Шерхан Мұртазаның студенттік дәптері
Жастық шақ – адамның албырт, өмірге азық болар оқиғасы көп ең жалынды кезі. Оның дәуренін жырламаған адам бар ма?! Кім де болса, есейе келе, сол кезеңді үлкен сағынышпен еске алады.
Тіпті ұлы Абайдың өзі: «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?» деп жырласа, бүгінде тәтті кезеңнен алыстай бастағанымыздың бәрі осы өлеңді ұрандата жөнелеміз. Әсіресе бұл өлең жолдарын айтқанда білім қуған студенттік жылдар еске түсетіні сөзсіз. Ал 17 қараша жақындағанда «Біз де студент болғанбыз» деп «AR-AI» газетіне ойтолғамдарымызды, қызықты оқиғаларымызды да бөлісетініміз бар. Әрине, жастық шағын аңсап, сөз ету аға буынға ерсі де көрінер. Дегенмен өткен әрбір салмақты күнің сағыныш болып бара жатқанын, әр сәттің қайталанбайтынын саналы адам ертерек ұқса керек. Шетелдік әңгімелердің бірінен «Әкесі 2000 теңгесін үнемдеу үшін жаяу жүрген болса, қазір ұлы 20 минутын үнемдеу үшін 5000 теңгесін жұмсайды» дегенді оқыдық. Содан да болар, қазіргінің адамы үшін уақыт алтыннан да қымбат.
Алтындай қымбат уақыттың ескен желмен ілесіп, тарих қойнауына кетіп бара жатқаны да қызық. Студенттік жылдар демекші, «Тұлғалардың студенттік кезі қалай өткен екен?» деген де сұрақ ойға оралады. Дамыған заманда біразының естелігін, мыңнан бір оқиғасын оқып, естіп білдік. Осы ретте өзім шығармаларын сүйіп оқитын жазушы, журналистиканың генералы атанған Шерхан Мұртазаның студенттік жылдары қалай болды деген сұрақпен шағын зерттеу жасадым. Мұның алдында күнделіктерін жинақтап, оны «Ауылды, сені сағынам» тақырыбымен оқырман қауымға ұсынғанымыз бар. Онда студент кездегі жазысқан хаттарын бөлектеп сөз еттік. Ендігі сөз «Студенттік дәптер» жайында...
***
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның студенттік кезеңі 1950 1955 жылдар аралығында сол кездегі одақтық республиканың астанасы болған Мәскеу қаласында Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің «Журналистика» факультетінде өтті. Редактор мамандығында оқыған болашақ жазушы өз мамандығына деген адалдығын студенттік кезеңнің алғашқы жылдарында-ақ дәлелдеп бастағандай. Оның бір мысалын Кеңес одағының екі мәрте батыры атанған ұшқыш Талғат Бигельдинов пен сол кездегі Қазақстан компартия хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жазған өтініш-арыздарынан аңғаруға болады. Ол өтінішінде қашықтан келген студент екенін, жәрдемші болар адамының жоқтығын баяндай келе, «балық» емес, «қармақ» сұрап, яғни баспадан аударма ісімен айналысуға тапсырыс алуына көмек беруін жеткізеді. Көп ұзамай студент өз жұмысына ұқыптылықпен, ыждағаттылықпен кірісіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Осы орайда бұл жұмыстың оның кейінгі өміріне мол тәжірибе болғанын айта кету керек.
Студенттік шағында Шерхан Мұртаза жан-жақты өзін дамытқанын айтады. Бір жағынан, жазумен кәсіби деңгейде айналысып бастаса, екінші жағынан, тән саулығына да аса мән берген. Содан да ол бокспен айналысып, тіпті университет ішіндегі жарыстарда факультет намысын қорғап, орта салмақтарда жүлдегер де атанған.
«Ақын емес» адамның сөзді маржандай тізбектеп, тіпті сол кездің өзінде болашағын болжай жазуын таңғажайып тылсым демей болмайды. Қара сөздің қасиеті қонған қазақ ежелден өмірін өлеңмен өрнектеуге дағдыланып, жыр шумақтарымен жарысып өсті. Әсіресе оны өткен ғасырдың әдебиет жұлдыздары өз көздерімен көріп, бойларына сіңірген болатын. Заман ағымымен қазақ қоғамы да өзгерді. Дегенмен негізін сақтаған қаймақтарымыз оны бізге жеткізе білді.
Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да сондай ақынжанды халықтың жырын құлағына құйып өсті. Сондықтан да сол кезеңдегі көп қазақтың біріндей өлең сөзді өрнектеп, балалық сезімін жыр етіп жазған. Алайда ол публицистиканы жөн көріп, әдебиетте өзіне ғана тән дара жол салды.
Балалық, бозбалалық шақтағы еліктеумен туған жастық жырлары туралы Шерхан Мұртазаның өзі сұхбаттарының бірінде былай дейді: «...Қыздардың альбомдарына, анау мынауға өлең жазатын жастық шақ та бастан өтті... Газет, журналдарға ара-тұра жариялап жүрдім. Кейіннен «Болашаққа жол» деп аталатын жас ақындардың жинағына бір топ өлеңім енді. Зейнолла Серікқалиев деген осы күнгі үлкен сыншы бар ғой, сол менің өлеңдерімді сілейтіп тұрып сынап тастады. Содан «қой, болмайды екен» деп, өлең жазуды қойып кеттім. Сөйтіп, қара сөз, журналистикаға кеттім...». Енді бір мақаласында: «Ақын болу – арман. Бірақ ақын емеспін. Көк есектей мыртыңдаған көп ақынның бірі болғым келмейді», – деп, өзіне деген мықты талаптың, оқырман алдындағы ішкі жауапкершіліктің жүгін ұқтырыпты. Әйтсе де ұлы тұлғаның әдебиеттегі шеберлігін шыңдаған алғашқы баспалдағы – бозбалалық өлең-жырларымен танысу оқырман үшін шын мәнінде қызық болары анық.
Шерхан Мұртаза мен анасының жазысқан хаттарының арасында өлең-хаттар да кездеседі. Соның бірі былай деп жазылған:
АНАҒА ХАТ
Өрмелеп өзім ойнаған,
Алатаудай тым биік,
МГУ-ім – білім сарайы,
Төбесі көкке тұр тиіп.
Оқуым жақсы, денім сау,
Көңілім шат-шадыман.
Ішімдегі бір қаяу –
Ауылды, сені сағынам.
Шерхан Мұртазаның бұл өлең хатына ауылдағы анасы Айша былай жауап қатқан екен:
«Анадан хат.
Жазыпсың хат МГУ-дің заңғарынан,
Ақ сүтімді емізген құлыншағым.
Мақтаныш, қуанышың аңғарылған,
Елде мен де қуанам, ұлым, соған.
МГУ-ім Алатаудай биік депсің,
Қадірлеп тасын сүйгін – о да анаң.
Білімің де үйіңдей биіктесін,
Кеуек болсаң, нәрсе жоқ содан жаман».
Бұл да «Алып анадан туадының» мысалы емей немене?! Төмендегі өлең шумақтары да қаламгердің жандүниесін жеткізіп тұрғаны сөзсіз.
Шырын шербет, шырын бал,
Ішкендей-ақ боласың.
Көкірек кере жұтқанда,
Туған елдің ауасын.
***
Иә, мен де ебелектей бір күні ербең етермін,
Өмірімде өзім жөнді із қалдырмай өтермін.
Еш болмаса көргенімді, білгенімді көк қағаз,
Әлім жетті жалғыз саған, саған тығып кетейін.
* * *
Қараңғы түн түнекті,
Қабыл еткін тілекті!
Сүйгенімді іздеп шығып ем,
Адастырма жүректі.
Қабағыңды аш, түнерме,
Жымыңдасын жұлдыздар.
Жолға шықтым үдете,
Мен іздеген бір қыз бар.
Шерхан Мұртазаның студенттік жылдардан сақталған қойын дәптерлері түрлі сырға толы. Дәл сол кездері ол күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Оның маңызын да аса түсінген. Сол жазбаларды да іріктеп, өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.
9.09.1952
Бұдан 3 жыл бұрын, әлі балалық мінездерден арылмаған пансиондық кезеңдерде 2-3 ай көрген-білгенді жазып жүрген күндерім болған еді. Содан бері біраз сапар шегіп, соқпақтардан өтіп, өмірді шамалы түсінген сияқтымын. Жазда ауылға барғанымда сол пансиондық жазбаларымды оқып отырып, небір жылдардың ырқына беріліп, өткен күндерді көзге елестетіп, енді қайтып оралмас, өмір бақи менімен қоштасқан жастық-балалық шақ өте ыстық көрініп еді. Рас, осы уақытқа дейін көптеген оқиғаны бастан кешіріп, оқушылық-пансиондық халден студенттікке жеткенге дейін артқа онша көз жібермей, сол бір тәтті мезгілді онша еске алмай келіппін. Енді сол 2-3 айлық өміріме айғақ жыртық-жыртық дәптерді қолыма алып оқып көргеннен кейін бағасының бар екенін біліп, өмірдің ең жауапты, ең қызықты белесі осы бір күндерді де аздап-аздап жазып қойып жүруді жөн көрдім. Әрине, бұл басқа ешкімді қызықтырмас. Өзім үшін.
03.09.1952
Деревня Малинино. Түн. Далада жалғыз тұрмын. Қалың орманның төбесінен толық ай жартылай көрінеді. Айналасында жымыңдаған жұлдыздар. Ауа таза. Кеудеңді толтыра дем аласың. Көңілің ашылады, денең жеңілденеді.
Шығыста бұлт жоқ. Шығыста – сұлу жұлдыздар. Осы сағатта ой тұңғиығында сол шығысқа қарағанда денең шымырлап, жүрегің бұрып, бір бүлк ете түседі. Иә, шығыстан күн шығады, шығыста мен тұрғанмын. Ол қасиетті бағытта ел бар, ана бар, бауыр бар, мен сорға кездестірген Қаракөз сұлу бар. Асқар тау бар.
Ұлы орыс жері сұлу-ақ. Оны сипаттап жазуға көп білу керек.
Менің шығысым да көркем.
10.09.1952
Елден келгелі небәрі 10 күн болды. Қалтамда 100- ақ сом қалыпты. Мұны маған мен Жамбылдан жүрерден бір күн бұрын Әбдәшім Боқаев берген. Ақырғы жүз сом қалтадан суырылды. Алғашқы 10 сомына кітап сатып алдым.
* * *
Біреулер: «Адамның арнаулы тағдыры болады. Әрқашан да тағдырдың салғанын көресің. Ол қайда жетектесе, сонда көзсіз жүре бересің», – дейді. Менің бұған сенімім аз.
Біреулер: «Адам өмірінде кездейсоқ уақиғалар болады. Соның арасында көп ақымақтар кенет бақытты жанға айналады», – дейді. Бұған мен сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.
Өз өмірімде кездейсоқ нәрселер бола қоймаған сияқты. Өткен күндердің бәрі де саналы әрекеттер болған. Мектеп, институт... Қазір университеттемін. Рас, мен бұл орындалар деп ойлаған емеспін. Сірә, осы кездейсоқтық емес пе екен?!
13.11.1953
Бірнеше күннен бері тоя тамақтанған жоқпын. Қарын жұқарарға қалмады. Қарызданып жатырмын. Қазір бір-ақ мақсат, бір-ақ арман: қайдан ақша табуға болады?
Жағдайсыздықтың салдарынан тіленші болып кеттім бе, жоқ әлде боламын ба деп қатты қорқамын. Өйткені амал таусылған соң бірнеше жерден ақша сұрап хат жаздым. Олар не ойлайды?..
14.11.1953
Алты сағат бойы үзбей, далаға да шықпай отырып қалжыраған тәріздімін. Қазір редакторлық сабағы өтуде. Мен күні бұрын тапсырманы бітіріп, енді бос отырмын. Бұл аудитория университеттің Кремльге қараған шетінде. Терезеден Кремльге қараймын. Аздап жауған қардан ары Кремльдің қызыл қорғаны, жасыл төбелі, үлкен сары там көрінеді. Үй төбесінде мемлекеттік қызыл жалау жайлап желбіреп тұр. Төңірегі ақ терезелерден электр шамдары жарқырап тұр. Терезеден әлдекімдер қараңдап көрінеді. Мүмкін олардың ішінде жолдас Маленков, не жолдас Молотов, әлде Климентий Ефемович бар шығар. Мен білсем деп тесіле қараймын. Шаршағанымды да ұмыттым.
Қоңырау соғылды. Мен киініп, метроға шықтым. Көшеден өзім қарап отырған терезені көрдім. Бұл бақыт, үлкен бақыт. Біздің ұлы партияның, өкіметтің басшылары менің, мен сияқты мыңдардың өздерінен не бары 100 метр жерде оқып жатқанын біліп, терезеден қарайды. Мен де, мен сияқты мыңдар да анау Кремльдің терезесінен көрінген жолдастардың менің қамымды, мен сияқты миллиондардың қамын ойлап, менің бақытым үшін, мен сияқты миллиондардың бақыты үшін жұмыс істеп отырғанын көріп бақыттымыз, қуаныштымыз. Кремльді көріп қалжырағанымызды, тіпті ашыққанымызды ұмытамыз.
15.11.1953
Бүгін демалыс болғандықтан өте кеш тұрып, жуынып, аздап тамақтанып, Сүттібековке Жапаровты жазала деп хат жазып жібердім.
Күн кеш болып бара жатыр, бірақ әлі ештеңе істеген жоқпын. Жақсы бір нәрсе жазғым келеді – не жазарымды білмеймін. Толстойды оқып отырмын. Кенет менімен бірге тұратын екі студент ұрысып қалды. Оларды ажыратып, татуластыруға тырысумен біраз уақыт өтті. Неге екенін білмеймін, екеуі де арыздарын маған айтып, бірінің қылмысын бірі ашады. Мен екеуін де бірдей көретіндіктен «сенікі дұрыс, сенікі қате» дей алмадым. Жаман бимін, татуластыра да алмадым.
16.11.1953
Я корреспондент редакции радиоинформации студгородка. Выполняю первое задание. Был в музее истории и реконсртукции г. Москвы. Побеседовал с научным сотрудником музея. Моя собеседница оказалась моей «землячкой», как она сама сказала (из Алма-Аты).
Литсотрудник радио принял мою работу хорошо.
18.11.1953
Получил денег от Дуйсебая. С Витькой решили написать в «Ленинскую смену» очерк. Собирал материал – ходил к девушкам-казашкам. Одна из них оказалась из Джамбула (Айтмагамбетова Сара).
* * *
Что-то писем из дома не получаю, им лень писать, а я беспокоюсь.
29.11.1953
Кеше университетке барып, Өсерден хат келген екен, соны алып, Әшімге жүріп кеттім. Алған хатым мені қатты толғантты. Менің бірінші махаббатым, менің шын сүйген адамым, менің дүниедегі ең қымбаттым мені есінен шығаруға тырысқан. Мен сенемін онысына, мен қайғылана сенемін. Мен де енді есіме оны алмауға бел байладым. Бірақ бұл мүмкін емес сияқты. Осындай азапты басынан кешірген жан мені жақсы түсінеді. Қазір менің жүрегім сыздап, шаншып ауырады. Отырып бір нәрсе істеуге де ықыласым жоқ. Ылғи соны ойлаймын. Ал оның мен санасында да жоқпын, күліп, жүгіріп, өзі бақытымен жүрген болар.
* * *
Әшім, Қаратай, мен үшеуміз суретке түстік. Өсерге хат жібердім.
12.12.1953
Кеше фотокорреспондент Галкинмен сөйлестім. Ертең келіп, қазақстандықтарды суретке түсіріп алмақшы. «Қазақстан правдасына» баспақ. Жігіт, қыздарды жинауды маған тапсырды. Бимен екеуміз талай жерді аралап, талайлармен таныстық.
13.12.1953
Сағат ертеңгі онда тұрып, барлық қазақстандықтарды жинадым. 11.30 да Галкин Михаил Николаевич келді. Түсіріп алды. Уәдесі жақсы. Одан соң Сәми Құсайыновты Ленин тауларына апарып салдым.
28.2.1954
Қазіргі кездерде аударманы қолға алудамын. Баспадан хат келген соң іске шындап кірістім. Бүгін өзіміздің балалар мен қыздарды жинап, оқып көрсетіп, ортаға салдым. Шыны ма, өтірігі ме, білмедім. Жақсы дейді. Өз көңілім күдікті. Әлі де кемшілігі көп сияқты.
20.03.1954
Көктемнің иісі шығып тұр. Бірақ әлі де суықтау. Әзірше өзгеріс, жаңалық жоқ. Болотниковтарға бардым.
7.04.1954
Түн тып-тыныш. Осындайда ойың шарықтап ұшып, көп жерді кезбеске амал қанша? Көз жұмулы, көңіл ояу, көкіректе өткен-кеткеннің көбі жаттаулы, көбі ұмытылмастай бекем сақтаулы. Сонан балалық шақ, 3-4 жасар кезден бастап тап осы қазірге дейін шолып өту маған әдет болып кеткендей. Сүйікті туған жерімнің әрбір сай-саласы, ой-қыры, қайнар бұлағы, жадыраған жазы, қытымыр қысы түгел көз алдымда. Өнген өсіп-жетіліп, өмірді толығырақ тануға, өмірден сабақ алуға талпынады екен. Мен жол тартып, алыстағы астанаға жол жүріп кеттім. Мінеки, төрт жыл өтті. Бір ұмытылмас қымбатты жылдар. Тіршілік болса, бір жиырма жылдан кейін бұл кездерді сағынышпен, аса бір асқан махаббатпен еске аламын.
Төрт жыл өтті... Төрт жылдай бар қуатым білімге арналды. Төрт жыл бойы бір арман – зор арман соңымнан қалмады. Төрт жыл бойы махаббатқа тола болған көкірегім от-жалын болып лаулады.
20.04.1954
Жақында Машаннан жеті жүз сом келіп, костюм сатып алдым. Қазіргі шамаға қарай жеткілікті. Адамның жалғыз болмауынан жақсы не бар?! Ақкөңіл Машан мені бауыр тұтып, қолынан келгенін қызғанбайды. Оған бұл ақшаны табу оңайға түсе қойған жоқ. Сонда да уәдесінде тұрды. Жақсы адамдардан жақсылық көрудемін. Өзім біреуге жақсылық көрсетер мезгіл қашан? Қолымнан не келеді? Қаншалықты қайратым бар? Жақсылық етіп, жақсы адам атануға әл-қуатым бар ма? Бар болу керек!
Адам баласының бір-біріне достығынан асыл қасиет бар ма? Сол достықтан жұрдай болған жан бақытты бола алады ма? Дүниедегі жексұрын сол ғой. Ар-намыс, ақыл-ойын адамға тән болса, жексұрын бола көрме. Өмірде досың көп болсын. Дос деген атты айтуға әркім жерік. Ал сол аттың мағынасын терең түсінетіні ғана нағыз адам. Сондай адам кім деп айта алар едім? Жоқ емес. Көп. Әне, анау Әшім бар, Машан бар, орыстың ұлы Виктор бар, олар көп. Көп бола бергейсің, достарым!
27.04.1954
Политэк (ономика) сдана – сдана с трудом. Наступает май. Хотелось бы встретить достойно.
6.05.1954
Протекло еще несколько дней и я приближался к финишу. Остался последний экзамен. В эти минуты все во мне рвется к востоку. Да, приближаемся к финишу. Мы на пароге завершения, численники пятого курса.
18.05.1954
Жолда келе жатырмын. Москвадан шыққалы бір тәулік өтті. Қарсы алдымда – Волга. Намазшамның алакөлеңкесінде жалтырап жиегі әлдеқайдан көрініп жатыр. Бетінде неше қайық. Пароходтар қилы мизамдай, сәулесі суға түсіп, ұзын қызыл болған. Өзеннің түсіне жайылып бара жатқандай.
19.05.1954
Кең қазақ даласымен жосытып келеміз. Алда әлі екі күн бар. Көңілсіздік. Түркістандық жігіттің әңгімесі: екі қартаң жас әйел. Көңілсіздік. Ақтөбе жігіті.
Қайтты қазақ жігіті,
Астанадан ауылға.
Асқақтатты үміті,
Алда күн бе, дауыл ма?!
Адырлы бел, жота-жон,
Қалып жатыр зымырап.
Алыстан сонау шығыста,
Жарқырап жатыр шамшырақ.
26.05.1954
Алматыда жүрмін. Баспаға бардым. Қасымда Әділ, Сардар.
9.06.1954
Ақгүл!
Енді тағы кездесіп, мазаңды алып, аза бойыңды тік тұрғызбайын деп осы қағазды жолдап отырмын. Өзіңмен тағы жолығуға мүмкін болса – ол мен үшін зор бақытпен тең еді. Амал қанша, ендігі кездесу шамадан тыс сияқты. Солай. Мені жат жаннан бетер санағаныңа көзім жеткен тәрізді. Сен үшін зәрудей де қиыншылығы жоқ, ал мен үшін бұл жат тарту орасан қайғы. Көңіліңде ақауы жоқ жан болсаң халімді, бұл зарымды түсінерсің. Осы сөзден мені бір жасық адам екен деп ойлап қалуың мүмкін. Қайғы мен зар жат қасиет еді. Қуанышты, бақытты, шаттықты жаным сүйген жан едім. Сенен тиген ауыр соққы мені уақытша ма, әлде өмір бойына ма жабырқауға, қапалануға мәжбүр етті. Өзіңе ғана деген сүйіспеншілік қанша шексіз болғанымен оны сен елемей, бойыңды аулақ салсаң, менде қалған еш лаж жоқ. Бақытты бол!
Өміріңнің шешек ашып, жұпар шашып, гүлдене беруіне тілектес Шерхан. Алматы, 1954
10.06.1954
Бүгін Балтағожинмен жолықтым. Штатқа екі айға қызметке алды. Аударма жақсылыққа жақын.
19.06.1954
Редакторлар тауға шықтық. Мен Қалаубекті ерте бардым. Әбдікәрім Сәрсен, Жаппар – табиғат таңғажайып. Үстіде басы ақ жамылған ала құз. Омырауы сәнді шырша, қарағай. Астында сарқырап ағып жатқан тау өзені. Қасыңда белуардан көк шөп, сан түрлі иіс гүлдер...
12.07.1954
Ақгүл жүріп кетіпті, Жамбылға кеткені, не болмаса колхозға кеткені белгісіз. Көңілдегі бір алданыш о да кетті бұ қаладан. Енді Алматының сұлулығы мені қызықтыра қоймайтын тәрізді. Ертерек кетсем мен де деп жүрмін. Жалғыз өзім. Оқта-текте қасымда қайран Махан ғана. Балалық мінезінен арылмаған сол бір жанға таңғалам.
15.07.1954
Тапсырдым. (Әрине, қуаныштан сондай-ақ алып-ұшарлықтай ешнәрсе бола қойған жоқ. Әйткенмен жер үстінде өмір сүру көңілдірек бола түсті).
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының
бөлім меңгерушісі