Таразда 2 аудан қашан құрылады?
Екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз қаласы – адамзат өркениетінің сан қилы кезеңдерін бастан кешірген киелі мекеннің бірі. Ежелгі жазбаларда «янгы тараз» деген атпен мәлім болған шаһар Х-ХІІ ғасырларда гүлденіп, мәдениет пен сауданың ордасына айналғаны тарихтан белгілі. Ұлы жібек жолының бойында орналасқан қасиетті мекен Қытайдан Еуропаға дейінгі сансыз керуендердің аялдайтын тұрағы болғаны да әмбеге аян.
Тіршілігі қайнаған шаһар өз заманында өнер мен білімнің, сауданың ордасына айналып, сәулеті жағынан да көш басында тұрды. Қаланың бірде дәуірлеп, бірде күйреуі жаугершілік замандардағы түрлі шапқыншылықтармен тікелей байланысты. Қойнына бүккен сыры топырақтан аршылып алынып жатқан көне шаһар тарихымыздың темірқазығы, шежіренің басы.
Кеңес одағының құрамында болған жылдары Тараз қаласы жаңа дәуірге қадам басты. Мұндағы ең алғаш, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бой көтерген Ленин алаңы қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыратын орталық нүкте болса, өзгелері де сол заманның тынысынан хабар беріп тұрған нысандар. Тәуелсіздік жылдарында, әсіресе 2000 жылдардан кейін Тараз қаласы жаңадан тыныс алып, бұрынғыдан да айшықты кейіпке енгені көптің көз алдында. Азаттықтың ақ таңымен бірге қалада заман талабына сай сәулетті ғимараттар бой көтеріп, Тараздың сән салтанаты арта түсті.
Жыл өткен сайын қала халқының саны өсіп, аумағының ұлғаюы әкімшілік басқару ісін жетілдіруді қажет етіп отыр. Осы ретте бұл қадам қаланы тиімді басқаруға, тұрғындар үшін инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретінін айта кетуіміз керек. Сондықтан да біз Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас жоспар және қала құрылысы кадастры секторының меңгерушісі Аслан Шілдетайға хабарласып, шаһарды екі ауданға бөліп басқару ісі қашан толық жүзеге асатынын және қаланы дамытуда Бас жоспар бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұраған едік. Оның айтуынша, бұл іс «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес жүзеге асырылып жатыр екен.
«Тараз қаласында екі аудан құрылады» дегеннен бастап, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында салынуы тиіс «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілмейтіні жөнінде ел ішінде әңгіме тараған болатын. Осының да анық-қанығын білуге тырыстық. Сөйтсек, қалаға қосылатын елді мекендер қатарындағы Жамбыл ауданының Шайқорық және Танты ауылдары өнеркәсіптік аймаққа жақын орналасқандықтан аталған білім ошағы салынбайтын болыпты.
Алдағы уақытта қала аумағы арқылы өтетін Төрекелді каналы мен сол жақ айналма жолдың, Сеңкібай, Қапал, Түйте, Үшбұлақ, Қарасу-2 және Молдабай каналдарының екі жақ беттері жасыл желек жамылмақ. Серуендеу жолдары, демалыс орындары қарастырылған терренкуралар жасалады екен. Жалпы пайдаланымдағы жасыл желектермен қамтамасыз ету алаңы осы іс жүзеге асатын есептік мерзімге қарай 4356,66 гектарды құрағалы отыр.
Қалада екі аудан құру жай ғана жоспар емес, шаһарды дамыту мен басқаруға деген жүйелі қадам болып отырғаны анық. Жоғарыда сөз еткендей, алдағы уақытта Бас жоспар аясында талай толайым тірліктер атқарылып, Тараздың тынысы кеңейе түспек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ