«CYBER SHEKTEU TARAZ» интернет-алаяқтықтың алдын алады
Облыс прокуратурасы интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында «CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын іске қосты. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров алдымен пилоттық жобаның маңыздылығы, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің өзектілігін атап өтті. Нұрғалым Мәжитұлы қоғамда қылмысқа «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру керектігін баса айтты.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша департаментінің бастығы Секер Бүркітбаев былтыр жалпы алаяқтық бойынша 778 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 711-ге төмендегенін хабарлады. Яғни жалпы алаяқтық 8,7 пайызға азайған. Алайда интернет алаяқтықтың керісінше өскені байқалады. Өткен жылы 180 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл 232 қылмыс орын алған. Яғни 30,1 пайызға артқан. Интернет-алаяқтық деректерінің көпшілігі Тараз қаласында тіркелген.
Облыс прокуратурасы, әкімдік және полиция департаменті бірлесе іске қосқан телеграм-бот интернет алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу және осы саладағы құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдету. Телеграм-боттың функционалы келесі бағыттар бойынша ақпаратты жеңілдетілген тәртіпте қабылдайды:
- интернет желісіндегі қауіпті сілтемелер;
- алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері;
- әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған хабарландырулар.
Жиналған ақпарат «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, құқық қорғау органдарына басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға көмектеседі.
Қазіргі уақытта телеграм-бот желісіне азаматтардан 48 хабарлама келіп түссе, оның 10-ы бұғатталыпты. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ботты пайдалану бойынша бейнеролик әзірленген, сонымен қатар QR-код арқылы жылдам қосылу мүмкіндігі қарастырылған.
«CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты арқылы әрбір тұрғын интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоса алады.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ