Мәдениет

«Шолпан» ансамблі шаттыққа бөледі

Өткен аптада Сарыкемер ауылындағы Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Шолпан» халықтық әнби ансамблінің «Саз әлеміндегі сағыныш» атты есеп беру концерті өтті.

Концертке өнерсүйер қауым көп жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов бастаған көпшілік алдымен фойеге қойылған көрмемен танысты.

Жарты ғасырлық тарихында талай-талай жезтаңдай әншілер мен дәулескер күйшілерді, мың бұралған бишілерді қанат қақтырған ансамбль бүгінде жаңа өнер иелерімен толығып, дәстүрлі өнердің даңқын аспандатып келеді. Айта кетейік, ансамбльді сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев құрған болатын.

Концертке қатысқан өнерсүйер қауымның арасында «Шолпан» ансамблінің осы атауды иеленуіне себепкер болған бір кездегі бала Шолпан, бүгінде 80 жасты алқымдаған әже Шолпан Сыздықбаеваның қатысуы іс-шараның мән-маңызын аша түсті. Концерттің ашылу салтанатында ансамбльге есімі берілген Шолпан әжені көрермендерге таныстырып, өнер иелерінің оған гүл сыйлауы да жарасымды болды.

Сахна шымылдығы Абай Құнанбаевтың «Торжорға» күйіне қойылған «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі бишілерінің мың бұралған биімен ашылды.

«Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің орындауындағы Ж.Хафизұлының «Бақтыбай», Тоғжан Жахиннің «Бабалар мекені Алтай», Кенен Әзірбаевтың «Құлақ», Руслан Қойшыбаевтың «Қарахан баба» күйлері сәтті шықты. Бұл жерде ансамбльдің дирижері, Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегеннің де еңбегін айта кеткен орынды. Ж.Құрамысовтың «Жамбыл ата елі» әнін орындаған Дулат Жасұзақов, А.Зацепиннің «Көктем вальсі» әнін орындаған Марал Жанбаева, Ш.Қорғанбектің «Жамбыл жері» әнін орындаған Саламат Молдабаев, Н.Тілендиевтің «Күндер-ай» әнін орындаған Динара Диханбаевалардың әуелете шырқаған әндері көрермендердің құлақ құрышын қандырды.

Ал ансамбльдің сүйемелдеуіндегі Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» әндерін залдағы көрермендер қосыла шырқады.

Жас әншілер Жоламан Жиенбаев, Ерлан Жақсылықов, Дамира Жұмабекова, Арай Құрымбетовалар шырқаған халық әні «Үкілі қыз», «Ахау керім», К.Әзірбаевтың «Туған жер» әндеріне де көрермендер дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.

Концерт республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары, дәулескер күйшілер Дидар Басықараев, Жалғас Аруанов, Рауан Жексенбі, Ерболат Тауасаровтардың «Күй тартыс» күйін кезектесіп, бірлесе, әртүрлі жағдайда емін-еркін тартуымен аяқталды. Күйшілердің өнеріне риза болған көрермендер орнынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол шапалақтаумен болды. Ал бұл оларға көрсетілген үлкен құрмет еді. Концерт соңындағы отшашу да көпшілік көкейінен шықты.

Міне, осылайша «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі өздерінің жарты ғасырлық есеп беру концертінде тыңдармандарына шат-шадыман қуаныш сыйлады.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист,

Байзақ ауданы