады. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің айтуынша, биыл орталық жанындағы облыстық волонтерлік фронт офисінің волонтерлерінің қатысуымен «Жылулық жастардан» атты көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, қарияларға көмек көрсету арқылы 30-ға жуық қайырымдылық акциясы өткізіліпті.

Атап айтқанда, 11-13 қыркүйек аралығында Әулиеата өңірінде туған өлкенің тарихы мен рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция өтті. Тағылымға толы экспедицияға өңірлік жастар ресурстық орталықтарының мамандары, волонтерлер, тарих пәнінің мұғалімдері қатысыпты.

Сондай-ақ 27 қыркүйек күні жастардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «ПРОФИ – 2024» кәсіби жастар байқауы өткен болатын. Аталған байқау облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен 15 жылдан аса уақыттан бері өткізіліп келеді. Сонымен қатар 1 қазан күні Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында және Халықаралық қарттар күніне орай «Жан жылуы» атты жалғызбасты қарттарға көмек көрсету акциясы ұйымдастырылған. Облыстың 85 жылдығына орай «85 игі іс шаралар жоспары» аясында 9 қараша күні «Қайырымдылық – қарапайым іс» атты акция өткізілген. Акция шеңберінде Тараз қаласында тұратын көпбалалы және ерекше балалары бар аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер табысталыпты.

Жалынды жастарды қолжетімді баспанамен қамту – маңызды мәселелердің бірі. Осы ретте «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынған. Өткен жылы бағдарлама аясында 144 азамат баспаналы болу бақытына ие болған еді. Бағдарламаны іске асыруға биыл 2 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңгесі «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан қарастырылған. Бағдарлама аясында осы жылы 140-тан аса жасты баспанамен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар жыл сайын жастардың өміршең бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау мақсатында республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы өтіп тұрады. Байқау жеңімпаздары өз жобаларын іске асыру үшін грантқа қол жеткізеді. Былтыр жаңа жыл қарсаңында грант иегерлерін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар форумында аймақ басшысы арнайы марапаттады. Атап айтқанда, жас ғалымдар «Ақпараттық технологиялар» бағытындағы жобаларын іске асыру үшін 2 грант жеңіп алса, ауыл жастарының бастамаларын қолдауға 3 грант бөлінген. Ал мүмкіндігі мол бизнес жобаларға – 2, жас ғалымдар мен олардың ғылыми жобаларын қолдауға 5 грант қаралған. Сол секілді жастар ұйымдары мен медиа жобаларды қолдау бағытында 2 грант берілді.

Сонымен қатар форум барысында облыс жастары арасында ұйымдастырылған «Әулиеата үздігі» байқауының жеңімпаздары 15 номинация бойынша марапатталды. Аталған байқаулар биыл да жалғасын табады.

NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру мақсатында республика көлемінде «Zhas project» бағдарламасы жүзеге асырылып, кәсібімді дөңгелетемін деген жастарға несие берілуде. Биыл өңіріміздегі 8 өреннің жобасы қолдау тауып, шағын бизнесін ашып, кәсібін бастауға мүмкіндік алған.

Мұның барлығы мемлекеттің жастарға деген қамқорлығының айқын көрінісі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ