Жамбыл жаңалықтары

Тарихы тұнған тағылым

Бала да, дана да туған жердің топырағынан қуат алып, есейіп, жетіледі. Оның жүрегіне мейірімнің дәні де сол қарашаңырағында егіледі. Көгеріп, көктейді. Құт дарыған қасиетті мекен – Жамбыл облысы үшін биыл ерекше жыл. Киелі өлкенің облыс болып құрылғанына 85 жыл толып отыр. Әрбір аймақ уақыттың өрнегінде қалыптасып, сатылап дамып, сол жолдағы сан алуан кезеңдер мен қарыштау сәттерін басынан өткізеді.

Тәуелсіздік жылдары Әулиеата өңірі өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Ел тарихымен тамырлас өлкеде талай тарихи оқиғалар мен өзгерістер орын алды. Өлкені әлеуметтік, мәдени тұрғыдан түлету мақсатында 1939 жылдың 14 қазанында Жамбыл облысы құрылған. Аймақ аяққа тұрмай жатып, соғыс өрті тұтанған уақытпен тұспа-тұс келген. Соғыс даласына ат әбзелдерінен бастап, тоқыма бұйымдарын жөнелткендер арасында облыс тұрғындары да болды. Жамбылдықтар өзге өңірлерден күштеп жер аударылып келгендерді де жатсынбай, бауырына баса білген. 

Бүгінде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың қайта күрделі жөндеуден өткізілуі, «Даңқ» залының ашылуы, «Ерлік» мемориалдық кешені, «Ғибрат», «Желтоқсан, 86» орталықтары, «Білім» алаңы да өңір сәулетін арттыруға өзіндік үлесін қосты. Облыс және аудан орталықтарында да көптеген нысан ашылып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, сонымен қатар «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысы да өңірге айтарлықтай рең беріп тұр. Тұрғын үйлердің салынуы, көптеген әлеуметтік нысанның пайдалануға берілуі де аймақтың дамығанын көрсетеді.

Осы бір шұғыласын төккен шұрайлы жылдарда талай тірлікті еңсерген Жамбыл жұртшылығының жүрегін ырыс пен ынтымақтың, жақсылық пен берекенің шамшырағы жылытсын!

Сәкен АРУБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының

депутаты