Қоғам

Дәруменнің де зияны бар

Соңғы жылдары дәрумендер қабылдау сәнге айналды. Көптеген адам өз денсаулығын жақсарту үшін дәрумендерді күнделікті пайдаланады. Кейбір ата-аналар балалар ауырған кезде дәрі-дәрмекке емес, дәрумендерге жүгінеді. Сонымен бірге ағзаны тазалау, ұйқыны жақсарту немесе иммунитетті көтеру мақсатында қорап-қорап дәрумен таситындарды да көреміз. Бірақ дәрумендерді дәрігер кеңесінсіз қабылдау қаншалықты дұрыс?

Мәселен, Тараз қаласында тұратын Мөлдір есімді көпбалалы ана дәрумендерді өз бетінше жиі қолданатынын айтады.

Бірақ бұл тәжірибе барлық жағдайда пайдалы бола бермейді.

Хирург-дәрігер Равиль Абузаровтың айтуынша, дәрумендерді шектен тыс пайдалану ағза үшін зиян болуы мүмкін.

Дәрумендердің ағзаға қажеттілігі әр адамның ерекшелігіне байланысты екенін түсіну керек. Әрбір адамның денсаулық жағдайы, өмір салты, жасы мен қоршаған ортасы дәрумендердің мөлшерін анықтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан дәрумендерді қабылдамас бұрын қан немесе басқа да медициналық сараптамалар арқылы ағзаға қажетті дәрумендердің мөлшерін анықтап алу маңызды. Бұл ретте нутрициологтың кеңесіне де жүгінуге болады, бірақ дәрумендерді тағайындау дәрігердің құзырында екенін естен шығармаған жөн.

Жас ана Жазира Болтаева өзінің тәжірибесімен бөлісіп, тек дәрігердің кеңесіне құлақ асатынын айтады.

Қазіргі таңда көпшілік дәрумендерді алдын ала тексерусіз пайдаланып, өз денсаулығына зиян келтіріп жатады. Мұндай әрекеттердің көбісі әлеуметтік желілердегі жарнаманың ықпалымен жасалады. Бірақ дәрігерлер дәрумендердің тамақтану арқылы алынған табиғи түрлері анағұрлым пайдалы екенін баса айтады.

Осы орайда Тараз қаласындағы №7 емхананың медбикесі Ақмарал Байбосынова: «Егер балаңыз жиі ауыратын болса, оның иммундық жүйесін жасанды дәрумендермен емес, дұрыс тамақтанумен және өмір салтын жақсартумен қолдаңыз. Мысалы, көкөністер мен жемістер, пайдалы майлар мен ақуызды тағамдар ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді табиғи жолмен береді», – деп пайдалы кеңесімен бөлісті.

Дәрумендер туралы халық арасында көптеген қате түсінік қалыптасқан. Мысалы, көпшілік неғұрлым көп витамин қабылдасаң, соғұрлым денсаулығың жақсарады деп ойлайды. Алайда бұл пікір шындыққа жанаспайды. Витаминдерді шамадан тыс қолдану денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Мысалы, А дәруменінің мөлшерден тыс тұтынылуы бауырдың зақымдануына, ал Д дәруменінің артық дозасы қантамырларда кальцийдің жиналуына әкеліп, жүрекке ауыртпалық түсіруі мүмкін. Сонымен қатар барлық адамдарға бірдей мөлшерде дәрумен қажет деген пікір де дұрыс емес. Әр адамның денсаулық жағдайына, жынысына, жасына және өмір салтына байланысты дәрумендерге деген қажеттілігі әртүрлі болады. Мысалы, спортшылар мен жүкті әйелдерге кейбір дәрумендердің көбірек мөлшері қажет болса, егде жастағы адамдар үшін басқалары маңыздырақ.

Қазіргі таңда дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар (БҚД) нарығында жарнамаға ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі дәрумен кешендерін «барлық аурудың емі» ретінде ұсынып, адамдарды оларды негізсіз қабылдауға шақырады. Мұндай маркетингтік тәсілдер кейде дәрумендерді артық тұтынуға алып келеді. Кейбір жағдайларда адамдарда дәрумендерге психологиялық тәуелділік қалыптасады. Олар дәрумендерді қабылдамаған жағдайда өздерін әлсіз сезініп, үнемі жаңа қоспалар іздеуге мәжбүр болады. Шынтуайтында, ағзаға қажетті дәрумендерді табиғи жолмен – күнделікті тамақтану арқылы алу әлдеқайда тиімді және қауіпсіз.

Табиғи көздерден алынған дәрумендер ағзаға синтетикалық аналогтарына қарағанда әлдеқайда жақсы сіңеді. Мысалы, С дәруменін цитрустардан, қарақаттан немесе тәтті бұрыштан алуға болады, ал А дәрумені сәбізде, асқабақта және бауырда мол. Д дәрумені майлы балықтарда, жұмыртқада және саңырауқұлақтарда кездеседі, бірақ ең бастысы, оны күн сәулесінен алуға болады. Ал В тобы дәрумендерінің көзі ретінде ет, сүт өнімдері, жаңғақтар мен қара нанды атауға болады. Табиғи өнімдер құрамында дәрумендерден бөлек, ағзаға пайдалы минералдар мен микроэлементтер де бар болғандықтан кешенді әсер етеді.

Күзгі және қысқы маусымда дәрумен жетіспеушілігі жиі байқалады. Бұл кезеңде ағзаға қажетті заттардың азаюы денсаулықта түрлі мәселелер туындатуы мүмкін. Осындай уақытта маусымдық жемістер мен көкөністерді көп тұтыну қажет. Сонымен қатар қыс мезгілінде күн сәулесі жетіспейтіндіктен Д дәруменіне ерекше назар аударған жөн. Егер созылмалы шаршау, шаштың түсуі немесе терінің құрғауы сияқты белгілер байқалса, бұл дәрумен жетіспеушілігінің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге жүгініп, тиісті талдаулар жасату қажет.

Витаминдерді шамадан тыс қабылдау да, жеткіліксіз мөлшерде тұтыну да денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан бәрін теңгерімді ұстау маңызды. Ең дұрысы – табиғи тағамдардан қажетті мөлшерді алу, ал қосымша дәрумендер тек дәрігердің нұсқауымен қолданылуы керек.

Қорытындылай келе, дәрумендер емдеу немесе денсаулықты нығайту құралы емес, олар тек ағзадағы дәрумен жетіспеушілігін толықтыру үшін қолданылады.

Айжан ӨЗБЕКОВА