Жастарға жаңашылдық жарасады
Жастарды қолдау мәселесі – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жалпы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қаржылық дағдарыс мемлекеттің жастар саясатымен айналысуына ырық бермегені көптің есінде. Анығы, еліміз етек-жеңін жинағанша жастар мемлекет назарынан тыс қалды. Әйтсе де бұл олқылықтың орнын толтыру 2004 жылы қолға алынып, сол жылы шілде айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң алғаш рет қабылданды.
Осы кезден жастарға қатысты қолдаулар кеңінен жүзеге асырыла бастады. Аталған құжат жастардың құқықтарын қорғау, оларды әлеуметтік қолдау, білім беру, жұмыспен қамту және шығармашылық әлеуетін дамыту шараларын реттеуде. Сол үшін де бұл Қазақстандағы жастар саясатының заңды негізін қалыптастырған маңызды құжат болып есептеледі.
Ал 2015 жылы 9 ақпанда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң өз күшіне енді. Бұл құжатта жастардың жас санаты 14-29 жас деп белгіленген болатын. Бірақ уақыт қажеттілігі бойынша, яғни 2021 жылы аталған заңға тағы да өзгеріс еніп, өрендердің шекті жасы 35 жасқа дейін ұзартылды. Заң жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, білім алу және жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Негізінде жастар саясаты туралы заң алғаш қабылданғаннан кейін әрбір облыс, аудан, қалаларда жастар ресурстық орталықтарын құру, оларды қажетті ғимараттармен және заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ісі біртіндеп қолға алынды. Бір кездері бұл салада кадр тұрақтылығы қоғамда үлкен мәселе ретінде көтерілсе, бүгінде ол біртіндеп шешімін тауып келеді. Осы ретте тақырыпты тарқатуға Шу аудандық жастар ресурстық орталығы сөзімізге жарқын мысал бола алады. Аталған мекеме 2006 жылы құрылып, бүгінде шулық өрендерге қалтқысыз қызмет етуде. Қазіргі таңда орталықта 39 адам жұмыс істесе, оның ішінде екеуі техникалық қызметкер.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шу ауданында жалпы тұрғындар саны 106 336 болса, оның 31 201-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл жалпы халықтың 29,3 пайызына тең.
Жастар арасында құқықбұзушылық пен заңбұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар тиісті іс-шара атқарылыпты. Атап айтқанда, орталықтың ұйымдастыруымен 130 іс-шара өткізіліп, ол бойынша 2 378 жас қамтылған екен. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 546 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 2 387 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 1 531 жас орналасса, 250 адам «Жастар тәжірбиесі» бойынша мекемелерге жолдама алған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 азамат жіберіліп, ақылы қоғамдық жұмыспен 240 жас қамтылған. «Алғашқы жұмыс орнына» – 110, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 3 жас жұмысқа тұрып, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 117 адам оқыған. Қайтарымсыз грант алған 25 жас бүгінде өз кәсібін жүргізуді қолға алса, 76 адам қысқамерзімді оқыту курсынан өткен.
Конкурс арқылы 25 жас кәсіпкерге жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие таратылыпты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жаңақоғам ауылдық округінде 2019-2020 жылдары 35, Жаңа жол ауылдық округінде 2023 жылы 25, 2024 жылы 2 жасқа несие берілген. Осындай қолдауды Көкқайнар ауылдық округінде өткен жылы 22, биыл 7 адам сезінген. Сол секілді Қорағаты ауылдық округінде былтыр 28 адам, биыл 1 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, осындай несие Бірлікүстем ауылдық округінде 2022 жылы 35 өренге, 2023 жылы 3 адамға үлестіріліпті.
Аталған жастар орталығы директорының орынбасары Нұрзат Қилыбайдың айтуынша, жыл басынан бері волонтерлердің қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 746 іс-шара өткізіліп, оған 14 950 адам қатысқан екен.
Жалпы Шу аудандық жастар ресурстық орталығы бүгінгі буынның әлеуетін қоғам игілігі үшін пайдалану, олардың идеясын іске асыру секілді маңызды істерге мүмкіндік беретін алаң ғана емес, олардың өмірге деген сенімін арттыратын тірек болып отыр. Сондықтан да аталған орталық жастардың болашағына жол ашып, ауданның дамуына өз үлесін қосуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ