Әулие Қарахан туралы тың шежіре табылды
Тарихымыздың ғасырлар бойы дамуындағы ерекше орын алатын ортағасырлық мемлекет – Қарахан империясы. Х-ХІІ ғасырлардағы Қарахандар дәуірі – еліміздегі ең гүлденген кезең болып саналады.
Себебі осы уақытта мәдениет пен өркениеттің, білім мен ғылымның, өнер мен ағартушылықтың өркендеуі өзінің аса биік дәрежесіне жетіп, түркі халықтарының «алтын ғасырына» айналды. Осындай ұлы қағанат 942 жылы Сатұқ Боғра ханның өзінің немере ағасын тақтан тайдырып, өзін қаған жариялауымен өмірге келгені ақиқат. Сатұқ Боғра ханның атасы атақты Қарлұқ билеушісі Құл Білге Қадырхан болған. Ең алғаш ислам діні осы атасының тұсында Түркі халықтарына кең насихаттала бастады. Ал ислам дінін мемлекеттік дін ретінде бекіткен тұлға – Сатұқ Боғра ханның ұлы Мұса хан болатын. Ол 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады. Міне, Қарахан дәуірінің кемелденген кезі осы уақыттан бастау алып, 200 жылға созылған өркениетті қалыптастырды. Аталған дәуірде өмір сүріп, Қарахан мемлекетін билеген ақсүйектердің бірі болған, Тараз қаласының рухани дамуына үлес қосқан тұлға – Әулиеата Қарахан баба саналады. Бұл кісінің мазары Тараз қаласының қақ ортасында менмұндалап тұр. Иә, атағы асқар таудай асқақтаған тарихи тұлғаның кім екені ғылым әлемінде әлі шешімін тапқан жоқ. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл мазарда Шах Махмұд Боғра хан жатыр деген қағида бар. Шынында да аталған қабірханада кім жатыр? Ал қолымыздағы Қарахан шежіресіне қарасақ, Таразда бірнеше Қарахан ақсүйектерінің жатқанын көреміз және барлығы да хан болған тұлғалар.
Біз ендігі кезекте осы тұлғаны және Таразда жерленген басқа да қарахандықтарды анықтау үшін жаңадан табылған және аударылған Қарахан бабаның тың шежіресі мен Қарахандар тарихын зерттеген ғалымдардың деректеріне сүйене отырып, Тараз қаласында қаншама қарахандық ақсүйектер жатқаны туралы ой тұжырымымызды жасайтын боламыз.
Қазіргі қолымыздағы тың шежіре 1895 жылы Ташкентте шығыстанушы Василий Владимирович Бартольд пен Ташкент ерлер гимназиясының директоры Николай Петрович Остроумовтың күш салуымен құрылған «Протоколы заседаний сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологии» (Авторы предисловия и составители М.Елеуов, М.М.Бахтыбаев. – Туркестан: «Туран», 2011 г.) атты үйірменің мүшелері жинаған жинақтың 172-174 беттерінен алынып, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлының тікелей басшылығымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбайдың Қарахан шежіресі туралы араб әрпінде жазылған қолжазбаны кирилл әрпіне түсіріп, аударып берген еңбегі еді. Бұл шежірені алғаш В.П.Панков парсыша нұсқасын осы үйірме жинағына салған болатын. Содан бері 130 жыл өтсе де нақты аудармасы болмаған ататекті жақында ғана аудартып алдық. Әрине, бұл жазбада көнелігіне қарай кейбір сөздер мен сөйлемдер жазылмай немесе қате басылуына қарамастан біз үшін мұның құндылығы өте жоғары болмақ. Өйткені аталған ататек аудармасында Талас бойында жатқан бірнеше қарахандық ақсүйектің бар екені жазылады. Бұл біздің ғылыми ізденістеріміз үшін өте тың әрі құнды дүние болары ақиқат. Жалпы қарахандықтардың өз шежіресін араб халифатының төртінші халифы Хазіреті Әлиден тарататындығы белгілі. Бұл шежіре де сөз басын солай бастайды. Сонымен, қолымыздағы шежіренің таралуын жаза отырып, ойымызды әрі қарай жалғастырсақ.
Шежіре бойынша:
«Хазіреті Әлидің ұлы Мұхамедханафия Қайсар Румының қызынан туған. Оның ұлы Әбдіфаттах, одан Әбдіжаппар, одан Әбдіқаһар, оның екі ұлы болды: Әбдірахман, Әбдірахим. Әбдірахманның екі ұлы бар еді: бірі Әбдіжалил, бірі Ысқақ. Әбдірахман өлген соң атасы орнына Ысқақ патша болды.... Шах Әбдіжалил Қожанд барды. Шах Әбдірахим Фаркент, Фарқе... барды. Шах Ысқақ Сайрам барды. Әбдірахим Қашқар, Ақсу, Жаркент барып, ол шаһарларды алды. Отыз жыл ғазат етті. Қашқарлықтар Әбдірахим шахты «Сұлтан Сатұқ Боғра хан» деп лақап ат қойды. Қабірі Қараспанда тұр. Шах Ысқақ қабірі Таласта тұр. Арабта оны «Баб ата» дер».
Енді осы шежіреге қарайтын болсақ, біздің Таразда Ысқақ шахтың қабірі тұр дегенді айтады. Ал қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында Ысқақ бабтың қабірі тұрғанын білеміз. Сонда Таласта жатқан қай қарахандық баба болды екен? Әлде екі Ысқақ шах болғаны ма?
Әрі қарай: «Әбдірахим (Сатұқ Боғра хан) ұлы Хасен, лақабы «Қылыш Арслан хан». Қозы Балықта өмірі өтті. Шах Хасеннің ұлы Әбділғазиз, лақабы «Әрбозы Қара хан». Қабірі Сары Балықта, «Тоқмақ ата» деп атайды. Әбділғазиз ұлы Шах Мұхамед, лақабы «Әулие Қара хан». Қабірі Таласта тұр. Он бес жыл шілге отырды, қырық жыл ғазат етті. Тоқсан бес жаста опат болды. Ол жайды ырғу тілінде «Тараз» дейді»...
Бұл біздің қазіргі Тараз қаласындағы Әулие Қарахан бабаны айтып отыр. Орыстың шығыстанушы ғалымы В.В.Бартольд мұны Шах Махмуд деп атайды. Шежіреде Шах Мұхамед деп аталады. Жалпы қарахандықтар билігінде Таразды билеген Шах Махмуд та, Шах Мұхамед те бар. Яғни осы екеуінің қайсысы әулие аталғанын анықтауды қажет етіп тұр. Қасиетті мекен, киелі ата саналып жүрген Тектұрмас кесенесі де осы аталып жатқан тұлғалардың біріне тиесілі екеніне күмәнім жоқ. Бірақ аңыз бойынша, Тектұрмастың есімі – Сұлтан Махмұд хан. Ал Сұлтан Мұхамед, Сұлтан Махмұд деген есімдердің Қарахан шежіресі ішінде өріп жүргенін ескерсек, олардың қайсысы болды екен деп тағы ойға қаламыз.
Сонымен қатар осы жерде шежіредегі «Бұл жайды ырғу тілінде Тараз дейді» деген дерек қызығушылық тудырды. Махмұт Қашқари өзінің «Түркі сөздігі» (Алматы, «Сөздік-Словарь», 2006 ж.157-бет) еңбегінде: «Арғу – екі таудың арасы. Тараз бен Баласағұн арасындағы шаһарларды «Арғу» дейді. Өйткені ол жерлер екі тау арасында жатыр» деп келтіреді. Яғни Қарахан шежіресін жазып отырған адам да «Арғу тілі» дегенді білген және Қашқаридың ойын нақты дәлелдеп тұр. Қашқари кейде «Арғу тайпаларының тілі» деп те жазады. Мұндағы арғу тайпалары кімдер екенін зерделеуді болашақтың еншісіне қалдырайық. Осы шежіредегі тағы мән беретін нәрсе, Әулие Қараханның әкесі Әбдіғазиз атауына қатысты. Ғазиз деген сөзді біздер арабтан келген әзиз сөзімен баламалап жүрміз. Ал енді Қашқаридың сөздігіне қарасақ, ол түркінің ежелгі сөзі. Түркі сөздігінде (84-бет): «Әзіз – биік жер, тау тұлғасында жоғары» деген мағына береді деген түркінің сөзі деп келтіреді. Сонда біздің «Әзиз» деп жүргеніміз – көне түркіше «тау тұлғалы биік жан, бәрінен жоғары, атақты, абыройлы» деген мәнге келеді. Қазақтағы «Әз Жәнібек, Әз Тәуке» аталып жүрген тұлғаларға қосарланып айтылатын сөздің төркіні көне түркіде жатқаны айқын деуімізге болады. Бұл да бір ойланарлық дүние.
Тағы да шежірені жалғастырайық: «Шах Мұхамед (Әулие Қара хан) ұлы Әбдіфаттах, он бес жыл Сары Балықта патшалық етті. Отыз бес жыл Сайрамда шаһилық етті. Лақабы «Мансұр Хамид ата». Қабірі Сайрамда. Оның ұлы Әбдіманан, Сайрамда отыз жыл шаһилық етті. Жиырма бес жыл шілге отырды. Лақабы «Машһад ата». Оның ұлы Әбдірахман, отыз жыл Сайрамда шаһилық қылды, онан соң Отырар барды. Лақабы «Қылыш Арслан хан». Қабірі Отырарда. Оның ұлы Ғабдолла, лақабы «Арслан хан», елу жыл шах болды. 70 жыл өмірі болды. Таласта «Ғайып ата» деп атайды».
Әулие Қараханның бесінші ұрпағы Арслан хан лақабымен белгілі тұлға, ел қойған аты Ғайып ата деп аталатын қасиетті жанның қабірі де Таласта жатыр екен. Егер әрбір атаның арасын 25 жыл деп есептесек, онда 125 жыл шығады. Шах Махмұд хан 1060-1070 жылдары өмір сүргенін ескерсек, онда Арслан хан 1180-1190 жылдары патша болған тұлға болып шығады. Тараздағы қарахандықтар туралы аңыздардың ішінде бұрын-соңды «Ғабдолла», «Ғайып ата», «Арслан хан» деген атаулар айтылған емес. Мұның қабірі қайда жатыр екен? Бұл да үлкен зерттеуді қажет ететін дүние болып тұр.
Осы шежіренің соңғы тарауында «Білге хан» лақабына ие болған хандардың шежіресін де қысқаша жазып өтеді. Енді соны таратып көрейік, оның да ішінен іздегеніміз табылып қалар.
«Шах Мұхаммед (Әулие Қарахан) – 283 тарихта опат болды. Оның ұлы Әбдіфаттах (Мансұр хан), оның ұлы Әбдіманан (Жағыртегін хан), оның ұлы Әбдірахмен (Қылыш Арслан Қара хан), оның ұлы Ахмет хан, оның ұлы Ақ Арслан хан, оның ұлы Мұхамед хан, лақабы «Білге хан». Оны Сұлтан Қыз хан шаһид етті». Бұл жоғарыда айтып өткен «Ғабдолла, Арслан хан, Ғайып ата» ныспылы ханның бауыры Ахмет ханның ұрпағы Білге хан лақабын алған тұлға.
Осы тың шежірені Әулие Қараханның жиырма екінші ұрпағы болып табылатын Әбдіғазиз былай аяқтайды: «Әбдіғазиз Ізқожа мәзкүр Кәттеқожа ұлы ұшбу насапнаманы парсы лебізінде назым етіп, қысқаша аяқтады».
Осы шежіредегі ең соңғы Мұхаммед Білге хан Тараз қаласын билеген соңғы қарахандық болып табылады. Бұл Мұхамед Білге ханның да қабірі Таразда жатыр. Бірақ қайда жатқаны белгісіз. Марқұм журналист зерттеуші Б.Әбілдаұлы өзінің 2002 жылғы 13 маусымдағы «Ақ жол» газетіндегі «Қарахан мемлекетіне 2800 жыл» атты мақаласында: «Ең соңғы Таразды билеген қарахан Мұхаммед атақты Айша бибінің жұбайы болғандығын басқа деректер арқылы дәлелдеуге болады. Қазақстан сәулетшілері атақты архитектор Н.Бәсеновтың бастауымен Айша бибі күмбезін зерттегенде осы кесенені салғызған Мұхаммед деген жазуды тапқан» деген дерек келтіреді. Сол мақалада жазылған тараздық соңғы Мұхамед хан осы болса керек. Жоғарыда айтып өткен Таласта жатқан тұлғалардың қатарына тағы бір тұлға қосылды. Біздің бұл жерде айтпақ ойымыз, осы соңғы тараздық Қарахан ұрпағы Мұхамед – Сұлтан Махмұд хан болуы да ғажап емес. Яғни Тектұрмас кесенесінде жатқан тарихи тұлға осы кісі болса керек. Тіптен Дәуітбекті де соңғы қарахандық деп есептеуге болады. Мысалы, тарихшы, ғалым Дархан Қыдырәлі 2017 жылы Дәуітбек кесенесіндегі жазуды қайта оқыттырып, оның Бартольдтар жіберген қатесін шығарып берді және оны өзінің «Қарахан мемлекеті және оның билеушілері» атты мақаласында жариялады. Сол аудармада: «Құтлығ-Тонга Ұлығ-Білге Иликхан / Иқбалхан Дадбек Исфехсалар б. Ілияс ... Ұғыл бек әш-Шәһид Дадбек әт-Таразидікі. «Біліңдер! Расында, Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Құран Кәрім, 10:62). Ол 660 жылы жұмадүл улә жұмасының кешінде (1262 жыл, 31 наурыз) қайтыс болды» деген сөйлем шыққан. Осыны ескере отырып Дархан Қыдырәлі сол мақаласында: «Полат қожа Маменов қолжазбасында» бұл шежіренің қысқа нұсқасы «Оның ұлы Ісмайыл, оның ұлы Ілияс хан, оның ұлы Ахмед хан, оның ұлы Санжар хан, оның ұлы Хасан хан, оның ұлы Мұхаммед хан, лақап аты Білге хан еді, оның ұлы Дадбек хан, оның ұлы Әбді әл-Халық хан» түрінде келіп, «Абдулла Юлдашев қолжазбасындағы» мәліметтермен ішінара сәйкес болуы ескерерлік жайт. Осылайша Таразда жерленген аталмыш Қарахан билеушісі Дадбек Исфехсалар бин Ілиястың екі-үш буын бұрынғы атасы 1217 жылы Хорезмшах өлтірген Отырардағы соңғы Қарахан билеушісі Мұхаммед Білге ханға баратыны туралы болжам жасауға болады. Аты аталған Отырар билеушісінің ұлы Дадбек хан бин Мұхаммед Білге ханмен «Дәуітбек» кесенесінде жатқан Дадбек Исфехсалар бин Ілиястың атасы (немесе әкесі) Ұғыл бек әш-Шәһид Дад бек әл-Тарази екеуі бір адам болуы әбден мүмкін. Бұл адамды да әкесі сияқты 1220 жылдары бір деректерде Хорезмшахтар өлтіріп, оның «әш-Шәһид» деген лақап аты соған куәлік етсе керек» деп нақтылай түседі.
Расында да Тараздағы Дәуітбектің Мұхамед ханның баласы ма, немересі ме деген болжам шындыққа жанасады. Бірақ Мұхамед Білге ханның екеу болғанын аңғарамыз: бірі Отырарда, бірі Таразда. Не де болса Дәуітбек Тараздағы Мұхамед ханның баласы екені анық. Олай болса, Дәуітбек те Әулие Қараханның сегізінші ұрпағы болып шығады. Сонда Дәуітбектің шежіресі былай таралады: «Әбдірахим (Сатұқ Боғра хан), оның ұлы Хасен, лақабы «Қылыш Арслан хан», оның ұлы Әбділғазиз, лақабы «Әрбозы Қара хан», «Тоқмақ ата», оның ұлы Шах Мұхамед, лақабы «Әулие Қара хан», оның ұлы Әбдіфаттах (Мансұр хан), оның ұлы Әбдіманан (Жағыртегін хан), оның ұлы Әбдірахмен (Қылыш Арслан Қара хан), оның ұлы Ахмет хан, оның ұлы Ақ Арслан хан, оның ұлы Мұхамед хан, лақабы «Білге хан», оның ұлы Ілияс хан, оның ұлы Дәуітбек. Тараздағы Дәуітбектің атасы Мұхамед хан шамамен 1212 жылдары өмірден өткен тұлға. Ал Дәуітбек 1262 жылы өмірден өткен.
Енді осы Дәуітбектің тоғызыншы атасы Әулие Қарахан туралы қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұланның сөзіне мән берейік. Ол кісі өзінің «Ежелгі жыр аңыздар» (Ә.Х.Марғұлан шығармалары. 1-том. Алматы, «Алатау» баспасы, 2007 ж.) атты еңбегінде: «Манас – Тараздағы Әулие Қараханның інісі болып келеді. Ибн әл-Асирдің жазуынша, Жақып (Манастың әкесі) – Талас қаласында орда құрған Шах Махмуд Әулие Қараханның інісі. Х ғасырдың соңында Атбасында әкімшілік құрып, сол аймақты билеген кісі» дейді. «Манас» жырында да Манасты өмірден өткен соң Талас қаласына апарып жерледі деген мәтін бар. Яғни Марғұлан мен тарихи деректерге сенсек, онда Манас та Тараз қаласында жатыр деген сөз. Өйткені ол заманда Талас аталатын қала біреу-ақ болған, ол – қазіргі Тараз қаласы еді. Шынында да қырғыз халқының атақты эпосындағы Манас батыр да өзін қырғыз емес, түп атасын Қараханға сілтейтіні рас. Қырғыз халқының батырлық дастаны «Манас» эпосының 1-томында:
«Түп атасы Түмен хан,
Түмен ханнан Баюн хан.
Баюн ханнан Шаян хан,
Шаян ханнан Қарахан.
Қараханнан Жақыпхан,
Жақыптың ұлы жас Манас,
Жалпы жұртқа бас Манас», – деп, «Манас» жырында да Манастың түбі Қарахан екенін толғана жырлайды. Бұл шежіреге қарасақ, Әулие Қараханның аталары осылай таратылады. Ортағасырлық тарихшы Ибн ал-Асир бойынша: «Сатұқ Боғра хан, одан – Сулейман хан, одан – Хасан Боғра хан Харун, одан – Жүсіп Қадірхан, одан Махмуд Боғра хан» болып таратылады. Осындағы Жүсіп хан – Манастың әкесі Жақыптың туған ағасы. Әлкей Марғұланның Манасты Әулие Қараханның інісі болып келеді деп отырғаны осы еді.
Ал ортағасырлық қожалардың «Насабнама» атты шежірелік қолжазбасындағы қарахандықтардың ататек шежіресін таратайық: «Абд ал-Маннан – Хашим – Абд ал-Мутталиб – Абу Талибтен – Хазіреті Али – Мұхаммед Ханафиа – Шах абд ал-Фаттах – Шах Абд ал-Каххар – Шах Абд ар-Рахим баб (Султан Сатук Бугра Кара хан) – Қылыш Қара хан – Эрбуз Қара хан – Әулие Қарахан» болып таратылады. Енді осы жерде Ахмет Ясауидың інісі Саиф ад-Дин Орын Қойлақидың «Насабнама» шежіресіне көз жүгіртейік. Бұл насабнамада Шах Махмудтың шежіресі былай таратылады: «Абд ар-Рахим баб (Сұлтан Сатұқ Боғра Кара хан) – Қылыш Қара хан – Эрбуз Қара хан – Әулие Қарахан – Мансұр Қара хан – Шағыр би Қарахан – Жамал Қарахан – Джихад Қарахан – Санжар Қарахан – Сұлтан хан – Ғадай Қарахан – Абд ал-Халик хан – Мұхаммед Шейх – Шах Хасан Шейх – Абд ал-Азиз – Шах Махмұд (лақабы Әулие Карахан)».
Бұл шежіреге қарасақ, Тараздағы әулие Шах Махмұд Қарахан – Сатұқ Боғра ханның 15-ұрпағы болып тұр, сонымен қатар екі тараздық Әулие Қарахан болғанын байқаймыз. Егер екінші Әулие Шах Махмұд Қараханның өмір сүрген уақытын алатын болсақ, онда 1300 жылдардан асып жығылады. Ал насабнама шежірелерінің ішінде ең айқыны Ахмет Ясауидың інісінің шежіресі екені анық. Сонда біздің Тараздағы Әулие Қарахан жоғарыдағы шежіредегі қай қарахандық болды екен? Бұл да бізді әлі де терең зерттеуге итермелейтіні рас. Осындай ғалымдардың тұжырымдары, жаңадан аударылған тың шежіре мен басқа да шежірелердің желілерін саралай келе, түйген қағидамыз мынау болды:
Әулие Қараханнан тараған ұрпақтардың Отырар, Сайрам, Тараз қалаларында билік басында отырғандығы мәлім және Әулиенің ұрпақтары үзілмей, ұрпақ жалғастығын тапқандығы байқалды. Ең маңыздысы, Таразда қабірі жатыр деген біз білмейтін тұлғалардың сырын ашып бергендігімен құнды дерек болып табылады. Ал осы шежірені жазып отырған шежірешінің де Әулие Қарахан бабаның ұрпағы болғандығын шежіре соңында өзі таратып береді. Әрине, автор бұл шежірені кімнен, қайдан алғанын жазбаған, десек те ғылымға қосар тың да сүбелі дүниелердің бар екендігі Қарахан тарихын жаңаша зерттеуге серпін береді. Олай болса, Таразда шежіре бойынша қарахандық бес ірі тұлғаның қабірі жатыр. Сонымен, Таласта жатқан жалпы тұлғалар: Ысқақ шах, Шах Махмұд Әулие Қарахан, Ғабдолла Арслан хан (Ғайып ата), Мұхаммед Білге хан, Тектұрмас әулие (Сұлтан Махмұд хан), Шах Мансұр хан, (Шамансұр), Манас, Дәуітбек.
Қазіргі таңда бізге белгілісі – Әулие Қараханның мазары, Тектұрмас және Дәуітбек. Тектұрмастың да қай қарахандыққа тиесілі екенін білмейміз. Қырғыздың Манас батыры да Таразда жатқан болса, онда Тараз қаласы нағыз қасиетті мекенге айналары хақ.
Қорыта айтқанда, Тараз қаласы Қарахан ақсүйектерінің түпкі бабасы Құл Білге Қадірханнан бастап, оның ұрпақтары жерленіп келе жатқан династиялық пантеонға айналып үлгерген дегіміз келеді. Яғни Тараз қаласында Құл Білге Қадірхан, Шах Махмұд хан, Мансұр Қарахан, Ысқақ шах, Арслан хан, Манас, Мұхамед Білге хан, Дәуітбек секілді ұлы хандар жерленген. Кейіннен осылардың қасына Шыңғысхан ұрпақтары да келіп қосылған. Қайду ханның Тараз қаласын 40 жыл астанасы етуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Кенесары ханның ағалары Есенгелді мен Саржан да Тараз қаласына, сол кездегі Әулиеата шаһарына жерленген деген ел аузында жүрген әңгіме де жайдан жай болмағаны деп білеміз.
Сонымен, қарахандықтар Тараз қаласын қасиетті мекенге айналдырып кетті. Тараз әулие хандардың орталығы болғаны осындай деректерден байқалып тұр. Кезінде хан-патшалардың барлығы да Таразға соқпай өтпеген.
Осы жерде қарахандықтардан басқа да Таразды билеген тұлғалар туралы айта кеткім келеді. Олар: Таразды астанасы еткен хан патшалар: б.д.д І ғасырдағы Ғұн Шөже Тәңірқұт, оның да Таразда ажал құшқанын ескерсек, денесі де осында болуы мүмкін, 568 жылы түркінің ұлы қағаны Мұқан, Батыс Түркінің ұлы ханы Түн жабғы, Үкі шад хан, Түргештердің қағандары Үшжеле, Саға, Сұлу қағандар, Қарлұқтардың қағаны Құл Білге Қадірхан, оның ұлы Базыр Арслан хан, оның ұлы Сатұқ Боғра ханның ұрпақтары – Шах Махмұд хан, Мансұр Қарахан, Ысқақ шах, Арслан хан, Манас, Мұхамед Білге хан, Дәуітбек, қарақытайлардың қолбасшысы дулат Таянху, Шыңғысханның ұрпағы Ұлы Қайду хан, оның ұлы Шапар, қазақ хандығы кезінде қазақтың ұлы ханы Қасымханның 1517 жылдары Таразды Шағатайлардан тартып алуы, Абылай ханның 1774 жылы Тараз қаласын қайта салдырып, қалаға Қарахан бабаның құрметіне «Әулие ата» есімін беріп, баласы Әділді Тараз әкімі етуі Абылайдың екінші ұлы Қасым төренің Таразға келіп, бұл қалада айлап жатуы, оның ұлы Кенесары ханның коқандықтарға қарсы Тараз төрінен шапқанының барлығы да қаламыздың сонау түркілер заманынан бері «ұлы хандар мекені» болғанын дәлелдейді. Бір қаланы мыңдаған жылдан бері осыншама хан-патшалардың мекен етуі – Тараздың өркениет өрімдерінің ежелден куәгері болып келе жатқанының айғағы. Егер Тараз қаласы ұлы хандардың қасиетті мекені болмаса, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев та өзінің артындағы ұрпағына қалдырған аманат хатын Тараз төріндегі Әулие Қарахан бабаның алдына әкеліп қоймас еді ғой?!
Міне, осындай ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған Тараз қаласының киелі мекенге айналуы – біз үшін үлкен мәртебе.
P.S: Жоғарыдағы суретке қарап отырсақ, Қарахан баба кесенесі жанында бірнеше кесенелі қорымдардың болғанын байқаймыз. Бұл қорымдар қазір тегістеліп кетті. Осы қорымдар біз айтып отырған қарахандық тұлғалардың моласы болуы да әбден мүмкін.
Асылжан ДУЛАТИ,
тарихшы-түркітанушы, Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығының
бөлім меңгерушісі