«Жасыл экономиканың» болашағы жарқын
2014 жылы елімізде «Жасыл экономика туралы» заң жобасы қабылданды. Құжатта табиғи ресурстарды орнымен қолдана отырып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, одан бөлек әлем елдерін алаңдатып отырған өзге де мәселелерді шешу қарастырылған.
Бізге бұрыннан таныс дәстүрлі экономика – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу болса, «жасыл экономиканың» ерекшелігі – баламалы қуат көздерін табиғи ресурстардың көмегімен өндіру. Бұл әдіс өз кезегінде мемлекеттің әлеуетін арттыруға серпін береді.
«Жасыл экономиканы» дамыту мәселесі бойынша Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», – деген болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар Талас ауданында тиісті деңгейде атқарылып келеді. Мәселен, 2019 жылы «WindPowerCity» және WindElectroCity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызыләуіт ауылдық округінде желден энергия көзін өндіретін құрылғыларды орнатқан болатын. Бүгінде әр серіктестік орнатқан 3 қондырғы арқылы жалпы қуаты 4,5 мВт болатын электр энергиясы өндірілуде.
Дәл осы аумақта 2022 жылы құны 5487,0 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жоспарланып, жүзеге асырылды. Әр жобаның құны 1829,1 миллион теңгені құрайды. Осылайша «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып келеді. Әр кәсіпорын сағатына 4,5 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қазір 5 кәсіпорында 21 адам қызмет атқарады.
Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген елдері «жасыл» экономиканы таңдайды. Өйткені баламалы қуат көздерін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған.
Бүгінде елімізде «жасыл экономиканың» маңыздылығы артып келеді. Айталық, 2013 жылдың 30 мамырында мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді. Сала мамандары құжаттың ел экономикасының орнықты да тиімді моделін құруға негіз болатындығын айтады. Одан бөлек жаңашылдық экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиімді пайдалану арқылы адам мен табиғаттың арақатынасын теңестіруге сеп болмақ.
Еліміз жел және күн энергиясы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңесе алады. Бұл орайда «жасыл экономиканы» дамытуды қолға алсақ, баламалы энергия көздерін өндіруде өзге елдерге үлгі болумен қатар, қоршаған ортаны сақтау тұрғысынан да озық мемлекеттер көшіне ілесер едік.
Талас ауданы