Білгім келген бір сұрақ?

«Қазавтожол» қашанғы қамсыз отырады?

Қыстыгүні боран тұрып немесе қар қалың жауса, автожолдарда көлік қозғалысы қиындап, тіпті облыстағы «Күйік», «Шақпақ», «Қордай секілді асуларда көлік біткен қаздай тізіліп тұрып қалатыны жасырын емес. Қалың қар мен тайғақ жол талай жанның тағдырын сынап, жолаушыларды бүрсең қақтырған кездер болған. Мұндай қиындықтарды болдырмай, алдын алу – жауапты мекемелердің басты міндеті. Олар осы бастан қысқы кезеңге дайындалып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауы керек.

Осы ретте біз, ең алдымен, өңірдің шалғай ауылдарын бір-бірімен жалғайтын жолдардың қыс мезгіліне дайындығына алаңдап, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовпен тілдестік. Басқарма басшысының айтуынша, облыста жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзындығы 3 164 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде 1 756 шақырымы облыстық маңызы бар, 1 408 шақырымы аудандық мәндегі жол. Бүгінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге 2024-2025 жылдар үшін «Облыстық, аудандық және елді мекендердің автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша жол картасы» әзірленіп, бекітіліпті. Аталған жол картасы аясында автожолдарды қыста күтіп ұстау үшін мердігер мекемелерді анықтай отырып, қажетті инертті материалдар қорын жоспарға сәйкес толық әзірлеу, өндірістік базалар мен бокстарды, жол техникаларын қыс мезгіліне дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Ал республикалық маңызы бар жолдарды сөз етсек, былтыр табиғат танытқан тосын мінез салдары әлі ұмытыла қойған жоқ. Атап айтқанда, өткен жылдың 11-17 желтоқсан аралығында өңірде қатты боран тұрып, оған қалың қар қосылып, сақылдаған сары аяз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіндегі жолаушыларды әбден әбігерге салғаны есте.

Осы орайда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқановқа хабарласып, өткен қыстың әлегін еске түсіріп көрген едік. Сол кезде Жуалы ауданы «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолының 534-593 шақырымы, яғни Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі жол жабылған. Қалың қар салдарынан жол көрінбей, «Қордай» асуында көлік қозғалысы тоқтатылған. Республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолында 124 автомобиль, оның ішінде 14 ауыр жүк көлігі және 110 жеңіл автокөлік, Алматы-Шымкент-Тараз қалалары арасында жолаушыларды тасымалдаумен (такси) айналысатын 20-25 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойған. Электр энергиясының өшуі және қар көшкініне байланысты 13 жолаушы, 12 жүк көлігі тоқтап қалған. Сол бір жайсыздық кезінде Шу және Қордай аудандарында 2 353 уақ мал мен 125 ірі қараның өлу дерегі тіркелді. Десе де ең күрделі жағдай «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар тасжолының «Кенен-Қайнар» учаскесінде қалыптасқан болатын.

Жалпы 11-17 желтоқсан аралығында облыс аумағында барлығы 4 391 адам құтқарылса, оның ішінде 185-і бала, 39-ы шетел азаматы. Құтқарылған адамдардың 399-ы пойызбен межелі жерлерге жөнелтіліп, қар құрсауынан 742 техника аршып алынған екен.

Өткен жылы облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттері және басқа да құрылымдар қыс қысып бергенде республикалық маңызы бар жолдардың бойында халықты құтқару мақсатында уақытпен санаспай еңбек етті. Ал оған тікелей жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы. Біз осы филиалдың пайдалану және қозғалыс бөлімінің басшысы Біржан Әшіровке арнайы жолығып, мекеменің қысқа дайындығын сұраған едік. Біржан Нұрпейісұлының айтуынша, филиал иелігінде 77 техника болса, 44-і арнайы жабдықталған техника (КДМ), 14-і автогрейдер, жетеуі қар тиегіш, төртеуі шнекоротор. Тайғаққа арналған 25 800 текше метр қиыршық тас, 5 мың текше метр құм, 6 818 тонна тұз дайындалыпты. Жолдың тайғақтығын, шекті жылдамдықты білдіретін және басқа да қысқы жол белгілерінің 420 данасы орнатылыпты. Біз Біржан Нұрпейісұлымен әңгімелесу барысында аталған компания филиалының өткен қыстан сабақ алмағанын аңғарғандай болдық. Былтыр орын алған қиын-қыстау сәтте осы мекеме жолды қардан дер кезінде тазаламақ тұрмақ, көліктерінің жанармайы қатып қалып, техникалары да жетіспей масқара болған еді. Маманмен тілдесу барысында сол олқылықтың биыл да қайталануы мүмкін екенін аңғарғандай болдық.– Өткен қыста техникамыздың жетіспегенін мойындаймыз. Қолда бар техниканың қанша пайызы ескі, қаншасы жаңа екенін, биыл бізге қанша техника берілгенін айта алмаймын. Былтыр жолды қардан тазарта алмауымызға бір айда жауатын қардың 3-4 күнде жауып тастауы себеп болды. Сондықтан жауған қарды дер кезінде тазалау мүмкін болмады. Ал жанармайдың қатып қалуы біздің облыс оңтүстік өңір болғандықтан мұнда дизель отынының қыстық түрі тапшы болуымен байланысты. Қатты аяз болса, жанармайдың қатып қалуы биыл да орын алуы ықтимал. Өйткені жанар-жағармай бекеттері дизель отынының қандай түрін ұсынады, біз соны пайдаланамыз. Әзірге екі аптаға жететін жанармай қоры бар, ал қыс бойы қар тазалауға қанша көлемде дизель отыны жұмсалатыны қардың жаууына қатысты анықталатын жайт, – деді ол. Біздің пайымымызша, кез келген мекеме өзіне тиесілі міндеттерді атқару барысында жыл сайынғы тәжірибеге сүйеніп және орын алуы ықтимал жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылдау арқылы іске кіріседі. Алдағы қыста олардың техникасының жанармайы тағы да қатып қалатын болса, жолаушыларға өз күндеріңді өздерің көріңдер деуден басқа амал жоқ. Сонда бұл мекеме жанар-жағармай сататын белгілі бір серіктестіктермен арнайы келісімшарт жасаспайтын болғаны ма? Өзге өңірлер, әсіресе солтүстіктегі облыстар алты ай қыста елге қиындықсыз қызмет етіп жатқанда «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалының жылы аймақта отырып қол қусыруы түсініксіз. Бір қызығы, аталған филиал қыстың ұзақтығы және қарлы, аязды күндерінде жолдың қауіпсіздігі мен қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы секілді мекемелердің мәліметі арқылы алдын ала нақты жоспар құрмайтын болғаны ма? Ұзын-сөздің қысқасы, Құдайдан «қар жаумасын» деп тілеуге қорқамыз. Өйткені ақ ырыс егіс үшін керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ