«Жайлы мектеп» жарқын жетістікке жол ашады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, білім саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ата-аналар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, интерактивті панель сыйлады.
Мұнан соң облыс әкімі бастаған топ жаңа да жайлы мектептің ішін аралап көрді. Білім ордасында білім алушылар мен педагогтарға барлық жағдай жасалған. Бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен, әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 256 орындық мәжіліс залы, 59 оқу кабинеті, 344 орындық асхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 2 лингафон кабинеті, STEM, графика және жобалау кабинеттері, 10 коворкинг орталығы, робототехника зертханасы, 4 шеберхана, кітапхана мен оқу залы, 2 компьютер кабинеті орналасқан.
Жаңа мектептің педагогикалық құрамы да ерекше тәртіппен жасақталған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес №64 мектептен үш педагог ауысу тәртібімен қабылданса, ал конкурстық негізде тағы 28 мұғалім жұмысқа қабылданыпты.
Ал мектептің құрылысын «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамының үйлестіруімен «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба құны 6 миллиард 57 миллион теңгені құрайды.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс орталығында 4 мектептің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде №66 және №67 мектептер пайдалануға берілсе, қазіргі таңда «Шөлдала» алқабында 600 орындық, «Ұлы дала» ықшамауданында 2 000 орындық мектептердің құрылысы жалғасуда.
Ата-аналар да жаңа мектептің заманауи мүмкіндіктеріне, балаларға жасалған жағдайларға ризашылықтарын жеткізді.
Айжан ӨЗБЕКОВА