Мәдениет

Жайна, жақұт мекенім!

Тұла бойы тұнып тұрған тағылым,

Қайсарлықпен танытатын қарымын,
Алыптардың мекенісің, туған жер,
Сенде өсіп, өр рухыңды таныдым.

Сенде өсіп, өр рухыңды таныдым,
Түйсіндім мен тектіліктің тәлімін.
Бағзы дәуір бедерінен басталған,
Тізбектедің тарихымның тамырын.

Ұлылықтың ұлағатын ұқтырып,
Мойындату шын мәнінде мықтылық.
Тараз даңқы өшпесін деп өмірде,
Талай тұлға қызмет етті тік тұрып.

Қасиетті Әулиеата – киелім,
Жауһарыңды жан-тәніммен сүйемін. 
Берекенің ордасына айналған,
Байтақ мекен, басымды мен иемін!

Өрге сүйреп, кемелділік кемесін,
Өркениет биігіне келесің.
Сексен бестің сеңгіріне шықтың сен,
Құтты болсын бағындырған белесің!

Өзіңменен өрнектелген тағдырым,
Әркез бірге қарсы аламын таң нұрын.
Желбіретіп жасампаздық жалауын,
Жайна берші, менің жақұт Жамбылым!

Сағат ТОҚАНОВ,

Тараз қаласы