«Тараз – қауіпсіз қала»: жоба тиімділігін көрсетуде
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша кеңес өтті.
Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай мен бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Әуелі сөз алған Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев жоба шеңберінде уәкілетті орган тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесін баяндады.
Келесі кезекте шаһар басшысы аталған жоба аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, жобаны әрі қарай жетілдіру мақсатында қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдарға, құқық қорғау органдарына деген сенімін халықпен кездесулер өткізу арқылы 65 пайызға арттыру, профилактикалық іс-шараларды көбейту арқылы қала аумағындағы қылмыс деңгейін 5 пайызға төмендету, халықтың мәселелерін шешудің жеделдігі және мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағыммен жүгінгендердің санын 10 пайызға азайту және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, олардың құқықтық сауаттылығы мен мәдени құндылықтарын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту көзделген. Басқосу соңында барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес және өзара іс қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы