Еліміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында «KAZ» және «KZ» жаңа индекстері бекітілді
Халықаралық стандарттау ұйымының ISO 3166-2 стандартына сәйкес «KAZ» және «KZ» геокодтары ресми түрде Қазақстан Республикасын белгілейді,деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл кодтар интернет домендерінде, мемлекеттік құжаттарда, есеп беру құжаттарында және нөмірлерде кеңінен қолданылады және ел ішінде, сондай-ақ шетелде де танымал. Осыған байланысты Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары үшін «KAZ» және «KZ» индекстері енгізілді.
«KAZ» индексі бірнеше өңірді қамтитын 23 автомобиль жолына берілген. Мысалы, Астана мен Алматыны қосып, Қарағанды арқылы өтетін жолға KAZ01 индексі, ал «Астана – Көкшетау (айналма жолмен) – Петропавл – РФ шекарасы («Жаңа жол» өткізу пункті)» бағытындағы жолға KAZ02 индексі тағайындалған.
«KZ» индексі бір өңір шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жолға беріледі. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолына KZ04-02 индексі тағайындалған. Мұндағы «04» – өңір нөмірін, ал «02» – облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін білдіреді. Жамбыл облысындағы «Меркі – Шу – Бурылбайтал» жолы KZ08-04 индексімен белгіленген, мұндағы «08» – өңір нөмірі, ал «04» – облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірі.
«E» және «АН» сияқты халықаралық келісімдер бойынша тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз сақталады. Бұл халықаралық көлік жүйесіндегі жүйелілік пен транзиттік қозғалыстың тиімділігін қамтамасыз етеді.
Автомобиль жолдарының тізімі, атаулары және индекстерімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500011402.
Жаңа индекстеу жүйесін әзірлеуді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ жүзеге асырды.
Жаңа индекстерді ескере отырып, жол белгілерін жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде, жолдарды күтіп ұстау аясында біртіндеп жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін қосымша қаражат қажет емес, барлық жұмыстар жолдарды күтімдеу шеңберінде атқарылады.