Әкемнен жақсы өнеге қалды
Асқар тау әкеден қымбат, әкеден ардақты ешкім жоқ. Оны әкеміз келместің кемесіне мінген кезде байқап отырмыз. Кейбір бағаламаған сәттерімізге өкінеміз. Неге қабағына көп қарамадық, неге көп еркелетпедік? Егер уақыт кері шегінетін мүмкіндік болса, барлық жылы сөз, жақсы ықыласымның барлығын әкеме арнайтын едім.
Менің әкем қарапайым еңбек адамы болатын. Әуелі тракторшы болса, кейіннен ұзақ жыл аға шопан болып еңбек етті. Малшаруашылығынан абыроймен зейнетке шықты. Ақсақалдың қаталдау мінезі болды. Бірақ сол қаталдығының өзі бізді ширататын. Боркемік, жасық болмауға күш салдық. Себебі ондай қасиетті әкеміз жақтыра қоймайтын.
Қай кезде де қабағымызға қарады. 2009 жылы анамның өмірден өтуі бәрімізге де оңай тиген жоқ. Әсіресе әкемнің қабырғасына қатты батты. Сонда да сыр берген жоқ. Ұзақ жыл әкемнің қолында болдым. Келіні Гүлжанға, немерелері Маржан мен Інжуге жылы сөз, жақсы ақылын айтудан жалыққан емес. Өзін өзі қамшылап, жақсы, сергек жүруге күш салатын. Ол үшін таңертең ерте оянып, үйіміздің маңындағы стадионды 5-6 рет айналып шығатын. Шамамен үш шақырым қашықтықты күніне екі рет жаяу жүріп өтетін. Әкем Тараз қаласындағы Гидро кешеннің айналасынан өзіне көптеген дос, сырлас адамдарды тапты. Ол кісілердің жастары әкемнен біршама кіші болатын. Бір жас ғана кішілігі бар Аман Сатыбалдиев деген қария әкеме «Көке» деп сөйлейтін. Кезінде институтқа ректор болған Жүсіпбек Сүлейменов, проректор Базартай, ғалым, кафедра меңгерушілері Әдеубай, Бақыт деген кісілермен әкем жақсы араласты. Барлығы таңертең стадионды бірге айналып, әңгімелесіп жүретін. Ұзақ жыл қарапайым малшы болса да зейнетке жеткен жасында ректор, проректор, аудан әкімінің орынбасары, депутат болған кісілермен бірге жүрді. Мұның өзі әкемнің абыройы деп білемін. Сонымен қатар облыстың бас газетін ұзақ жыл басқарған Баттал Жаңабайұлы, Әлдихан Қалдыбаев, сазгер, термеші Аяз Бетбаев ағалар әкемді сыйлап, терезесі тең сөйлесетін.
Әкем Тараз қаласы, Асанбай Асқаров көшесіндегі «Шейх Зүнүн» мешітінің 11 жыл бойы тұрақты жамағаты болды. Жұма намазынан себепсіз қалған емес. Кейде бесін, шам намаздарына да барып тұрды. Айтпақшы, Хамзат Тойқұлиев деген жиенінің кезінде Меркі медресесінде білім алуына әкем қаржылай ықпал етті. Кейіннен ол жиен Байзақ ауданында бір үлкен ауылға бас имам болды. Сол азаматтың мақсатына жетуіне, ізгі жолда жүруіне әкемнің ықпал еткенін мақтаныш көремін.
Әкемнің 11 жыл бір мешіттің жамағаты болғанын жоғарыда айттым. Ақырында 2020 жылы 6 наурызда, жұма күні сол мешітке жұма намазға бара жатып, көлік апатына ұшырады. Құдай сақтап қалды. Бір аяғы екі жерінен сынғаны, бет-аузы қатты жарақаттанғаны болмаса, басқа зақым жоқ. 12 күн қалалық аурухананың жарақат бөлімінде жатып, беті бері қарады. Әкем көлік апатына ұшыраған кезде ең алғаш барып, ол кісіні ауруханаға жеткізген Нүркен ағам. Нүркен ағам мен Сәрсенкүл жеңгем де екі жыл әкеммен бірге тұрды. Сонда намазхан бір досымның: «Сіздің әкеңіз 81 жасқа қараған қария кезінде жұма намаз оқу үшін мешітке бара жатқанда көлік апатына ұшырады. Сондықтан Жаратушы қаласа, өмірінің соңына дейін ол кісіге бүкіл жұма намазының сауабын толық жазып қоюы мүмкін. Анығын Алла біледі», – дегені бар еді. Лайым солай болсын деп тілеп жүремін. Алланың кеңдігі мен шексіз мейірімінен үміт үзбейміз.
Әкем сол көлік апатына ұшырағаннан кейін ауылға кетті. Ойық ауылы, Көктөбе елді мекенінде өмірінің соңғы күндеріне дейін әкесінен қалған қарашаңырақта Сәкен ағаммен бірге тұрды. Қарашаңырқатағы келіні Гүлзат та атаның асты-үстіне түсіп қарады. Атасынан құрметін, жақсы пейілін аяған жоқ.
Соңғы он жыл бойы ата үзбей саумал ішті. Мың кеселге ем жылқының сүті ұзақ жыл әкеме күш берді, қуат берді. Әйтпесе ішкі құрылыстарында кінәрат бар екенін өзі айтып отыратын.
Асқар тау әкем биылғы жылы 12 қазанда бар болғаны екі сағат ғана ауырып, 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Өмірден өтер алдында жинап жүрген аз ғана ақшасын ертеректе өмірден озған Бекен ағамның қыздарына беруді аманаттап кетіпті. Өмірден озып бара жатқанда да сауапты іске ұмтылыпты, жарықтық әкем.
Әкем үнемі ұл-қыз, ұрпақтарының жетістігімен мақтанып, мерейі өсіп отыратын. Қыздары Нұрбала, Гүлмира, Гүлнарды ойлайтын. Ғалия, Райхан, Қуантай жиендердің жетістігіне қуанатын. Немерелері Ерімбет пен Ақтотының өлең жазғанына, Әсет, Айгүл, Маржанның жақсы қадамдарына, Рауанның магистратура бітіргеніне шаттанатын. Ақтотының әр мақаласын облыстық «АR AI», «Ғұмыр-Дария» газеттерінен оқыған сайын төбесі көкке жететін. Ауылдағы көршілерімен де тату болды. Марқұм Сейітхан ағаның үйіне жұма сайын кіріп, Құран бағыштап тұратын. Күләш, Нұргүл апалармен, Ерубай аға, Арман, Болатбек, Русланмен әдемі әңгімелесіп отыратын.
Әкем өмірден өткеннен кейін немересі Інжу республикалық оқушылар айтысына екі рет қатысып, жүлдегер атанды. Атасы рухымен де тілеулес болғаны ғой деп ойладым.
Осы биыл жазда ғана Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтың шешімімен «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін омырауына таққан болатын. Бұл бір кеңшарға 40 жыл механизатор, малшы болып еңбегін сіңірген әкеме берілген әділ баға еді. Осы төсбелгіні әкемнің омырауына белгілі әнші композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әбиірбек Тінәлі ағамыз тақты. Ол да әкемнің мерейлі шағы. Әкем ауылда да жиында жастарға жақсы сөзін айтып, бата беруден жалыққан емес. Ауылда жаңа құрылыс, кіші футбол алаңы ашылса қуанып, қуанышты көппен бөлісетін.
Ақкөл ауылында тұратын Нұрлан ағамның алғашқы жыр жинағы шыққанда да ерекше қуанды. Ақкөлде өткен баласының шығармашылық кешіне қатысты. Менің кітаптарым шыққанда, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алғанымда әкем шын қуанып, Аллаға шүкіршілік айтқан. Көрімдігін берген. Әкені қуантқаннан артық не бар? Облыстық кітапханада, Тараздағы университеттерде, Қаратау қаласында өткен менің кештерімде алдыңғы қатарда мерейі өсіп отырушы еді. Енді ол күндер де тарих.
Әлі әкем жайлы көп толғанып, еске алармын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!
Есет ДОСАЛЫ,
ақын,
Талас ауданы