Жамбыл жаңалықтары

Санитарлық көліктер қатары толықты

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев медициналық мекемелерге 20 жаңа санитарлық көліктің кілтін табыстады.

Жыл басында жергілікті бюджет есебінен 40 санитарлық автокөлік тапсырылған болатын. Бүгінде жергілікті бюджеттен 33 автокөлік сатып алуға қаржы қарастырылған. Соның 20-сы салтанатты түрде медициналық мекемелерге тапсырылды. Қалған 13-і жыл соңына дейін берілетін болады.

Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Облыста бекітілген норматив бойынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі 272 бірлікті құрайды. Облыстың аудандық медициналық ұйымдарында 235 санитарлық автокөлік болса, оның ішіндегі 112-сі тозған. Сондықтан тозығы жеткен автокөліктерді кезең-кезеңімен жаңарту бағытында тиісті шаралар атқарылуда. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА