Дін

Кешегі жастар көшбасшысы бүгінде бас имам

Облыстық жастар ресурстық орталығында еңбек жолын бастап, ерекше іскерлігімен танылған Дәурен Құттыбаев бүгінде Жамбыл ауданының бас имамы қызметін атқарып жүр. Біршама жыл жастар саясатының саласының отымен кіріп, күлімен шығып, кейін мүлдем басқа салада еңбек жолын жалғастырған Дәурен Нұржанұлының осы күнгі қызметі оқырмандарға қызықты болары сөзсіз.

Дәурен Құттыбаев 1983 жылы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетінің «Дінтану» факультетін тәмамдағаннан кейін 2006 жылы облыстық жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналасқан.

Сөйтіп, Д.Құттыбаев 2014 жылы имамдық қызметке ауысты. Атырау облысының Мақат ауданында бірнеше жыл бойы бас имам болып қызмет атқарып, кейін туған жері Әулиеата өңіріне оралды.

Жас имам уағыз кезінде жамағатқа сұрақ қойып, пікір алмасу әдісін қолданады. Алайда бір уағыз кезінде қойған сұрағына өзі жауап беруді ұмытып кеткен сәті болғанын еске алады.

Дәурен Құттыбаевтың имамдық қызметте жүргеніне он жылға жуықтапты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Атырау және Жамбыл облыстарының бас имамдарының, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Ол жақында ғана Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының магистратурасын тәмамдап, рухани-діни білімін жетілдірді.

Осылайша әрдайым қоғамға қызмет етуді басты мұрат еткен Дәурен Құттыбаев Жамбыл ауданында діни сауаттылықты арттыру жолында жемісті еңбек етіп келеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ