ІІМ: Жалған полицейлер ұсталды
Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері 14 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды arainfo.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Олар өздерін полиция қызметкерлері ретінде көрсетіп, азаматтардан ақша бопсалап, алаяқтықпен және қылмыстық “қамқорлық көрсетумен” айналысқан. Қараша айында Шымкентте бір топ адам полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, “қамқорлығы” үшін ай сайын 1,5 млн теңге алып отырған.
Дәл сол сияқты Ақтөбеде екі жас жігіт қаланың екі тұрғынына зорлық-зомбылық көрсетіп, 300 мың теңге алған. Қонаевта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысының екі тұрғынын ұстады. Олар өздерін жедел уәкіл ретінде көрсетіп, жәбірленушіден 500 мың теңге бопсалаған. Жалған қызметтік куәліктер, құжаттар және нысанды киім тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.