Жамбыл жаңалықтары

Мұқтаж жандардың мұңын кім тыңдайды?

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтіп, онда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы мәселе талқыланды.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, аймақ бойынша 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 6 822 жасөспірім бар.

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған екен. 2024 жылдың 10 айының қорытындысына көз жүгіртсек, 189 нысанға 133,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жоспарланған межені тек Меркі, Шу аудандары орындап, қалған 70 нысанның бейімделмей отырғаны анықталған.

Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеме болса, соның ішінде ересектерді қабылдайтын 9 мекемеде мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар 944 адам алынған екен. Оларға бекітілген стандартқа сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Сол сияқты мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.

Соғыс ардагерлеріне Жеңіс күнінде 1,5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сол секілді биыл жергілікті бюджет есебінен ардагерлерге теңестірілгендерге және мүгедектердің жеке санатындағы 8 026 адамға 1 миллион теңгеге әлеуметтік көмектер беріліпті. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1 166 балаға 47,2 миллион теңге тағайындалып, төленген екен.

Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруда жүзеге асырылатын негізгі шаруаның бірі – нысандарды бейімдеу. Алайда Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны баяу. Жыл аяқталуға жақындағанын ескерсек, бейімдеу жұмыстарының аталған аудандарда орындалмай қалу қаупі бар. Осы тұста аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аталған аудан әкімдерінің есебін тыңдап, жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдаған кезде олардың басым бөлігі мүгедектік жәрдемақыны тағайындау мәселесі бойынша шағымданып келетінін айта келіп, тұрғындар наразылығын тудырған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері емхана берген анықтаманы неліктен жаратпай жіберетінін сұрады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, биыл жергілікті емханалардан департаментке 11 960 жолдама түскен. Мұның ішінде 8 530 тұрғын бұрынғы мүгедектік жәрдемақысын қайта создырғандар. 

Жиын соңында аймақ басшысы жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді.

Мұнан соң облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай мүгедектігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан іс шаралар туралы баяндады. Облыс бойынша 2024-2025 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 9 468 бала анықталған. Оның 5 089-ы мектеп жасына дейінгі, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар. Арнайы қажеттілігі бар балғындардың 7 120-ы біліммен және тәрбиемен қамтылған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ