Қоғам

Заңсыз автотұрақтар зардабын тигізуде

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті. «Достық» үйінде өткен жиынның модераторы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек болды.

Министр кездесуді ашып, атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын бастамалар туралы айтты. Сондай-ақ Марат Кәрімжанұлы облысымызға жасаған алдыңғы сапары кезінде тұрғындардан түскен арыз шағымдарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Еркін форматта өткен кездесуде жамбылдықтар толғандырған мәселелерін көтеріп, министрден көмек сұрады. Мәселен, бірнеше кәсіпкер Тараз қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткенін қынжыла жеткізді. Мәселен, автовокзал қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп тұрған көлік жүргізушілері жолаушыларды алып кетіп, автовокзалдың жұмысын қиындатып жатқанын айтты. Автовокзал қызметкерлері аталған мәселе бойынша 15 жылдан бері облыстық және қалалық әкімдіктерге, сондай-ақ полицияға шағымданып келе жатқанын, бірақ ешқандай шара қолданылмағанын мәлімдеді. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер Қордай ауданы, Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына жолаушылар жинайды екен.

Сонымен қатар автовокзал өкілдері жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға бөгде ұйымдардың кедергі келтіріп отырғанын айтты. Олар бірнеше жылдан бері күту залына «Kaspi» және «Halyk» банктерінің банкоматтарын орнатуды сұраған. Бірақ банктер белгісіз себептермен келісім бермеген. Осыдан кейін жолаушылар жақын орналасқан жанармай бекетіне баруға мәжбүр болады. Ал қайтып келгенде заңсыз тасымалдаушылар оларды «алып кетеді».

Қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын басқа да тасымалдаушылар заңсыз автотұрақтардың кесірінен жолаушылардың саны азайып бара жатқанын айтты. Министр онлайн платформалардың артықшылығын мойындап, қазіргі заман талаптарына сәйкес жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Министр келесі жылдан бастап үлкен жолда жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жаңа заңнама әзірленіп жатқанын жеткізді. Межеленген уақыт пен жылдамдыққа бағынбағандар осы әрекеті үшін жауап бермек.

Министрдің айтуынша, бұл шектеу тек оң жақты рульді көліктерге ғана емес, сондай-ақ оң рульден сол рульге қайта жабдықталған көліктерге де қатысты болады.

Сонымен қатар министр Тараздан Қазақстанның басқа қалаларына тікелей әуе рейстерінің болмауы, таксопарктерді қолдау, жеңілдетілген несие беру сияқты басқа да мәселелерді талқылады.

Министрліктің негізгі бастамаларының ішінде жол құрылысының стандарттарын қайта қарау, жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту және жол қозғалысын бақылау үшін интеллектуалды жүйелерді енгізу де бар.

Кездесуден соң министр тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Айжан ӨЗБЕКОВА