Қоғам

Әскердегі әлімжеттіктің алдын алу – өзекті мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады», – деп, сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең әуелі, армияның және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін айтқан болатын.

Жалпы бұл мәселеде алдымен әскери қызметшілердің өзара бағыныштылық жоқ жағдайда әскери жарғыға қайшы әрекеттерді жасауының себептерін анықтаған жөн. Ондай себептердің бірі – келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің кезекті шақырылым бойынша әскерге алынғандардың бір әскери бөлімде бірге қызмет етуіне байланысты деп түсінген дұрыс. Негізі олардың бір-бірінен бөлек әскери қызметті өтеуін ұсынуға да болмайды. Себебі Кеңес үкіметінің кезінен қалыптасқан тәжірибе бойынша тәжірибелі сарбаз жаңадан әскерге келген жауынгерге әскери техникаларды, өзге де машықтарды үйретуі тиіс. Мұндай жағдайда жас сарбазды жұмсау, оған ұрысу сияқты әрекеттердің орын алуын заңды құбылыс ретінде бағалауға болады. Әскери қызметшілердің арасында жас сарбаздардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қылмыстарының келесі себебі – взвод, рота, батальон, полк командирлерінің өзіне бағынышты әскерилерге тиісті деңгейде бақылау, қажетті түсіндіру жұмыстарын, арнайы құқықтық бағыттағы сабақтарды ұйымдастырмауы.

Әскери қызметшілердің арасында тәртіптік жарғыға жатпайтын қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу шараларын жан-жақты жүргізу туралы талап бұрыннан айтылып келе жатыр. Әскери қызметшілердің бір-біріне зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу шарасы ретінде соңғы уақытта әскери бөлімнің аумағында, оның ішінде заңсыз әрекеттер орын алуы мүмкін деген жерлерге (мысалы, әжетханаға кіреберіс жер) бақылау камералары қойыла бастады. Бұл шара қандай да бір деңгейде өз тиімділігін көрсетуі мүмкін, бірақ тұтастай алғанда әскери қызметшілердің моральдік деңгейін көтере алмайды. Басқаша айтсақ, әскери қызметшілер камерадан қорқып, ол жерлерде заңсыз әрекеттер жасамағанымен өзге жерлерде бәрібір бір-біріне күш көрсетуі ықтимал.

Адам өліміне немесе жарақаттануына алып келетін заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін әскери бөлімдердегі командирлердің де жауапкершілікке тартылғанын қолданған жөн. Сонда офицерлер құрамының өз міндеттеріне мұқият қарай бастайтындығы даусыз.

Серік ӘПЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің халықаралық қатынастар

факультеті,«Халықаралық құқық»

кафедрасының профессоры