Мәдениет

Қазақ әдебиетіндегі еңбекші әйелдер бейнесі

Қазақ әдебиетінде еңбекші әйелдер бейнесінің жиі кездесуі сол уақыттағы қоғамдық жағдайлармен тікелей байланысты. КСРО дәуірінде, әсіресе соғысқа дейінгі және кейінгі кезеңдерде әйелдер қоғамдағы маңызды күшке айналды. Олар тек үйде ғана емес, сонымен бірге өндірісте, ауылшаруашылығында да белсенді еңбек етті. Әдебиет сол кездегі өмір шындығын бейнелей отырып, еңбекші әйелдердің ерлігі мен табандылығын көркем түрде жеткізуге тырысты. Қиын-қыстау кездердегі әйелдердің қажыр-қайраты, олардың тағдыры мен күресі әдеби туындылардың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Осы арқылы қазақ әдебиетінде әйелдердің рөлі мен орны ерекше көрініс тауып, оқырманның жүрегіне жақын бейнелер ретінде сақталып қалды.

Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы басты кейіпкер Ұлпан – еңбекші әйелдер бейнесінің жарқын үлгісі және қазақ әдебиетіндегі ең сүйікті әрі ерекше тұлғалардың бірі. Оның өмірі мен іс-әрекеті халық үшін үлгі боларлықтай. Өзіне қарағанда бірталай жас үлкен Есенейге тұрмысқа шыққаннан кейін тек жарының ғана емес, бүкіл ауылдың қамқоршысы, елдің тірегі, халықтың үніне құлақ асатын жанға айналды. Ұлпанның Торғай уезінде Есенеймен бірге аталғаны да оның халық алдындағы беделін көрсетеді, бірақ Есенейден гөрі халыққа жақын болғанын айрықша атап өту керек. Есенейдің қатал мінезіне қарағанда Ұлпан мейірімділігімен, әділеттілігімен ерекшеленіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олармен етене жақын болды.

Ұлпан жаңашылдықтан да алыстамады. Ол ауылға алғашқы монша мен қыстық үйлер салу арқылы қоғамға қажетті өзгерістер жасады. Халықтың игілігін ойлап, мал мен байлықты бөлісіп, адалдығымен ел есінде қалды. Осы қасиеттерімен Ұлпан қазақ әдебиетіндегі еңбекші әйелдердің қатарынан ерекше орын алады, өйткені ол қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға күш салды. Ұлпанның бейнесі – қазақ әйелінің еңбекқорлығын, адалдығын, билікке деген қайсарлығын танытатын шынайы көркем бейне, сондықтан оны еңбекші әйелдердің алдыңғы қатарында атауға болады.

Ал «Ай мен Айша» романы Шерхан Мұртазаның өз өмірінен алынған оқиғалардан тұрады. Романда оқиға Ұлы Отан соғысы мен қуғын-сүргін уақытында өрбиді. Еркектердің барлығы соғысқа кеткен, ал Айшаның күйеуі Мұртаза «халық жауы» деп қудаланған еді. Осылай қаһарлы заманда 3 баламен қалған Айша өмірдің барлық қиыншылығын бастан кешіреді. Ер-азаматтар соғыста болғандықтан барлық ауыртпашылық жұмысқа қабілетті әйелдер мен есі кірген балаларға түскен еді. Жас жазушы да анасымен көп еңбек етіп, бар ауыртпашылықты көрді. Жығылғанға жұдырық болып, «халық жауы» атанған күйеуі үшін Айша сол замандағы биліктен көп қыспақ көріп, көп әділетсіздікке төзуіне тура келді.

«Жабайы алма» повесі – соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, ауыр тұрмыс, қажырлы еңбек, адами қасиеттер баяндалатын шығарма. Бұл повесте тек бір адамның емес, көптеген әйел қауымының соғыс уақытындағы қиын өмірі сипатталады. Сол еңбекші әйелдер бейнесінде автордың анасы мен әпкесі, Нұрсұлу, тағы да басқа ауыл әйелдері болды. Олар егістікте жұмыс істеп, соғыстағыларға көмек беретін барлық жұмысты атқарып, бірге тағдыр тауқыметін көрген еді. Жұмыс істейтін адамның, бригадирдің жоқтығынан бұл жұмысты бала-шаға асырап отырған автордың анасы атқарған еді, соңында еңбек жолында жауыздардың қолынан қаза тапты. Ал әпкесі Нәзира болса, егіншілікте жұмыс істеп қана қоймай, тракторшының оқуын оқып, кейіннен соғыстан зардап шеккен қалаларды қалпына келтіруге жыраққа кетіп қалады.

Осындай әйелдер бейнесі қазақ әдебиетінде мәңгілік бейне болып қала береді және де бұл әйелдердің күшінің шектігінің жоқ екенін білдіреді деп есептеймін. Негізінде еңбекші, батыр әйелдер ел ішінде өте көп, олардың барлығы сый-құрметке лайық!

Ұлжан БИДӘУЛЕТ,

№54 орта мектептің оқушысы,

Тараз қаласы