Мәдениет

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған жиын өтті. Іс-шараға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жайдарбек Құттыбаев, Ғазиз Байтасовпен бірге қызмет атқарған әріптесі Тұрар Тоқсанбаев, ішкі істер органдарының ардагері Тілеубек Рахимов, Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Қуантаев қатысты.

Жиын алдымен мектеп ауласындағы «Ерлікке тағзым» ескерткішіне гүлшоғын қоюдан басталды. Мұнан соң қонақтар батырды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан кейін «Ерлік білекте емес, жүректе» тақырыбында ерлік сабағы өткізіліп, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың өмір жолы, қызметі, ерлігі туралы естеліктер айтылды.

Айта кетейік, Ғазиз Байтасов 2011 жылы Тараз қаласында қауіпті террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Халық өміріне қауіп төндіріп, лаңкестік іс-әрекет жасаған террористің жолын бөгеу мақсатында бірнеше тәртіп сақшысы тосқауыл болғанымен қолға түсіру мүмкін болмады. Сол күні кезекшілікте жүрген полиция капитаны оқиға орнына жедел жетіп, халыққа оқ жаудырған лаңкеспен бетпе-бет келіп, айқаса кетеді. Лаңкес қол гранатасын жаруға әрекет еткен кезде Ғазиз Байтасов халықты қауіптен аман алып қалу үшін қылмыскерді жерге құлатып, өз денесімен жабады.

Елі үшін бойындағы бар күш-жігерін, қажыр қайратын жұмсап, бүкіл болмысын ұлтына арнаған ержүрек азаматтың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатындығы сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ