Балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды
Бала – ұлт болашағы. Сондықтан да олардың білім алуы, денсаулығының қалыпты болуы, жеке дамуы, қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі – мемлекет үшін маңызды міндет. Жалпы балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, бұл бағытта тиімді жұмыс жүргізу, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қоғам үшін аса қажетті іс. Тараз қаласындағы оқушылар сарайында «Балалардың қауіпсіздігі – ұрпақ болашағының кепілі!» атты ұранмен өткен облыс әкімдігі мен облыстық прокуратураның бірлескен ІІ форумында осы мәселелер сөз болды.
Маңызды жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кіріспе сөз сөйлеп, форумға қатысушылардың бала тәрбиесіне қатысты бағдарлы мақсатқа қол жеткізудегі ортақ талпынысына алғыс білдірді.
Аймақ басшысы ата-ананың бала тәрбиесі үшін ұстаздар жауапты деген оймен күн кешетініне қынжылды. Заңды білмеу, оны бұзу – жауапкершіліктен босатпайтынын жас ұрпақ та, ата-ана да түсінуі тиіс екенін еске салды. Ата аналарға өз міндеттері мен жауапкершілігін арттыру үшін арнайы іс-шаралар қабылдау қажеттігін сөз етті. Кәмелет жасындағы балалардың суицидке баруына алаңдап, бұл ретте психологтар мен педагог психологтарды даярлайтын жоғары оқу орындарында суицидология мамандығы жоқ екенін атап өтті. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, қылмыстың, жыныстық тиіспеушілік пен суицидтің алдын алуда қажетті шараларды қарастырып, барлық мүдделі органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін баса айтты.
Жалпы облыста өткен жылы республика көлемінде алғаш рет ғалымдар мен білікті педагогтарды, ең үздік ұстаздарды қатыстыра отырып ғылыми-тәжірибелік І форум өткенін айта кетуіміз керек. Осы оң тәжірибені облыстық прокуратура жүйелі түрде жалғастыруда. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, І форумның қорытындысымен мектептердің жұмысын бағалауда құқықбұзушылық индикаторы алынып тасталып, ата-аналар жиналысының жаңа ережелері әзірленген, білім беру мекемелеріндегі қылмыстарды жасыру фактілерімен күрес күшейтілген.
Форумға «Zoom» платформасы арқылы қосылған Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету: негізгі шаралар мен оны іске асыру туралы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде зорлық зомбылықтың барлық түрі бойынша жаза қатайтылғанын, бұл бірнеше жыл ішінде балалар қауіпсіздігіне қатысты жүргізілген маңызды реформалар мен қабылданған тиісті заңдардың нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ баяндамашы бірнеше аймақтағы шалғай аудандар мен ауылдарға барып жұмыс жүргізгенін, мектептегі балалармен, психологтармен кездесу өткізгенін, оқушылармен жұмыс жүргізуде олар сурет немесе жазбаша түрде үйлерінде үлкендер ұрып-соғатынын көрсетсе де бұған назар аударылмағанын жеткізді. Осы секілді басқа да атқарылған жұмыстар бойынша мысал келтіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен облыс прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджан баяндама жасады.
Түйткілдерді тиімді шешуде нақты ұсыныстар айтылған форумды Нұрғалым Мәжітұлы қорытындылады.
Форум аясында облыс прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджан мен Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ