Білгім келген бір сұрақ?

Жас термешілер жоқтың қасы. Неге?

Елімізде эстрада жанрының өрісі кеңейіп, қарқынды дамуы арқылы дәстүрлі ән өнерінің қадірі түсіп кетті десек, артық айтқанымыз емес. Жеңілтек, мән-мағынасыз әндер бүгінде жастардың «құлағынан кіріп, бойын алып» жүр. Ал дәстүрлі ән, терме тыңдайтын аға буын өкілдерінің де қатары сиреп, текті сөздің төресіне қызығушылық танытушылар да азайып барады.

Терме – оқиғаға өзгеше өрнек қосып, жыр немесе дастан түрінде көркем жеткізілетін өлең түрі. Абайша айтқанда, сөз айналасы жұп-жұмыр, тегіс келіп, көңілге қонымды болуы қаншалықты маңызды болса, домбырамен орындалу шеберлігі де айрықша рөл атқарады. Ата-бабаларымыз ел мен жер дауын бейбіт жолмен шешу, жетімнің жай-күйін жеткізу, ұрпаққа өсиет қалдыру бағытында терме жанрына баса мән берген. Еліміздің әр өңірінің өзіндік мақамы мен ерекше сарыны бар сазды әуендері қалыптасқан. Батыс өңірінде Сыпыра, Сүгір, Абыл, Нұрым, Қашаған, тағы да басқа бірнеше жыраудың жыр-термелері сақталып, күні бүгінге дейін айтылып жүр. Қызылорда өңірінде Нұртуған жыраудың жыр мектебі қалыптасып, бір ауылдан жүз жырау шыққан деген деректер де жалған емес. Ал Жамбыл өңірінде Жетісу мектебі жоғары дәрежеге көтеріліп, Кенен мен Аяздардың жыр-термелері ел жүрегінен орын алған.

«Ат болатын құлынды,

Желі басынан танисың,

Адам болар ұлыңды,

Жолдасынан танисың.

Батыр болар балаңды,

Тұлғасынан танисың.

Жақсы болар балаңды,

Ел қасынан танисың», – деп жалғасып кете беретін Кенен Әзірбаевтың «Танисың» атты термесі тыңдарманның жүрегінен орын алып, әлі күнге дейін киелі сахнамызда орындалып жүр.

Аяз Бетбаевтың «Қадірлейік достарды», «Кененге», «Үйлену туралы толғау», «Жастар туралы» термелерінде достықтың баға жетпес құндылығы, ұстазға деген құрмет, жастықтың жауһар кезеңдері жырға қосылған.

Жамбыл мен Кененнің, Аяздың жыр-термелерінен бөлек, дәстүрлі әндері де ел ішінде күні бүгінге дейін қаймағы бұзылмай сақталып, жиын-тойларда шырқалып жүр. Алайда өңірімізден шыққан жыр дүлдүлдерінің терме-дастандарын жатқа айтатын, жадынан жыр құрастыратын термешілердің қатары сиреп, бұл бағытқа қызығушы жастар легі азайып келеді. Облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының басшысы Ахметжан Өзбековтің айтуынша, өңірімізде текті өнерге қызығушылардың сиреуіне термешілер байқауының аз ұйымдастырылуы себеп болып отырған көрінеді.

Терме үйірмесінің ашылуы жастардың ұлы өнерге деген көзқарасын қалыптастыратыны анық. Сондықтан Ахметжан Өзбековтің ұсынысы қолдауға тұрарлық.

Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы Ернар Орынбасар білім ордасында талантты жастардың бала бүркіттей бапталып жатқанын, болашақта олардың ұлы өнердің көшін алға сүйрейтініне сеніммен қарайтынын жеткізді.

«Тамшы да тама-тама теңіз болады» демекші, шағын жоспарлар үлкен мақсаттарға жетелейтіні анық. Терме жанрының әлеуетін жоғарылату үшін жан-жақты жоспарлы жүйе қалыптастырып, тек мектеп емес, мәдениет ошақтарына да терме үйірмесін енгізу оңтайлы шешімнің бірі. Жетісу мектебін қайта жандандырып, Кенен мен Аяздың мақам-саздарын көпшілікке таныстыруымыз қажет. Осы бағытта Жамбыл мен Кененнің жолын жалғап, Аяз Бетпаевтан бата алып, тікелей шәкірті атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев та өз пікірін білдірді.

Расында, соңғы жылдары терме байқауларының сахнадан тыс қалғаны белгілі. Бұған дейін облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен терме байқаулары өткізіліп тұратын. Соңғы рет 2021 жылдың қазан айында өткені есімізде.

Терме – тіл тазалығы мен ой ұшқырлығын дамытатын өнер. Сондықтан ұлы өнерімізді өлтірмей, дамытуға күш салуымыз қажет. Жоғарыда айтылған ұсыныстар ескеріліп, алдағы жылдары қолға алынып, орындалады деп сенейік.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ