Мәдениет

Көрген-білгендерім мен көңілге түйгендерім

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Бұл менің апамның өмірі мәнін өзгертпейтін мәтелі. Шәрі дегені – қала. Шаһар сөзінің айтыла-айтыла қысқарып кеткен нұсқасы. Кішкентай кезімізде көкем, әкем Жаппарды айтып отырмын, бордақылап байлаған бір-екі малын базарға пұлдап қайтуға жиналғанда «шәріге барып қайтқалы отырмын» дейтін.

Менің апам ислам әлемінің беткеұстар қаласы Мысыр шәріне теңейтін туған жеріміз – Әулиеата топырағы. Бұл да – көкем мен апамның сөзі. Екеуі де ешқашан Жамбыл қаласын өз атауымен атаған емес, Әулиеата деуші еді.

Өңірдің арғы-бергі тарихын кітаптан оқып, көнекөз қариялардың әңгімелерінен естіп-білсек те, өзіміз ес білгеннен бергі көз алдымыздағы туған ауыл өмірі, одан бергі қызметке араласқан жарты ғасырдай уақыттағы көргендеріміз бен көңілге түйгендеріміз арқылы біраз жайттан хабарымыз бар.

Әңгімені туған жерден, өзім түлеп ұшқан ауылдан бастар болсам, Түгіскен ауылы – негізгі тұрғындары қазақтар, одан басқа орыс, украин, беларусь, неміс, грек, шешен, қарашай ұлттарының құтты қонысы болған алтын бесік. Шаруашылық осы ауылдың атымен аталатын. Түгіскен кеңшары кейін шаруашылықтағы негізгі түлік қаракөл қойын асылдандырудағы, асылтұқымды мал басын көбейтудегі, қаракөл елтірісінің сапасын арттырудағы жетістіктері мен жоғары көрсеткіштері үшін «Мемлекеттік асылтұқымды мал зауыты» мәртебесіне ие болғанын мақтанышпен айта аламын.

Тұрғындары көпұлтты болғаннан кейін шығар, біздің ауылда қазақша-орысша орта мектеп бар еді. Мектеп жанында малшылар мен алыс бөлімшелер тұрғындарының балалары жатып оқитын интернат болатын.

Ең бірінші сөз – адамзат баласы үшін ең құрметті адам ұстаздар жайлы. Біздің Түгіскен орта мектебіндегі мұғалімдердің бәрі де тәрбиелі, білімді, ақылды, жан жақты, ұлағатты ұстаздар еді. Мектеп директоры Ұлы Отан соғысына қатысушы, КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО мұғалімдері V съезінің делегаты Әбдіғазит Жылқайдаров, ол кісінің өмірі өзгермейтін орынбасары Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Әбдірәлі Күлембаев, ол кісінің жары Саида Муминова, осындай атақтың иегерлері Әйтай Әбдірәсілов, Әуесхан Шәуенов, Мәдіғұл Көшмағанбетов (бұл ағайымыз кейін «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды), Шәрипа Есетова, Саттар Жаппаров, Шорабек Қалдыбеков, Шекербек Мәлденов, Әбетбек Рысжанов, Роза Досымбаева, бізге бастауыш және жоғары сыныптарда жетекшілік еткен ерлі-зайыпты Кеңесбек Жаңабаев пен Шәкизада Юсупбекова, Несіпбек Шардарбеков, Күмісбек Егізбаев, ерлі-зайыпты Игорь Григорьевич Ставров пен Антонина Филипповна Рожкова, Мұхтар Ыбырайымұлы мен Зинаида Бабаханов, Егемберді Садықов, Әбдуайт Қалмаханов, Үршай Андақұлова, Сағат Садықовалар бізді тәрбиелеп, білім беріп, қанаттандырып ұшырды. Шәкірттік алғысымыз шексіз.

(Бүгінде осы ұстаздарымның көзі тірілері бірлі-жарым ғана. Алла оларға өмір берсін! Дүниеден қайтқандарының имандары саламат, жайлары жәннаттан болсын! Жадымнан шығып кетіп, есімдері аталмай қалғандары болса, кешірім өтінемін.)

Біздің мұғалімдеріміз бізді әлемнің екінші ұстазы, ұлы ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің «Балаға ең алдымен тәрбие, одан кейін білім беру керек. Әйтпесе бәрі бекер» деген қағидасымен оқытқан. Соның нәтижесіндей, Түгіскен орта мектебінен түлеп ұшқан түлектер арасында ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өндіріс озаттары мен мемлекеттік қызмет ардагерлері көптеп саналады.

Қазақта «Сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген ізеттілікке баулитын қағида бар. Мен осы қағиданы ұстанып, Түгіскеннің қазығы қағылған күннен соның ыстық-суығына төзген, жас шаруашылықты аяғына қаз-қаз тұрғызып, қатарға іліктірген, оның өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан аға буын өкілдері туралы бірауыз айта кетпекпін.

Түгіскен кеңшары Талас кеңшарынан енші алып, бөлініп шыққан 1945 жылы шаруашылықтың бірінші директоры Арын Әйтекеев болыпты. Одан кейін әр жылдарда шаруашылық тізгінін қолға алған Мұса Мұқанов, Зұлқарнай Нұрғалиев, Александр Братчиков, Қалкен Мұхановтардың да сіңірген еңбектері елеулі. Олардан кейін 28 жыл директор болған Сейітжан Тасыбаев кеңшарды «Мемлекеттік асылтұқымды мал зауыты» мәртебесіне ие етті. Ауылды «құм ішіндегі қалашық» атандырып, адамдардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын жақсартты.

Осы жетістікте алғашқы бас зоотехниктер Көпжан Жұмағалиев, Исқақ Темірболатов, бас мал дәрігері Біләл Хасенов, мал мамандары Сман Майыров, Әбдірәлі Жанбаев, Владимир Шульгин, ферма меңгерушілері Ағыбай Төлепбергенов, Бөрібек Шайдікәрімов, Иманалы Амангелдиев, құдықшы Мәдіомар Бекмұратовтардың да зор үлестері бар.

Одақ тарағанға дейін облыста алдыңғы сапта болған Түгіскен (қазір Тоғызкент) ауылынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері – Байназар Еркінов, Айқожа Созақбаев, Әбіламат Жұманбаев, «Ленин» орденінің иегерлері Шубай Ыбырайымов, Назымбек Дүйсенов, Әбдісаттар Құрманқұлов, Керімбай Мәжінов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді – Мергенбай Төлепбергенов, Сейітжан Тасыбаев, «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» орденді – Сәдуақас Бердібеков, «Октябрь Революциясы» орденді Сұлтан Сағымбеков пен Аманбек Сыпабеков, омырауларында «Құрмет белгісі» ордені жарқыраған Алтынкүл Жаппасбаева мен Тұрар Сәдібаевтар – табыстың тайқазанын қайнатқандар. Шаруашылықтың жоғары мәртебелі атаққа ие болуына атсалысқан бас мамандар – Нұрәлі Мәдіомаров, Жолдыбай Ысқақов, Айдан Нәлеков, Жарылқасын Шубаев, Әбиірбек Зәуірбековтер де мақтауға лайық.

Сарысу ауданының тұңғыш әкімі Әбдіманап Көпергенов пен оның орынбасары болған Қайратбек Жораев та – осы Түгіскеннің түлегі. Пәрімбек Мылтықбаев, Жансерік Майыровтар тәуелсіздік тұсында шаруашылық басқарып, өтпелі кезеңнің өткінші қиындықтарын бастан кешірсе, әр жылдарда ауыл әкімі болған Бейсенбек Бөрібеков, Әбдіманап Ермашев, Өтепәлі Мәдіомаров жергілікті өзін-өзі басқару ісінде жаңа қоғамға сай біліктілік пен белсенділік танытқан. Қазір ауыл әкімі тізгінін осы елді мекенде ержетіп тәрбиеленген іскер басшы Медет Күзембаев ұстап отыр.

Аталмыш тұлғалардың бәрін экономикалық тұрғыдағы жетістіктерге қатысты тілге тиек етіп отырмыз.

Кез келген елдің тарих сахнасындағы орны оның ұлттық құндылықтарымен, азаматтарының саяси қызметтегі белсенділігі, ғылым мен өнердегі, әдебиеттегі жетістіктерімен бағаланатыны белгілі. Оны сол елдің бет бейнесі деген де дұрыс болар. Түгіскеннен түлеп ұшып, жоғары оқу орындарын бітіріп, әр салада Қазақстанның дамуына үлес қосқан, қазір де қоғам өмірінде белсенділік танытып жүрген азаматтар көп. Бұл тұрғыда саяси қызметте облыстық партия комитетінің хатшысы болған Ыстыбек Зәуірбеков, Қазақстанға еңбегі сіңген заңгер, прокуратура ардагері Шәріпбек Шәйдікерімов, министр болған қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, ғылым докторлары Құралбек Құлажанов, Сейсенбек Мұстафаев, Дариға Әділбекова, Сағатбек Мырзашев, ғылым кандидаттары Амангелді Мұқанов, Сәуле Мұсаева, Сейілбек Сәкенов, қалам қайраткерлері Әбді Шынбатыров, Болат Мәуленов, Мейрамбек Төлепберген, Оңлагүл Арзықұлова, Дүйсен Молдақұлов, әртүрлі салаларда жауапты басшылық қызметтер атқарған Әбиірбек Ахметбеков, Кеңес Ермашев, Сұлтан Рахымжанов, Ділдакүл Омарова, Исатай Сәрсенов, Әбсамат Төлебеков, Айтжан Тойшыбеков, Үсен Жетенов, Батырбек Құлекеев, Даниярбек Мұсаев, Жұмабек Бөлекбаев (бұл тізімді соза берсем, кете береді. Мен өзім білетін танымал тұлғаларды ғана атап отырмын. Б.Ж.) – ауыл мақтанышына айналғандар. Олардың ішінде Әбдіманап Көпбергенов пен Мейрамбек Төлепберген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, еліміздің жоғарғы заң шығарушы органында қызмет атқарғандарын айту ләзім.

Олар – биыл 85 жылдық мерейтойын тойлап жатқан облысымыздың дамуына өз салаларында өз үлестерін қосқандар. Облыстың шалғай бір түкпірінде жатқан шағын ауыл Түгіскен (Тоғызкент) – облыстың шағын бір бөлшегі. Облыстың жан-жақты дамуы осындай шағындардың дамуынан тұрады. Менің бір ауылдың мысалында қалам тартып отырғаным да сондықтан.

Енді өзім «пұшпағын илеуге» қатысқан ақпарат құралдары хақында бірер сөз.

Қоғам дамуында БАҚ-тың рөлі ерекше. Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамның қозғаушы күші. Олай болса, облысымыздың 85 жылдық тарихында билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болған облыстық «Аq jol», «Знамя труда», «АR-AI» газеттерінің, облыстық телерадио компаниясының, барлық аудандық басылымдардың орны ерекше. Өйткені БАҚ бұқараны өңірдегі жылт еткен жаңалықтардан хабардар етіп, еңбеккерлерді жасампаз тірлікке жұмылдырып, оларға дем беріп, ынталандырып отырды. Орын алған олқылықтарды сын садағының нысанасына алып, кемшіліктердің дер кезінде түзетілуіне үлес қосқанында талас жоқ. БАҚ өзінің қоғам алдындағы осынау міндетін қазір де мінсіз атқарып келеді, атқара бермек.

Бұл тұрғыда да өңірдегі БАҚ-тың өзім білетін жарты ғасырға жуық тарихынан сөз қозғап көрейін. Әңгіме желісін әріден тартсам, бұл жерде бірінші ойға оралып, тілге тиек болатын – облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Аq jol» газеті. Мен осы газет редакциясына өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғына қарай «келін» болып түсіп едім. Ол кезде басылым атауы «Еңбек туы» болатын. Бас редактор – Баттал Жаңабаев. Мен осы басылымда жалпы жиынтығы 10 жыл (1977-1978, 1989-1994, 2011-2015 жж.) қызмет атқарған кезеңде журналистиканың үлкен шеберлік мектебінен өттім. Әрине, басылымды 20 жыл үздіксіз басқарған абыз аға Баттал Жаңабаевтың жөні бөлек. «Еңбек туында» еңбек етіп, журналистиканың корифейлеріне айналған Анарбек Айтбаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаев, Әкпарбек Доспанбетов, Ахмет Қазыбаев, Мейірхан Қуанышбаев, Срайыл Керімбаев, Кеңес Рахметуллаев, Қыстаубай Байтуов, Әбдуәлі Әлиев, Сағат Арынов, Рахметбек Өзбеков, аудандардан ақпарат ағынын тоқтатпаған меншікті тілшілер Тұрар Кенжетаев, Базар Қилыбаев, Несіпбек Дәутаев газетті шын мәніндегі облыс айнасына айналдырып, оқырманды жаңалық атаулының бәрінен хабардар етіп отыратын. Ал фототілші Орлик Кимнің суреттерінсіз газеттің сәні кірген бе?! Ол кісі суретті шығармашылықпен түсіруші еді. Содан да газет ажарлы.

Ол кездегі штаттан тыс тілшілер мен жергілікті авторлардың белсенділігі де жоғары. Олардан түскен хаттарды Шырын Келменбетова әпкейіміз тіркеп, бөлімдерге таратып бергеннен соң бөлім меңгерушілері әдеби қызметкерлердің, яғни біздің қолымызға ұстататын. Газет тілшілері бір кездері осылай да аталған. Тілшілердің шама-шарқынша өңделіп, Рая Жаманқұлова, Сейдімкүл Жұматаева, Райхан Тілеуқабыловалардың машинкаларында теріліп, түзетілген материалдар қайтадан айналымға кетеді. Бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасарлары, редактордың алдынан сұрыпталып шыққан материал секретариаттан бір ақ шығады ғой. Онда Насыр Қоссейітов пен Кәштай Бәйімбетов ағалардың қолымен тақырыбына қарай беттерге орналастырылған мақалалар тізіліп баспаханаға тартады. Онда қорғасынға теріліп, Зура Шәрекбаева басқаратын корректорлардың, кезекші редакторлардың сүзгісінен тағы да бір өтіп, өндіріске жөнеледі.

Осылай конвейерден өткендей електен өткен материалдарымен жарқырап алдына барған газетті оқып отырған оқырман редакция қызметкерлері бастан кешіретін қиындықтарды қайдан білсін. Оны сол «терінің бір пұшпағын» илеп жүрген біз білеміз.

Қазір де газетті теру, шығару әлдеқайда оңай, оңтайлы дегенімізбен редакция қызметкерлері бастан кешетін қиындықтар да бар. Басқаны былай қойғанда, тілшінің аузына ешкім сөз салып, мақаласын біреу жазып бермейді ғой. Құдай өзіне қуат берсін, өзі ізденуі керек. Басылым бетіндегі материалдар инкубатордың балапандарындай бірқалыпты болмас үшін журналистердің де бастан кешетін мехнаттары аз емес. Газетті әрлеудің де әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Мақсат – оқырманға мазмұнды, мағыналы, қызықты жаңалықтарға толы газет ұсыну.

«Аq jol» осы мақсатқа жетіп, бұқараны ақпараттандырудағы міндетін мінсіз жүзеге асыруда. Тәуелсіздік тұсында әр жылдарда газет редакциясының тізгінін қолда ұстаған Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт басылымның тартымды, мазмұнды, оқылатындай болып шығуына зор үлес қосты. Журналистиканың мәртебелі мектебінен өтіп, мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген қаламгер Хамит Есаман жетекшілік етіп отырған «Аq jol» алға аршынды қадаммен адымдап барады. Қарқынынан қайтпай, өңірдің өркендеуінде өзіндік рөлін атқара берсін!

«Аq jol»-дың ардагерлері туралы бірауыз сөз. Осы басылымда әр жылдарда қызмет атқарып, бүгінде ақыл айтар аға буын болып отырған Тұрсынхан Толқынбаев, Махамбетәлі Дүйсебаев, Жаңабай Миллионов, Жамбылбек Шоқыбасов, Мақұлбек Малдарбеков, Баймаханбет Ахмет, «су жаңа» зейнеткерлер Ақылжан Мамыт, Амангелді Әбіл, меншікті тілші қызметін атқарған Сейсен Қожеке, Серік Құралбай, Сәулембай Әбсадық сынды әріптестерім туралы айтпасам, қиянат. Бұлардың бірқатары – Қазақстанның Құрметті журналисі, бірқатары – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерінің иегерлері. Олар әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүргендері де бар.

Осы жерде Жаңабай Миллионов туралы. Зейнеткерлікке шығысымен зейнеткерлердің қамын ойлағаны шығар, облыс ардагерлерінің үнпарағы «Ғұмыр Дария» газетін шығарып келе жатқанына 11 жылдан асты. Газет «облыс ақсақалдарының айнасы» деп бағалауға лайық. Республикада некен-саяқ басылымдардың бірі. Жаңабай сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы. Жуырда бұрын да саладағы жемісті қызметі үшін жақсы жақтарымен көрініп жүрген әріптесіміз «Құрмет» орденін омырауға тақты. Бұл – өңірдегі қалам ұстаған қауымға ортақ қуаныш.

Қазір Данияр Асқарұлы басқарып отырған «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты үш газет – «Аq jol», «Знамя труда», «АR AI» басылымдары облыс оқырмандарын барлық жаңалықтардан ақпараттандыруда, еңбеккерлерді жұмысқа жұмылдыруда, ынталандыруда қозғаушы күшке айналып, өңірдің өркендеуіне игі ықпал етіп отыр.

Шыға бастағанына жиырмасыншы жыл, алда 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыс жастарының «АR-AI» газетінің өзіндік орны бар. Автор ретінде атсалысып тұратындықтан бұл басылымның тарихы таныс, бет-бедері белгілі. Ең бастысы, бұл газет дер кезінде, керек кезінде дүниеге келді. Өйткені бүгінде жастар тәрбиесі қиындап бара жатқаны жасырын емес. Міне, осындай уақыт талабынан «туған», яғни өмір есігін ашқан газеттің қалыптасуына, жұмысының жолға қойылуына алғашқы бас редакторы Болат Бекжановтың сіңірген еңбегі зор. Болат марқұм бұл газетті жастардың ғана емес, жасамыстардың да сүйіп оқитын сүйікті басылымына айналдырып кетті. «АR-AI» бүгін де сол биігінде. Өзінің алдындағы Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Емдербиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, Біржан Сөктай сынды сақа журналистерден эстафетаны қабылдап алған Тұрсынбек Сұлтанбеков «жас өспей ме, көкейіңді теспей ме» деген мәтелдің мәнін аша түсіп, жастар аға ұрпақтың жақсы істерін біліктілікпен де, іскерлікпен де, шығармашылықпен де жалғастыра алатынын, жалғастырып жатқанын көрсетіп отыр. Мен мұндағы әрқашан ізетін көрсетіп жүретін ізбасар әріптестерім – бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов, жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева, аға тілшілер Нұрым Сырғабаев, Айжан Өзбекова, суреттерімен газеттің сәнін де, әрін де кіргізіп жүрген фототілші Алтынбек Қартабаев, тілшілер Эльмира Байназарова, Ақтоты Жаңабаева, Құралай Сейсенбекқызы, жас пері Мұқағали Балтабаев есімдерін мақтана, ризашылықпен ауызға аламын. Олар жастық жалындарымен, қалам қарымдарымен мақтануға да, мақтауға да лайық қырларынан көрініп жүр.

«Келешек – жастардыкі» дейміз. Ендеше келешекке берешек болмас үшін оларды бүгіннен дұрыс жолға салып, айқын бағыт-бағдар сілтеуіміз керек. Бұл істе «АR AI»-дың атқарып жүргені аз емес, атқаратын істері алда.

Мақаланы «туған жер – Мысыр шәрімнен» бастап, мамандығыма қатысты да біраз мәселенің басын қайырғандаймын. Әзірге осымен аттың басын қайырайын.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

ардагер журналист