Өрнектік ардагерлердің өнегелі істері
Жас ұрпақ тәрбиесінде аға ұрпақтың орны бөлек. Атам заманнан солай болған. Қашанда жастар әрбір істі үлкендердің ақыл-кеңестерімен жүзеге асырған. Одан ешқандай ұтылған емес, керісінше, істері нәтижелі болып, табысқа кенелетін әрі ата мен бала арасындағы одақ нығая түсетін.
Өрнек ауылында өткен «Ақсақалын тыңдаған ел адаспайды» атты семинар-кеңес, аты айтып тұрғандай, үлкенді сыйлаудың, ақыл-кеңестерін тыңдаудың үлгілі үрдісін ұсынды.
Аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Т.Әбдібеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов, аудандық ардагерлер және билер кеңестерінің төрағалары Б.Сырлыбаев пен Б.Саршаев, аудандағы барлық ауылдық округтер жанындағы бастауыш ардагерлер кеңестері мен билер кеңестерінің төрағалары, ауыл ақсақалдары мен қадірменді қариялар қатысқан бұл басқосу тәрбиелік мәні жоғары іс-шара болды.
Іс-шара тізгінін ұстаған Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаев басқосудың беташар сөзін аудан ардагерлерінің жетекшісі Бақыт Сырлыбаевқа берген. Ол өңірде аға буын өкілдерінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасай келе, Өрнекте өткізіліп жатқан өнегелі іс-шараны жоғары бағалады.
Алқалы жиын алдында баяндама жасаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Л.Амалов өзі жетекшілік ететін ұйым мүшелерінің ауызбіршілігінен бастады әңгімені. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ата-баба қағидасын ұстанған ауылда ақсақалдардың бастамасымен және солардың ақыл-кеңестерімен, көпшіліктің қолдауымен игілікті көптеген іс жүзеге асырылған екен. Лесбек Сәрсенбекұлы ол істерді саусақпен санап, атап атап көрсетті.
Ауылдық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің жұмысы жайында баяндаған осы қоғамдық ұйымның жетекшісі Қ.Қосаров ел тыныштығын сақтаудың маңыздылығына мән бере сөйлеген. Онысы орынды, ел іші тыныш болса, еңсерілмейтін тірлік, алынбайтын асу жоқ.
Қаржаубай Әбдірұлы полициясы, прокуроры, соты жоқ бағзы замандарда бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтауда ақылгөйліктің аса жоғары үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дала данышпандары дана билердің әділ төреліктерін мысалға келтіре отырып, өздерінің негізгі ұстанымы тату-тәтті тірлікке тұтқа болу екенін атап көрсетті.
Тіршіліктің тірегі, адамзат өмірінің сарқылмас бастау бұлағы әйел-аналардың қоғамдағы рөлі туралы тебірене сөз сөйлеген аналар алқасының төрайымы Фатима Алтынбекова әріге бармай-ақ осы ауылдан шыққан еңбеккер, қайраткер әйелдер мен алтын құрсақты аналардың үлкен тобын мысалға келтіре отырып, олардың ұрпақ өрбіту мен бала тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Ол ұрпақ сабақтастығындағы өзіндік орны бар, осы жолда шешуші рөл атқаратын ардагерлер ұйымының қоғам дамуындағы үлесіне үлкен ризашылығын білдірді.
Тәрбиелік мәні жоғары талай әңгімелер айтылған басқосуда сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов жиынның негізгі мақсатына мән беріп, осы басқосуды ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді. Іс-шара сондай лайықты баға беруге тұрарлықтай еді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев алқалы топтың алдында ауылда ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға зор үлес қосып жүрген, көптеген бағалы бастаманың ұйытқысы болған қоғам белсенділері Балтабай Ахметов пен Фатима Алтынбекованы «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттап, иықтарына көгілдір лента ілді. Сондай-ақ бір топ ардагерді облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапаттады.
Басқосуда сөз сөйлеген ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Балтабай Ахметов, кезінде осы ауылда тәртіп сақшысы қызметін атқарған азамат, республикада оза шауып, бәйге алған батагөй қария Орынбай Рысбаев, осы ауылдың түлегі, өндіріс ардагері Ермек Мырзалиев жастар тәрбиесі ғана емес, қоғам дамуына да игі ықпалы бар «Ақсақалын тыңдаған ел адаспайды» атты семинар-кеңестің жұмысына жақсы баға берді.
Басқосудың ресми бөлігінен кейін ауыл мешітіне кіріп, аруақтарға бағышталған Құранға қол жайған қонақтар өрнектіктердің дарқан пейілмен жайған дастарқанынан дәм татып, ризашылықпен қайтты.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
ардагер журналист,
Жамбыл ауданы