Түркі әлеміне ортақ тұлға
ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының ішіндегі шоқтығы биік тұлғалардың бірі, Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Тұрар Рысқұловтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Кеше көрнекті мемлекет қайраткерінің мерейтойы қарсаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Ұлық тұлға» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тұрар Рысқұловтың өмірі мен ғылыми ізденістерін, келешек ұрпаққа қалдырған мұрасын жан-жақты зерттеп, жаңа қырынан тануға мол мүмкіндік беретін іс-шарада тарихшылар мен Қырғыз Республикасы, Моңғолиядан келген ғалымдар, сарапшылар бас қосты. Жамбыл жеріне табан тіреген қонақтар алдымен Тұрар Рысқұлов атындағы саябақтағы қайраткердің ескерткішіне гүлшоғын қойып, рухына тағзым етті. Конференция басталмас бұрын ҚР Орталық мемлекеттік архиві университет фойесінде «Тұрар Рысқұлов тұлғасы – архив құжаттарында» атты көрмесін таныстырды. Мұнда Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауылшаруашылық училищесінде және достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары, 1921 жылғы «Ұлт мәселесі жөніндегі» тезистері қойылған.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай кіріспе сөзбен ашып берді.
Облыстың 85 жылдығымен тұспа-тұс келген тағылымы мол іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, «Тұранның жолбарысы» атанған тұлғаның қазақ елі үшін жасаған ерліктері жөнінде баяндады.
Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Аталған құттықтау хатта: «Тұрар Рысқұлов – төл шежіремізге, ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақала мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі «Тұтас Түркістан» идеясымен тығыз байланысты», делінген.
Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден, тұрартанушы, ғалым Мұхтар Қазбек, Қырғыз Республикасы білім беру ісінің үздігі Доолотбек Сапаралиев, ақын, жазушы, Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахметұлы, журналист, тұрартанушы Мейрамхан Жәпек сынды ғалымдар баяндама жасап, маңызды тақырыптарды қозғады.
Түркі әлеміне ортақ тұлғаның мұсылман халқына жасаған қамқорлығы, кісілік келбеті тағы бір қырынан ашылған жиынды модератор Сәбит Шілдебей қорытындылап, орамды ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, қайраткер туып-өскен Әулиеата өңірінде Тұрар Рысқұлов атындағы ғылыми-зерттеу институты ашылса, әлеуметтік желілерде қазақ үшін орны бөлек тұлғаларды қаралайтын жалған ақпараттарға заң тұрғысынан тосқауыл қойылса және республикалық «Turar.kz» сайтын ашып, жұмысын жандандырсақ деген ойларымен бөлісті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ