Экология

Экология саласында қордаланған мәселе көп

Бір кездері «жасыл қала» атанған Тараздың, жалпы облысымыздың экологиялық ахуалы бүгінгі күні алаңдатарлық жағдайда тұр. Қоршаған ортаны ластанудан сақтау, табиғатты аялау бүгінде күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Өндіріс орындарынан шығарылатын зиянды заттар, тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоғамдық көліктерден бөлінетін түтін өңірдегі экологиялық ахуалды одан әрі нашарлата түсуде.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмахановтың айтуынша, облыста 24 қоқыс полигоны экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеп келген.

Облыстық экология департаменті де өңірдегі ахуалды назарда ұстап, тиісті шаралар қабылдап келеді. Осы жылдың 9 айында экология департаментімен бірлесе 29 тексеру жүргізілген. Оның 12-сі жоспардан тыс, 14-і бақылау объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау болса, үшеуі бақылау объектісінің талаптарына сәйкестігіне тексерулер. Нәтижесінде бұзушылықтардың 75 фактісі анықталып, 28 нұсқама берілген.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтың айтуынша, есепті кезеңде заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер, сондай ақ мемлекеттік органдар мен прокуратура материалдары бойынша 62 әкімшілік іс қозғалыпты. Нәтижесінде жалпы сомасы 132 миллион теңгеден асатын 59 әкімшілік айыппұл салынған.

Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері облыстық мәслихат депутаттарының да үнемі назарында. Қатерлі ісік ауруына шалдыққандар бойынша өңіріміз үшінші орында тұрғанына алаңдаушылық білдірген депутат Арман Еділбаев облыстық экология департаменті «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты нақты бір шара қолдану қажет екенін айтады.

Облыстық мәслихаттың депутаты Дамир Ташкараев та «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі фосфогипс үйінділерінен жергілікті жұрт әбден зәрезап болғанын айтады. Зиянды қалдықтардың көлемі 17 миллион тоннадан асуы тұрғындарды алаңдатып отыр. Оның үстіне депутаттың айтуынша, кәсіпорын теңгерімінде фосфогипс қалдығын тастауға арналған заңды екі орын болса, биылдан бастап зауытқа тағы да осы мақсатта қосымша жер бөлінген екен.

Әулиеаталықтардың бас ауруына айналған ең негізгі мәселенің бірі – қоқыс. Анығын айтқанда, облыста айналасын тұрмыстық қалдық басқан ауылдар көп. Полигонға төгілген қоқыстар желмен ұшып келіп, елді әбігерге түсіріп жатқанын жергілікті тұрғындар әлденеше рет мәселе етіп көтерген. Бірақ қоқыс өңдейтін зауыт салынбай мәселе бір жақты болмайтыны анық. Осы тұста облысқа белгілі эколог Рауф Сәбитов бүгінгідей дамыған заманда қоқыстан құтылудың бір амалы табылмай отырғанына күйінді.

Экологтың пікірін облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Сұлтан Өсербаев та қолдап отыр.

Ал облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтың айтуынша, мекеме құзыретіне өздеріне түскен арыз негізінде тексеріс жүргізіп, туындаған келеңсіздіктерді жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізу кіреді. Қордаланған мәселені шешу, шара қолдану – әкімдіктің міндеті. Өз кезегінде әкімдіктегілер тұрмыстық қалдықтар жөніндегі кез келген мәселені қоқыс өңдейтін зауыттың жоқтығына әкеліп тірейді.

Тараз қаласы әкімдігі зауыт салуға ниетті болғанымен инвесторлар таба алмай жатқан көрінеді. Дейтұрғанмен қала әкімдігі шаһардағы қоқыс тастау орындарын жаңартып, мәселені шешуге барынша күш салуда.

Өңірде мұнан да өзге экологиялық мәселелер шаш етектен. Күнделікті тұтынып отырған тіршілік нәрінің сапасы, қала сыртына төгіліп жатқан кәріз сулары, өндіріс ошақтарынан шығып жатқан радиациялар, тағысын тағы... Оның бәрі табиғат, адам денсаулығы үшін де қауіпті.

Қалай десек те қоршаған орта – бәрімізге ортақ. Сондықтан оның тазалығы мен жұтар ауамыздың жұпарлығына тек қана экологтар жауап бермейді. Мұны әр адам жете түсінгені жөн-ақ.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ