Табиғи апаттың алдын алу маңызды
Биыл қыс бойы тау бөктерінде жатқан қасат қар ерте көктемде жылт еткен күн көзіне жібіп, қарғын суға айналған тілсіз жау етекте жатқан кейбір ауыл тұрғындарының есін алған еді. Жаз мезгілінде де жауын-шашыннан пайда болған көлбеу судың елді мекендерге қауіп төндіргені ойланарлық мәселе. Жалпы алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау, табиғи апаттардың алдын алу маңызды. Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселелер қаралды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқановтың айтуынша, аймақта су тасқыны қаупі бар 42 елді мекенде 197 мыңнан астам тұрғын тұрады. Сондықтан да қауіпті аймақтарды тілсіз жаудан қорғау үшін жүйелі шаралар қабылдау – басты міндет. Бұл бағытта жұмыстар «Су тасқыны кезеңіне дайындық» және «Инженерлік іс-шаралар жоспарлары» аясында жүзеге асырылуда. Аталған жоспарларға ірі суқоймалардың толымдылығын қадағалау, гидротехникалық құрылғыларды пайдалану ережелерін сақтау, сондай-ақ каналдар мен арық желілерін тазарту жұмыстары кіреді екен. Жоспарлы жұмыстардың жүзеге асырылуын егжей-тегжейлі баяндаған А.Тоқанов облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған жұмыс тобының Қырғыз Республикасының Талас облысында айырқалпақты ағайындармен өткен кездесуінің нәтижесін сөз етті. Сол кезде Қырғыз тарапына «Шоң-Қақпа» суқоймасындағы резервтік көлем болуын қамтамасыз ету мақсатында болжамды жұмыс кестесі ұсынылыпты. Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу мақсатында тікелей байланыс орнату мәселесі де қаралған екен.
Бұдан кейін «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов баяндама жасады. Аталған кәсіпорын теңгерімінде барлығы 20 сушаруашылығы нысаны болса, оның жетеуі суқойма, екеуі бөгет, 11-і су торабы екен. Бүгінде 7 суқойманың төртеуінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде болса, «Бүркітті», «Жартас» және «Ынталы» суқоймаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет көрінеді. «Бүркітті» және «Жартас» суқоймаларына жөндеу жұмысын Ислам даму банкінің қаржысы есебінен іске асыру үшін оларды 2-кезеңдегі нысандар тізбесіне енгізу жұмыстары атқарылып жатыр екен.
Өз кезегінде облыс әкімі су тасқынының алдын алу бойынша бекітілген мерзімде орындалмаған іс-шаралар бойынша Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Байзақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбековтің айтуынша, Сарыкемер ауылындағы жоғарыда аталған көшелер маңындағы Талас өзенінің жағалауын нығайту бойынша аудандық бюджеттен 3 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі таңда бұл шаруа жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне тапсырылған. Алдағы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында аталған өзен жағалауы нығайтылмақ. Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында орналасқан «Ажар» каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге «Қазсушар» мекемесі жақын арада кіріскелі отыр.
Жиында осы тектес Мойынқұм, Шу, Сарысу аудандарында атқарылған жұмыстар жайы екшелді. Облыс әкімі су жүйелерінде қазіргі кезде судың деңгейі төмен болатынын сөз етіп, уақытты ұтымды пайдалануды еске салды.
Мәселен, тиісті мамандарға өзен-көлдердің, суқоймалардың деңгейін бақылауда ұстау, олардың сыйымдылығын ескере отырып, мәселені апатты жағдайға жеткізбеу, елді мекендерге қауіп төндіретін гидротехникалық құрылыстарға жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату, тау етегіндегі орналасқан елді мекендерде көлбеу ағынның қалыптасуын және өзендердің су деңгейлерінің көтерілуін болдырмау секілді.
Сонымен қатар жиын барысында жылыту маусымының өту барысы да қаралып, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың баяндамасы тыңдалды. Бұл ретте жылыту маусымына қатысты жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында білім, денсаулық сақтау нысандарында бірқатар кемшілік және Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарында жазғы мезгілде анықталған кемшіліктердің қалпына келтірілмегені секілді мәселелер тілге тиек етілді. Бұл бойынша да облыс әкімдігі білім, денсаулық сақтау басқармалары мен аудан әкімдерінен жауап алынып, жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктелді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ