Әулиеата – киелі өңір
Жамбыл – туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті оятатын ерекше тарихи-мәдени мұраға бай өңір. Аймақ жалпы еліміз бойынша ұзақ уақыт сындарлы тарихи жолдан өтті. Негізінде XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар жариялаған, «Жайсаң» шатқалындағы, яғни қазіргі Шу ауданы аумағындағы Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы дәл осы жерден басталды.
Әулиеата топырағынан шыққан талантты ақын жазушылар елімізде көп. Олардың арасында айтулы жазушы және журналист Шерхан Мұртазаны, қазақ әдебиетінің классигі Несіпбек Дәутайұлын, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованы айрықша атауға болады. Ал Ұлы Отан соғысының атақты жауынгері, аты аңызға айналған батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында дүниеге келген. Қазақстанның болашақ Әнұраны – «Менің Қазақстаным» патриоттық әнін Шәмші Қалдаяқов облыстың оңтүстігіндегі шағын ауылда тұрып, 26 жасында шығарғанын көпшілік біле бермейді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басынан бастап біз сөз етіп отырған композитор Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында тұрды. «Вальс патшасы» осы ауылда жүріп «Дүнген қызы» атты тамаша әнін жазды. Жалпақтөбе Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, профессор Мұхамет Паншаевтың ауылы. Ол ежелгі Таразды жақын және алыс шетелдерде дәріптейтін елдің нағыз патриоты. Суретшінің жұмысы Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезіміне толы.
Біздің облыстың мақтанышы – кардиохирургия. Сейтхан Жошыбаев – медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының академигі, Тараз қаласының кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығының директоры. Ол Қазақстанда ғана танымал емес, елімізден тыс жерлерде де ең үздік кардиохирург ретінде өзгелерге мәлім. Жасына қарамастан көңіл-күйі жақсы, Таразды республикадағы кардиохирургиялық орталыққа айналдырып, осында халықаралық медициналық академия құруды армандайды. Сейтхан Жошыбайұлын 85 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, толағай табыстар тілейміз!
Облысымызда әйгілі кардиохирургтарды, яғни Әшіровтердің «Жүрек» кардиологиялық орталығын білмейтін жан жоқ шығар. Әулет басшысы Әбдуталып Әшіров 40 жылдан астам өмірін кардиохирургияға арнаған. Осы уақыт ішінде 4 мыңнан астам ашық жүрекке ота жасаса, қазіргі таңда Әбдуталып Махмұтұлы күрделі оталарын жасап, талай науқастардың жарқын болашаққа деген үмітін арттырып келеді. Әкелерінің ардақты ісін дарынды ұлдары Тимур мен Руслан жалғастыруда. Олардың жалпы еңбек тәжірибесі 80 жылға жақын. Жыл сайын мамандар 3 мыңға жуық жүрекке ота жасайды. Құтқарылған адамдардың санын тап басып айту мүмкін емес.
Әулиеата жері елімізге әйгілі көптеген танымал ғалымдарды, саясаткерлерді, спортшыларды және өнер қайраткерлерін тәрбиеледі. Олардың әрқайсысының өлкеміздің тарихы үшін маңызы зор.
Біздің сүйікті өлкеміз – индустриялық-аграрлық сипатқа ие өңір. Аймақ фосфор кендерін, ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп және қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіруге маманданған. Өңірдің көркеюіне әр салада еңбек еткен сан алуан ұрпақтардың қосқан үлесі зор. Өлкеміздің басты байлығы – ауылдың қарапайым еңбеккерлері, ауылдық жерде астық өсіріп, жер өңдеп, егін жинаған жандар.
Менің ата-анам өмір бойы қасиетті Қордай жерінде еңбек етті. Әкем бір ұжымшарда 47 жыл жұмыс істеді, ал анам ауылдың басқа әйелдері сияқты соғыс уақытында таңнан-таңға дейін тылда жұмыс істеді. Бейбіт уақытта бидай егіп, егіншаруашылығымен айналысты және зейнеткерлікке шыққанға дейін колхозда жұмыс істеді.
Мен ата-анамды мақтан тұтамын. Себебі олар туған жерімізге деген шынайы, терең сүйіспеншілікті оятып, саналы азамат етіп өсірді. Мен әкемнің еңбек жолын қайталауды армандайтынмын. Әкем ауылшаруашылығы саласында мемлекет пен қоғамға сіңірген зор еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Бүгінде, 67 жасқа келгенімде артымда 50 жылдық еңбек өтілім барын, 14 мемлекеттік және үкіметтік наградаларым бар екенін мақтанышпен айта аламын. Сондай-ақ жақында 25 қазанда – Республика күні мерекесіне орай маған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Осы жетістігімді ата-анамның көрмегені өкінішті. Олар менің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қабырғасында атқарған жұмысымды және Президент Қ.Қ.Тоқаев төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесіне менің сайланғанымды да көрмеді. Десе де менің ел үшін атқарған еңбегім, жетістігім ұрпағым үшін үлгі болатыны анық.
Бүгінде мен Қазақстанда тұратынымды бақытыма балаймын және туып-өскен өңірімнің күннен-күнге өркендеп келе жатқаны мені қуантады. Біздің аймақ көкөніс, бақша дақылдары, қант қызылшасы, жүгері дақылдары бойынша елімізде жетекші орынға ие екенін, тұрғындар ірі және ұсақ мал өсірумен белсенді айналысатынын, құсшаруашылығы мен балық өндірісі дамып келе жатқанын мақтан тұтамын.
Құрметті жамбылдықтар, әр істеріңізге сәттілік пен табыс серік болсын! Осыған дейін жеткен Жамбыл облысының жетістігі халықтың мерейін асыра берсін. Қашанда өңірдің биік шыңдардан көрінуіне, елдің еңсесі биік болуына шын жүректен тілектеспін.
Мереке құтты болсын!
Ілияс БУЛАРОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
VII шақырылым
депутаты