Қазақстанда алғашқы орман экожүйесі іске қосылды
Жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстандағы алғашқы орман-климаттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша парниктік газдарды сіңіру жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті.
Іс-шараны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов ашып, бұл күнді Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы деп атап өтті.
Бастапқыда қазақстандық «SAFC» көміртегі жобасын әзірлеуші 1,5 мың гектар деградацияланған жерді жергілікті ағаш түрлерін пайдалана отырып қалпына келтіретін болады. Жоба шығарындыларды азайтуға және жергілікті биоәртүрлілікті сақтауға ықпал етеді, сондай-ақ оны жүзеге асыру кезінде шамамен 1,2 миллион көміртегі кредиті алынады. Жоба аясында жоспарланған 3,3 миллион ағаштың ішінде бүгінде алғашқы 200 мың көшет отырғызылды. Айта кетейік, өнімділігі төмен ауылшаруашылығы алқаптары мен тозған жайылымдар орман питомнигі – орман екпелері – орманшаруашылығы – экотуризм болып, орман экожүйесіне қайта құрылады.
Оң экологиялық әсерден бөлек, жобаның қызметі жергілікті әлеуметтік және экономикалық ортаға әсер етіп, аудан тұрғындарын жұмысқа орналастыру және оқыту мүмкіндіктерін туғызады. Қысқару болжамы бойынша, 1 гектарға 30 жылда 1,2 миллион тонна СО2, 1 жылда 26 тонна СО2 жойылады.
Жоба бойынша серіктес ретінде «SEFE» британдық компаниясы күрделі салымдардан басқа, жобаны әзірлеуді, мониторинг, сондай-ақ маркетингтік қызметтерді де ұсынады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ