Мәдени мұралармен мақтанамыз
Жамбыл облысының 85 жылдық мерекесі, бұл – тарихымызға деген құрмет пен өңіріміздің даму жолын бағалаудың ерекше сәті. Тарихи деректерге сүйенсек, Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының арнайы шешімімен құрылды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы облысының үш ауданынан құрылған болатын. Жуалы ауданы бастапқыда Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында еді, бірақ 1957 жылы Жамбыл облысына қосылды.
Бұл аймақтың тарихы тереңде жатыр. Қазақ хандығы жазбаларында Шу мен Талас өзендері туралы мәліметтер кездеседі, олар Ұлы Жібек жолының бойындағы өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған. Тараз қаласы тарихи жазбаларда «янгы Тараз» деп аталып, X-XII ғасырларда өркендеген қала ретінде белгілі болған. Ежелгі Қытай, грек және византия деректерінде бұл аймақ «жаңа қала» деп сипатталады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Суяб, Меркі, Құлан, Баласағұн сияқты қалалармен қатар Тараз да сол дәуірдің экономикалық және мәдени орталықтарының бірі болды. Сондықтан Тараз қазақ жерінің «тарихи темірқазығы» ретінде бағаланады.
751 жылы Талас шайқасында Қытайдың Тан империясы мен Араб халифатының әскерлері Тараз маңында үстемдік үшін күрескен болатын. Бұл шайқас өңірге айтарлықтай әсер етті. Арабтар сол кездегі Аббасидтер династиясының билігінде болып, ислам мәдениетін таратып жатқан еді. Қытай Тан империясының жеңісі жағдайында қала Қытай ықпалына өтуі мүмкін еді. Алайда арабтардың жеңісі нәтижесінде Тараз ауыр қиындықтарға қарамастан сақталып, жаңа тарихи дәуірдің басталуына куә болды.
Талас шайқасынан кейін өңірде ислам мәдениеті таралып, Тан империясының ықпалы әлсірей бастады. Оның орнына Шығыс Түркістан хандығы құрылып, аймақтың мәдени және саяси келбеті өзгерді. Қарахан дәуірінің басталуы да осы кезеңге сәйкес келеді. Түркі руларының бірігуі арқасында 751 жылы Қытай жылнамаларында жаңа түркі хандығы пайда болғаны жазылған. Осылайша бұл қым-қуыт кезең Тараздың тарихи орнын одан әрі айшықтап, аймақтың өркениеттік дамуына жол ашты.
«Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген сөз Тараздың ортағасырлық мәдениеті мен сұлулық дәстүрлерінің айшықты белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін. XII-XIII ғасырларда Тараз үлкен сауда және мәдени орталыққа айналған еді. Қаланың гүлденуі кезінде саманидтер, селжүктер, түркілер және түріктер қоныстанып, өзара мәдени ықпалдастық арқылы аймақтың өркендеуіне үлес қосты. Сол кезеңде жергілікті қыз-келіншектер осма өсімдігін пайдаланып, қастарын ерекше әдіспен әрлейтін болған. Бұл дәстүр олардың табиғи сұлулығын одан әрі айшықтап, өңірдің мәдениеті туралы аңыздар мен жазбалардың пайда болуына ықпал еткен.
Сонымен қатар Тараз қаласы Қазақ хандығы тарихының маңызды орталығы ретінде ерекше орын алады. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Шу мен Қаратау бойында Қазақ хандығының негізін қалауы – аймақ тарихының ең маңызды беттерінің бірі. «Хан тағы Қозыбасы шоқтығы» деп аталатын орын осы тарихи оқиғамен байланыстырылады. Бұл оқиға Тараздың тек сауда мен мәдениет емес, саяси тарихта да маңыздылығын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының халқы, соның ішінде Тараз, Жаңатас және Қаратау тұрғындары даму мен жаңғыру жолында. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бұрынғы химиялық өндіріс орындары қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді. Мұның бәрі аймақтың тарихына жаңа белестер қосары анық.
Сондықтан Тараздың «тарихымыздың діңгегі» аталуы бекер емес. Бұл қала тек тарихи оқиғалар мен өркениет өркендеген мекен ғана емес, қазіргі Қазақстанның мәдени және экономикалық дамуының тірегі болып қала береді. Мереке қарсаңында облыс тұрғындарын шын жүректен құттықтай отырып, әрбір тұрғынның осы бай мұраға деген мақтанышы арта берсін дейміз.
Тараз қаласының, жалпы Жамбыл облысының тарихы тереңде жатқандығы сөзсіз. Өңіріміз қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылық пен репрессия жылдарын басынан өткеріп, сол кезеңде көптеген азаматынан айырылды. Алаш қозғалысы кезінде де аймақтың көрнекті тұлғалары зардап шекті. Бұл уақытта өңірге көптеген жанұя, шамамен 30-ға жуық үй Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген еді. Солардың ішінде Тұрар Рысқұлов секілді көрнекті қайраткердің болғаны ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол елдің білім беру саласына, мектептер салуға үлкен үлес қосты және балаларды оқуға шақыру мәселесін көтерген алғашқы тұлғалардың бірі болды.
Тараздың тоғыз жолдың торабында орналасуы оның экономикалық және мәдени орталық ретінде маңыздылығын арттырғаны белгілі. Орта ғасырларда Хиуа, Самарқан сынды қалалардан көптеген кәсіпкер келіп, сауда-саттықтың дамуына ықпал етті. Сонымен бірге бұл қала жаулаушылардың да көздеген нысанына айналды, ал ол уақыттағы шабуылдар тарихта өз ізін қалдырды.
Соңғы онжылдықтарда да Тараз қаласы мен облыс өмірінде маңызды өзгерістер орын алды. 2013-2018 жылдар аралығында Тараз педагогикалық институтының ректоры ретінде өз қызметімді атқарған кездерім есте. Сол уақыт ішінде «Баласағұн» музейі ашылып, бұл қала мен облыстың тарихын терең зерттеу мен насихаттау мақсатында жұмыс істеді. Музейде қала тарихы бірнеше кезеңге бөлініп, әр дәуірге сай экспозициялар ұсынылды. Мәмбет Қойгелдиев сынды ғалымдар зерттеу жүргізіп, Түркия және басқа елдердің университеттерімен бірлескен жобалар іске асырылды.
Университет тарихында да елеулі оқиғалар болды. 50 жылдық мерейтойды атап өттік, оған қоғам қайраткерлері, соның ішінде Еңбек Ері Аягүл Миразова қатысып, білім ордасының мәртебесін арттырды. Университеттің дамуы 8 мыңнан астам түлектің өмір жолында маңызды орын алды. Қазіргі уақытта бұл институт Тараз университетіне біріктірілсе де тарихы мен жетістіктері ел есінде.
Сонымен қатар мен жергілікті мәслихаттың депутаты ретінде де өңіріміздің дамуына өз үлесімді қосуға тырыстым. Атап айтқанда, «Бірлесу-Еңбек» ауылына мектеп салынуына және басқа да игі істерге мұрындық болдым. Мұның барлығы Жамбыл облысының гүлденуіне бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі деп білемін. Облыстың 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! Жамбыл жері жасарып, жаңара берсін!
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Ұлттық ғылым
академиясының академигі