«Ғашық болдым алғаш сені көргеннен...»
Мен кіммін?
Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда барам?
Іздеймін өз-өзімді айдаладан.
Қай қаладан табамын, қай қаладан?
Күйінген, күйік шалған жайда балаң.
Жоқ менде баяғыдай көңілді күн,
Күн ауысып, орнына төгілді түн.
Не болғанын білмеймін, я, Құдайым,
Басқан жоқ мендік мына өмірді мұң.
Баз кештім бе бәрінен, жалықтым ба?
Құлайтын сәті келер алыптың да.
Уа, Тәңірім, мен неге бақытсызбын,
Бір есігі бар шығар тамұқтың да.
Әлде мен шалыс бастым, кері кеттім,
Жаныма пәлекетті серік еттім.
Шырт ұйқыда жатырмын, ояна алмай.
Үстінде мұң атаулы кереуеттің.
Қайдасың? Музам менің. Жалғыздығым.
Жолық та, әсем әнге салғыз бүгін.
Ел үшін қара қыстың қақ ортасы,
Мен үшін сол баяғы сары күз, күнім.
* * *
Махаббатымнан айырма Құдай, өтінем,
Жалғанды мынау жалғыздықпенен өтіп ем.
Жарығым менің, жанымда жүрген жұлдызым,
Қолыма менің кеш түскеніне өкінем.
Жүрегім менің, өзіңе ғана зарықпын,
Бір қадам әрі алыстап кетсең қамықтым.
Өлсем де сені ойлаудан өлер ме екенмін,
Іздеумен сені өтерімді де тағы ұқтым.
Қалмашы күйіп, жүрегім менің тым ыстық.
Сен жоқта қазан, сен жүрген жерде тыныштық.
Қасымда жүрші, алысқа кетпе қолдаушым,
Қателессем де алатын бәрін дұрыс қып.
Кеуде тұсымда шырмалып жатқан кендір мың,
Ақыл-есімді жұмыр жүрекке жеңдірдім.
Қараңғы мынау жүрегім менің суық ед(і),
Жарқ етіп жаным, жарық айым боп сен кірдің.
(Жарық әлемге шығуға мені көндірдің.)
Жұбатайын аспанды
Ашық аспан қара бұлтты жастанды,
Жадыраған күн көзінен жас тамды.
Жыр жазайын қаламымды беріңдер,
Жылап жатқан жұбатайын аспанды.
Күн күркіреп, неге сонша түнердің?
Бізге налаң болса егер жібергін.
Көк аспанды бір ақ сәтте бояған,
Я, Құдайым, сен не деген ұлы едің.
Уа, тыныштық, сыңғыр үні жауынның,
Еске салды ескі шағын қауымның.
Мен алыста сезіп тұрмын ақ жаңбыр,
Аунап өскен шаңын басты ауылдың.
Жаңғыра түс, көк аспанның күркірі,
Шіркін, ол да кереметтің бір түрі.
Бұл жаңғырық жүрек алып-ұшатын,
Жарқылдауы кейде тіпті күлкілі.
Күңкілдеме, өкпелеме сен маған,
Жылап үнсіз, төгіл ғалам, кел маған.
Тазарт мені, оят мына әлемді,
Ұйқы қысып, маужырауда кең далам.
* * *
Күз жақындап, күңіренді тағы аспан.
Көңіл күйім табиғатпен жарасқан.
Жан жағымда жұп-жұбымен жүр бәрі,
Жаңбыр жауып, жер мен көк те таласқан.
Отырмын-ау қара күзге мұң шағып,
Неге жалғыз сезінемін мұншалық?
Жылытатын адамды әлі таппадым,
Қосылсам ба арамызға жыл салып?
Білем, жаным, оралуға кеш бәрі,
Ұмытқам жоқ қолыңды үзген кешті әлі.
Басқа жанға ашылмады жүрегім,
Шаң басып тұр махаббаттың ескі әні.
Өшсін бәрі, өлсін, қайта жаңарсын,
Ескі әнімді естелік деп санарсың.
Қоңыр салқын күздің лебі ескенде,
Күлімсіреп, мені есіңе аларсың.
Жоғалған бақыт
Ұмыта алмай әлі күнге жүрмін бе?
Ұмытам деп басқа жанмен жүрдім де.
Жайқалғанмен сезім гүлі ашылып,
Солар күні келеді екен гүлдің де.
Қалам алар байғұс жүрек сағынса,
Жаным жылыр, өлең жырым ағылса.
Қан жұтқанда көкірегім құрысып,
Көз алдымнан өте шықтың сағымша.
Жанарымды жарым қылған жарығым,
Адалдықпен тыңдасаңшы ар үнін.
Жалғыз өзім жүрген жоқпын мен бірақ,
Бүгін бірге түнеп шықты тағы мұң.
Жүргем жоқ па бақытыма бара алмай?
Бақыт өзі келеді деп сан алдай.
Түн жарымда жыр жазбайын десем де,
Қозғап жатыр қолымдағы қаламды ай.
Өмір сүргім келіп еді-ау сезіммен,
Есебімді сұрап келем өзімнен.
Естеліктер өшті бірақ жоқ болып,
Бақыт шіркін қолға тұрған кезімнен.
Шыдап келем, көмек сұрап төзімнен..
Түсімдегі қыз
Қала ояу, маужыраған қара түн,
Ұйықтамағам, екі елу бес сағатым.
Жаттым тағы қобалжумен, толқумен,
Жігіт құсап кездесуге баратын.
Ғашық болдым алғаш сені көргеннен,
Содан бері хабар үздім елден мен.
Түсімдегі ару қайда жоғалдың,
Сені іздеумен ұйқы үстінде сенделгем.
Жолықтырдым неге сені түсімде?
Саған айтқан сөзім әлі күшінде.
Самал болып есіп өтіп, жоқ болдың,
Дүлей дауыл содан бері ішімде.
Тағы да бір көрсем деген арманым,
Арманымды өлең жолмен жалғадым.
Бар жырыма қосып келем, ару қыз,
Саған арнап шырқамаған бар ма әнім?
Саябақта билеп жүрген екенбіз,
Бәлкім, тағы ұшыраспай кетерміз.
Әр көргенде танысамын қайтадан,
Себебі біз әр күн сайын бөтенбіз.
Махаббаттың заңдарына бағынбай,
Қалай жүрем сүйген жанды сағынбай?
Таң атқанда ұмытамын мен сені,
Ұйықтағанда табам бірақ жаңылмай.
Кездесші бір түсімде емес, өңімде,
Шуақ шашып, мұз боп қатқан көңілге.
Іздеп келем көзбен емес, жүрекпен,
Бар ма екен деп мендік мына өмірде.
Ғашық болу сезім екен біртүрлі,
Көрмесем де жас жүректе жыр тұнды.
Ұмытсам да сұлу, нұрлы бейнеңді,
Құлағымда сақтап алғам күлкіңді.
Ару көрсем сен бе екен деп қараймын,
Күтіп жүрмін, жүзі болды сан айдың.
Келші, қалқам, өз-өзіңді жасырмай,
Қонбай кеткен бақ құсыма балаймын.
Сонша сұлу болармысың, ой, Алла-ай,
Есті жанның есін алып қоярдай.
Ұйықтағанда кездесейік түсімде,
Сол әлемде қалсам ба екен оянбай?
Оятпаңдар, ұйқыдағы баланы,
Жатыр жігіт өз әлемін жоя алмай…
Қайдасың, муза?
Қайдасың, муза? Тағы да жалғыз қалдым ба?
Сен кеттің жырақ, орныңда дүлей, қар мұнда.
Серігім едің, суықта пана, үйім ең,
Сергелдең етіп жалғанда мені қалдырма.
Шабыт бермейді табиғат, тау да, тасың да,
Миымда менің есерсоқ ойлар тасуда.
Жүк болды маған өлең кеткелі ауырлау,
Беттеп барамын үн қатпай заңғар асуға.
Музамен бірге өлеңнен кетті мағына,
Күшімді жиып, жыр жазам тағы сағына.
Тілсіз қалғандай күйде жүрмін-ау мен бейбақ,
Қалам аламын келер деп бір күн тағы да.
Өлмес өлеңді алқымнан алып өлтірдім,
Құрт жегендейін ішінен тымақ, бөркімнің.
Музамен мені бөліп жатқандай көк теңіз,
Ар жақта ол тұр, бергі жағада мен тұрмын.
Жеткізер емес толқыны қатты көк теңіз,
Тұншығып босқа тыраштанамыз текке біз.
Музамен бірге өлсем бе әлде қосылып?
Көзіңнің жасын жауын қып сонда төкпе күз.
Күз келмей жатып сарғайдым, тағы сабылдым,
Ізде дейсің бе? Іздетпей өзің табылғын.
Көз жасты мендік жасырып жүріп жаһаннан,
Жылап алармын астына тұрып жауынның.
Жылап алармын көзімнің жасын құрғатып,
Өзіммен-өзім аспанға қарап үн қатып.
Сұрап аспаннан музам қай жерде жүргенін,
Қай бұрышында жасырып қойған тұр бақыт.
Жырақта болсаң, күте тұр мені, қырда күт.
Жарқ ете қалған жасындай...
Жарқ ете қалған жасындай,
Көңілді мендік кір шалды тағы досым-ай.
Іздемек емес, ешкімнің менде ісі жоқ,
Халімді менің сұрасаң егер осындай.
Құнықтым ба әлде, бауырым,
Күнәнің тағы арқалап алып ауырын.
Сол ісім үшін жақтырмай кетсең айт оны,
Сенсіз де жетер араласар менің қауымым.
Жапан далада жалғызбын,
Шырқап айтатын ортақ әніміз ол біздің.
Өзгеріп кеттің, ес жоғалттың деп айтпағын,
Есті жоғалтқам он жетісінде сары күздің.
Сол күзде қалды ақтығым,
Жас күнім сонда баса алмай жүрген аптығын.
Лаң ойлармен таңды атырдым бүгінгі,
Алаңсыз, қамсыз тағы да, міне, батты күн.
Дүние-ай соқыр мен үшін,
Таса қылуға тырысатындай мені шын.
Өтірік болар көңілді өлең шығарсам,
Өлеңдерім мұңмен жазылған, бәрі шын.
Ақындық бақ па білмедім,
Сор ма әлде қонған, әкелетін күнде мұң.
Баянсыз өмір өзім шақырғым келмейді-ау,
Ұнайды бірақ мұңға шомылып жүргенім.
Себебі – өтірік күлгенім…
Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
3-курс студенті
Әке
Сізбенен төңірегім болды көктем,
Алдыңда тұрам, әке, мөлдіреп мен.
Сенсің ғой менің тұла бойымдағы,
Толқытып жүрегімді елжіреткен.
Жан әке, сенсің менің жақсы адамым,
Сипаған маңдайымнан ақ самалым.
Қамқоршым өзің болсаң, асыл әке,
Қалайша көңіліңе дақ саламын.
Жүрегің маған таныс мекен бе екен,
Әкенің әр көңілі бөтен бе екен.
Жақсы адамның барлығы жер бетінде,
Әкетай, өзіңізге жетер ме екен.
Өзіңді құрметпенен қосам жырға,
Жақсылық өзіңізден тосармын да.
Қашан да жүрегіме жылу сыйлап,
Әкешім, сен тұрасың көз алдымда.
Альбина ЖҰМАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
1-курс студенті
Біз екеуміз
(Қаз-қалпында)
Екеуміздің өмір жолымыз бір-бірімізді тапқан сәттен бастап өзгерді. Алғашында біз жай ғана екі бөлек әлем едік. Бірі жарық, бірі қараңғы, бірі шуақты, бірі салқын. Бірақ сол екі әлем бір-бірін тауып, түйіскен кезде біртұтас бір ғалам пайда болды.
Мен сіздің жанарыңыздан үмітті көрдім, сіз менің күлкімнен жылулық таптыңыз. Біз бір-біріміздің ішкі сырларымызды ашып, ең әлсіз тұстарымызды байқаттық. Мен сіздің жаныңыздағы тыныштықты сүйдім, ал сіз менің жандүниемдегі дауылды баса алдыңыз. Біз үндестікке ұмтылдық.
Екеуміз – бір-бірімізді толықтыратын екі жарты. Бірі кемелдікке жетпесе де, екіншісі сол кемшілікті жарыққа айналдыра білді. Бізді бір-бірімізге бауыр басқызған – ортақ сезім, ортақ арман, ортақ өмір.
Уақыт бізді өзгертеді, бірақ біздің екеуміз болып қалуымызды өзгерте алмайды. Біз бірге күлеміз, бірге мұңаямыз және ең бастысы – бірге өсеміз. Біз – болашаққа қадам басқан әр күнде де екеуміз.
Біз екеуміз... Жай ғана солай.
Шұғыла АҚШАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
1-курс студенті