Құтқарушылар қысқа дайын ба?
Қақаған қытымыр аязда құбырлардың жарылуы, газдан улану, пештердің өртенуі, тасжолдарды қар басу секілді түрлі төтенше жағдайлар орын алатыны белгілі. Ал облыстың құтқару қызметі қыс айларында жиілейтін табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға қаншалықты дайын? Кеше облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Алмас Жұматаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, жауапты маусымға дайындық туралы баяндады.
Алмас Бауыржанұлының айтуынша, бүгінде облыстың барлық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілері жылыту маусымына мұқият дайындалыпты.
– Жылумен жабдықтау кәсіпорындары, жылу жүйелері, электр желілері және газ құбыры желілері белгіленген штаттық режимдер шегінде ауытқусыз жұмыс істеуде. Жылыту кезеңінің басынан бастап тұрғын үй секторында 23 өрт орын алды. Бұл өткен жылыту кезеңіне қарағанда 2 есеге кем. Сонымен қатар улы газбен уланудан қаза болғандар мен жарақат алғандар саны бір жағдайға азайды. Аз қамтылған отбасыларға мекенжайлық өртке қарсы профилактика жүргізілуде. Тарқатып айтқанда, электр сымдары мен пештерді жөндеу бойынша көмек көрсетілді. Тұрғын үй-жайларды улы газдың автономды датчиктерімен жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 3 957 тұрғын үй тізімі нақтыланды. Тұрғындар арасында 2 өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 12 586 тұрғын үйді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, – дейді А.Жұматаев.
Сол секілді облыс құтқарушылары өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу мақсатында 27 689 азаматқа нұсқаулық таратқан. Сондай-ақ жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3 516 адамды қамтыған 293 жиын ұйымдастырылған.
Осы жылдың 1 маусымынан бастап әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлерінде 1 722 датчик орнатылыпты. Оның ішінде улы газды анықтайтын 399, табиғи газды сезетін 1 323 құрылғы орнатылған. Мұндай жұмыстар барлық ауданда жалғасын тапқандығын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар ҚР Үкіметінің тапсырмасын орындау және тұрғын үйлерде газды қауіпсіз пайдалануды бақылау мақсатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жанынан газ-техникалық инспекция құрылып, қызмет атқаруда.
– Қауіп-қатерге толы қыс маусымында күрежолдарда қолайсыздықтар туындамас үшін шаралар қабылданды. Жалпы өңірдің автожолдарында жалпы ұзындығы 57 шақырымнан асатын 12 қар басу учаскесі бар. Облыс бойынша қар ұстайтын қалқандардың ұзындығы – 22,9 шақырым. «Күйік», «Шақпақ», «Қордай», «Хантау» асулары қыс айларында өте қауіпті. Осындай қауіп тудыруы мүмкін асуларда төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мақсатында 348 адам, 88 техникадан құрылған 2 эшелондық күш пен құралдар дайындыққа келтіріліп, әрекет ету жоспары мен сызбасы дайындалды. Қолайсыз ауа райының климаттық жағдайларына байланысты облыстың автожолдарында жол жүрісіне тыйым салуды немесе уақытша шектеуді енгізу тәртібі әзірленді. Сонымен қатар шекаралас Түркістан облысымен қысқы мезгілдегі төтенше жағдай барысында өзара әрекет ету мәселесі пысықталды. Қарағанды облысымен 2024 жылғы 8 қарашада трансшекаралық «дөңгелек үстел» отырысы өтсе, Алматы облысымен қараша айының екінші онкүндігінде өткізу жоспарлануда. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 1 696 адам және 484 техниканы құрайтын күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Облыста жалпы сыйымдылығы 19 480 адамды қабылдау мүмкіндігі бар 88 жылыту пункті дайындыққа келтірілді, – деген Алмас Бауыржанұлы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар үшін 241,8 тонна жанар-жағармай қоры қалыптастырылғанын жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімінің шешімімен жұмыс тобы құрылып, 17-18 қазан аралығында қыс мезгілінде жолды күтіп ұстау техникалары мен инерттік материалдардың дайындығы пысықталған екен.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ