Жаңалықтар

Жамбыл облысында үшінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді

Тараз қаласы «Ұлы дала» (15) шағынауданында №67 мектеп балалар игілігіне берілді,деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл білім беру нысанының құрылысы Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Мектептің сыйымдылығы 1 200 оқушыға арналған.

Жаңа білім ошағының салтанатты ашылуында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, балалардың сапалы білім алуына және тәрбие алуына қолайлы жағдай жасаудың басты міндет екенін атап өтті. Ол білімнің шамшырақ ретінде ғылым мен ілімнің бастауы екенін, болашақты ойлаған әрбір мемлекеттің білім беру ісіне үлкен мән беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгіде жабдықталған тағы бір мектеп балаларды қабылдауға дайын. Бұған дейін Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында және Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданында осындай білім беру нысандары пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімі оқу ордасынан болашақта білімді және дамыған азаматтардың шығатынына сенім білдірді.

Әлеуметтік нысанның салынуына, құрылыстың сапалы жүргізілуіне ерекше үлес қосқан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Integra Construction KZ» ЖШС-не алғыс білдірді.

Жайлы мектеп заманауи технологиялармен жабдықталған және оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Ғимаратта 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон кабинеті, 2 компьютер кабинеті, 3 зертхана және 3 шеберхана бар. Сонымен қатар, 10 коворкинг-орталық ұйымдастырылған.

Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 жаңа мектеп салу жоспарланған. Бұл бастама оқушы орнының тапшылығын жоюға, үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Облыста ағымдағы жылы құрылысы басталған 36 білім беру нысанынан 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ал келер жылы 26 жаңа білім ошағының құрылысы басталмақ.