Жылдамдықтың өзімен жарысқан Аймер
Аймер Қошмамбетов Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Өнертапқыш өрен 2-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ дарынды бала екенін байқатып, өз қатарластарынан оқ бойы озық ойланып, ерекше қабілетті екенін танытқан.
Республикалық және халықаралық деңгейдегі робототехника жарыстарына қатысып, көптеген марапатқа ие болған жобалардың авторы жуырда «Samsung Solve for Tomorrow» байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Байқау мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған үздік әлеуметтік жобаларды анықтайды. Сол сайыста Аймер Қошмамбетовтің жобасы байқаудың финалына өтіп, жүлделі орыннан көрінгені ұстаздары мен ата-анасы үшін зор мақтаныш.
Негізі «ата-анасының жасы ұлғайғанда дүние есігін ашқан балалар алғыр әрі зерек болады» дегенді естуім бар. Бір күні жұбайым аяғының ауыр екенін айтты. Ол кезде жасым 47-де еді. Құрсақтағы баланың ұл екенін естігенде тіпті қуанышымызда шек болмады. «Ұзақ жыл күткен ұлымызға қандай ат қоямыз?» деп ұзақ ойланғанымыз тағы бар.
Алдыңғы үш қызымыздың, яғни Аймердің әпкелерінің есімі – Айнұр, Меруерт, Әсел. Біз баламыздың есімін қоятын кезде Әселдің бастапқы «ә» деген әрпін алып, Айнұрдың «айы» мен Меруерттің «мер» деген жалғауларын қосып, «Аймер» деген ерекше есімді таңдадық. Сөйтіп, ұлымызға осындай жаңаша атау бердік. Расында, балам өзінің дарынды болып дүниеге келгенін бірден байқатты.
Аймер ойлы және зерек бала болып өсті. Ең алғашқы жасаған жұмысы өртсөндіруші робот болатын. Одан кейін судан қоқыс тазалайтын, ауаны ластанудан сақтайтын роботтар жасады. Ұлымның әр еңбегі – мен үшін үлкен жетістік. Баламды қашанда қолдап, қолға алған әр ісіне назар аударып, үміт артамын. Аймердің Қазақстанның болашағы ойландырып, өз ұлтының ертеңі үшін тер төгіп, еңбек еткісі келетіні қатты қуантады. Болашақта ұлымның бар арман мақсатының орындалуы үшін әке ретінде демеп, қолдап жүруге әрқашан дайын екенімді айтқым келеді, – дейді әкесі Асан Қошмамбетов.
Биыл тамыз айында Аймер өзінің командасымен бірге «FIRST Global Challenge Central Asia 2024» байқауына қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізді. Ал былтыр жазда өнертапқыш өрендерден жасақталған команда «Samsung innovation cfmpus hackathon ctntrai Asia» халықаралық жарысында компьютерді меңгеруге арналған оқу ойынын ұсынды. Бұл ойында ең басты рөлді Аймер жасаған робот іске асырады. Жарыста команда екінші орынды иеленіп, 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық жеңіп алыпты.
Ал 2024 жылдың сәуір айында кейіпкеріміз командасымен халықаралық «Shoqan Ecology» сайысына қатысып, автоматты түрде қалдықтарды сұрыптайтын робот құрастырды.
Аймер 15 жасында студенттер мен жоғары сынып оқушылары арасында өтетін сайысқа қатысқысы келеді. Бірақ жасы жетпеген. Бір қуанарлығы, оның болашағынан үміт күткен ұйымдастырушылар өтінішін жерге тастамай, аталмыш сайысқа қатысуға мүмкіндік беріпті.
Іске сәт, жас өнертапқыш! Қазақ елінің болашағының жарқын болуы өздеріңдей ойлы ұрпақтың ізденісіне тікелей байланысты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ