Дін

Білікті мамандар даярлау – уақыт талабы

Тараз қаласындағы «Ark MS» қонақүйінің мәжіліс залында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дін мәселелері бойынша мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. «Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясында өткен іс-шара барысында облыстағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналып семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды.

Семинарды Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті «Дінтану» кафедрасының PhD докторы Бауыржан Қуанышбайұлы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Тұңғыш Абылов жүргізді.

Бауыржан Қуанышбайұлы «Дәстүрлі исламның құндылықтары» тақырыбында баяндама оқып, жаһандық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрестің құқықтық негіздері және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы түсіндірді. Ал Тұңғыш Талғатұлы «Исламдағы жаңа ағымдар: негізгі сипаттамалары мен идеологиялық ерекшеліктері» тақырыбында діни сананың ерекшеліктері, діндарлықтың құрылымы мен қоғамның діни дамуы жөнінде терең талқылаулар жүргізді.

Семинар барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

«AR-AI»-ақпарат