Кәсіп

Қидан-ақ көл-көсір табыс табуда

«Баладан қайыр болмаса, баланы неге сұрайды» демекші, балаңның күйіндіргені емес, әр бастамасына сүйсіндіргеніне не жетсін? Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Журналистика» факультетінің студенті Жалғас Өмірзақов бала күнінен «кәсіп түбі – нәсіп» екенін түсініп, ерекше бір іс бастауды армандайды. Бұл ретте Жалғас ата-анасының қаражатына телмірмей, керісінше қолұшын беріп, ертерек табыс табуды мақсат тұтады.

«Іздегенге – сұраған» дегендей, ебін таппай жүрген ісінің нобайын әлеуметтік желіден кезіктіреді. Сөйтіп, құрамында арамшөп жоқ әмбебап тыңайтқыш өндіруді қолға алады.

Басында көп нәрсе түсінбегендіктен Жалғастың асыраған шылаушындары жан-жаққа беталды қаша бастапты. Еңбектің жемісі мың тамшы терден тұратыны сияқты шылаушын асырау барысында Жалғас та түрлі қиындыққа тап болады. Әр істі бастарда бірде әлеуметтік желіге жүгінсе, енді бірде шылаушын асырайтын таныстарынан мән-жайды сұрастыра бастайды. Кездескен түрлі қиындықтарға қарамай, қалайда жетістікке жетуге талпынады.

Қазіргі таңда Жалғас бір келі тыңайтқышты 70 теңгеге саудалауда. Ал егіс алқабына тыңайтқыш алатындар бір қабын 6 000 теңгеге алып кетеді екен. Малдың қиын пайдаға жаратып, табыс тауып отырған жігіттен барлығы кеңес сұрап, шылаушын асырауға көңіл білдіргенімен көп адамның бірден іске кірісіп кетуге жүрегі дауалай қоймапты. Ал студент жігіттің тасы өрге домалап, қидан табыс тауып отыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ