Халық денсаулығын жақсарту – басты міндет
Бүгінгі таңда облыста медициналық қызмет көрсету сапасына үлкен көңіл бөлінуде. 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» бағдарламасына сәйкес әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау шеңберінде көлемді жұмыстар атқарылуда. Сол мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекке деген қолжетімділік деңгейі күн санап артып келеді.
Сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы халықаралық стандарттарға сай жабдықталуда. Өйткені медициналық қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті дамыта отырып, дәрігер мен емдеу мекемесін таңдауды халықтың өз құзырына қалдыруды мақсат тұтқан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі еліміздің медициналық саласын жетілдіруге жол ашып отыр. Себебі меншік түріне қарамастан медициналық қызмет көрсету орындарына қойылатын талап біреу – ол халыққа тегін медициналық көмек көрсету және оның сапалы болуын қамтамасыз ету.
Соңғы жылдары облыста ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылау мәселесі өте өткір қойылып келеді. Осыған орай ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсету мақсатында «103» орталықтандырылып, жүйе реттеліп, санитарлық авиация мен телемедицина қызметі де жақсара түсті. Бұл көптеген науқастың дер кезінде жоғары деңгейде дәрігерлік көмек алу мүмкіншілігі аясын кеңейте түсті. Жаңаша сипат алған медициналық қызмет түрлері соңғы үлгідегі арнайы көліктер мен реанимобильдермен қамтамасыз етілген. Облыстық емдеу мекемелерінің білікті дәрігер мамандары қажет болған жағдайда аудандық ауруханалармен телемедициналық байланыс арқылы кеңес беру мүмкіндігіне қол жеткізді. Сондай-ақ бүгінде телемедицина арқылы республикалық ғылыми орталықтармен де байланыс жүйесі жақсарды.
Жалпы қазіргі уақытта облыстың денсаулық сақтау саласында 2 849 дәрігер және 9 950 орта буын қызметкері жұмыс істейді. Ал халықтың дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 10 мың адамға шаққанда 23-ті құрап отыр. Еңбек етіп жүрген дәрігерлеріміз өмірдің арашашысы екенін жақсы біледі. Сондықтан олар әрдайым білімдерін жетілдіріп, білімді де білікті дәрігер болуға талпынып отырады. Мыңдаған кесел мен дерт «тонын айналдырып», сан құбылып, жүз өзгеріп адамзаттың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, дәрігерден терең білімділікті, сезімталдықты, байқампаздықты талап етуде. Олай болмаған жағдайда дәрігер сырқаттың түрін дер кезінде анықтауда, емдеуде қателік жіберуі әбден мүмкін. Егер олай болса, сырқаттың өміріне төнген қауіп бұлты қоюлана түсетіні мәлім.
Жалпы облысымызда осы сала мамандарының біліктілігін арттыруға бюджет есебінен жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Олар отандық және шетелдік ғылыми орталықтар мен оқу орындарында біліктілігін арттырып жүр. Мәселен, 2011 жылы 5 маман Израильде біліктілігін арттырып қайтса, 2012 жылы литвалық мамандар Таразға келіп шеберлік-сыныбын ұйымдастырды. Сонымен бірге облысымыздың кардиохирургия, кардиология және эндокринология мамандары Новосибирск қаласының ғылыми орталығының базасында білімін жетілдіріп келген. 2013-2021 жылдары дәрігерлерден құралған бірнеше топ Ресейдің Қазан қаласында, Литвада, Израильде нейроинсульт, кардиохирургия проблемалары бойынша білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайтты. 2022-2024 жылдары аурухана базасында лапароскопиялық хирургия, кардиохирургия, нейрохирургия және тағы басқа мамандықтар бойынша бірнеше рет шеберлік курстары өткізілді. Өткен жылы бір топ дәрігеріміз Түркияның белді клиникаларында болып, тәжірибе алмасты. Аталған іс-шаралардың барлығы медициналық көмектің сапасын арттырып, халық денсаулығын жақсартып, олардың өмір жасын ұзартуға бағытталып отыр.
Жамбыл облысында 1873 жылы уездік 10 төсектік аурухананың іргесі қаланса, бүгіндері қуаты 310 тәуліктік стационарлық және 35 төсектік күндізгі стационарға айналды. Ол диагностикалық және емдік жаңа технологиялармен жарақтандырылған, өңіріміздегі емдеу мекемелерінің қарашаңырағы. Осы тамыры тереңде жатқан облыстық көпсалалы аурухана ұжымы өткен жылы өзінің 150 жылдығын атап өткен еді. Ұжымның алтын діңгегі – аурхана қызметкерлері халық денсаулығын қорғауға сүбелі үлес қосуда. Жыл өткен сайын сан түрлі ауруларды емдеудің, тексерудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, ем шаралардың нәтижесін жақсартып келеді.
Халық денсаулығын жақсарту – медицина қызметкерлері алдындағы басты міндет. Халық сенімінен шығуға олар әркез дайын. Облыс тұрғындарын және ақ халатты абзал жандар – медицина қызметкерлерін облысымыздың 85 жылдығымен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, халқымызға баянды бақыт, зор денсаулық, еңбектеріне жаңа жетістіктер тілеймін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина
ғылымдарының
докторы, профессор,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы