Аймэри жүн-жұрқаны әжетке жаратуды көздейді
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аймэри Дүйсенбек бірде Мойынқұм ауданына барғанда сексеуілдерге оратылып, жол жиектерінде шашылып жатқан жүн-жұрқаны байқайды. Сол сапардан кейін қаршадай қыз жүн-жұрқаны қоқысқа айналдырмай, әжетке жаратуды ойлайды.
Осылайша республикалық ғылыми жобалар байқауында Аймэридің «Мойынқұм құмдарының органикалық қалдықтармен ластануы және оларды жою жолдары» тақырыбындағы жобасы үшінші орынға ие болған екен.
Оқушы жүннің табиғи қасиеттерін зерттей отырып, оның құрылыс материалдарында қолданылуының экологиялық және экономикалық артықшылықтарын дәлелдеуге тырысады. Жүннің табиғи талшықтары құрылыс материалдарына беріктік пен жылу сақтау қасиеттерін қосады. Бұл әсіресе Мойынқұм сияқты ыстық климатты аймақтар үшін өте маңызды екені анық.
Аймэри өз ғылыми жобасында жүнді құмды алқаптың топырағынан жасалған кірпіштерге қосып, сол арқылы олардың беріктігін арттыруды көздейді. Мұндай тәсілді қолдану барысында үйлерді жылы ұстау мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ жүнді тек құрылыс материалдарында ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпте, әсіресе сувенирлер мен панно жасау саласында қолдану идеясы да бар.
Бұл тәсіл жергілікті тұрғындарға экологиялық таза өнімдер жасап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жүннен жасалған бұйымдар табиғатқа зиян тигізбей, құмды алқаптағы органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдісін ұсынады.
Жоба инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы экологиялық мәселелерді шешуді де көздейді. Органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін қолдану, атап айтқанда, жүнді пайдалану табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті арттыруға септігін тигізеді. Бұл жоба экологиялық таза өнімдер шығарып, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ