Сенімге селкеу түспесін
Бала кезімізде әке-шешеміз «үлкен кісіге орын бер», «қарияға көмектес», «елдің алғысын ал» деп санамызға құйып отыратын. Ал қазір балаларымызға «кім шақырса да жолама, танымайтын адамға сәлемдеспе, үйде үлкен адам болмаса ешкімге есік ашпа» деп үйретеміз. Осылайша біз баланың санасына ешкімге сенуге болмайтынын мықтап құюдамыз.
Тіпті бұрын әке-шешеміз біздің қайда ойнап жүргенімізді білмейтін де. Таң ата кетіп, қас қарая үйге бір-ақ оралатынбыз. Ал қазір бала тәрбиесіне көңіл бөлеміз деп ұл-қызымызды төрт қабырғаға қамап қойдық. Неге?! Себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қоғамда болып жатқан жаға ұстатарлық оқиғалар ата-аналардың әбден жүрегін алып бітті. Балалар қауіпсіздігі жөніндегі тренер Динара Аманжолова да біздің бұл ойымызды құптап, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Ал көпбалалы ана Меруерт Айманованың айтуынша, баланың қауіпсіздігіне ең бірінші кезекте ата-ана жауапты. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда балалардың қауіпсіздігі үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен отбасындағы тәрбие дұрыс болмайтын болса, бәрінің бекер екенін айтады.
Балзия Балмағанбетова есімді ананың пайымдауынша, отбасындағы атмосфера, достарымен қарым-қатынас, араласатын ортасындағы адамдардың ой-пікірі – барлығы баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, көзбен көріп, құлақпен естіген кез келген дүниеден ой түюге, соған сай әрекет етуге итермелейді. Бала отбасында махаббат пен мейірімге бөленіп, ата-анасының жақсы қарым-қатынасын көріп өссе, тұлғалық сипатында мейірімділік пен бауырмалдық секілді жақсы қасиеттер орнығады. Ал араласатын ортасы жағымсыз әдеттерге құмар болса, «қызылды-жасылды» дүниеге қызыққыш келсе, бұл жағдай да балаға белгілі бір деңгейде әсер етпей қоймайды. Осы кезеңде жасөспірімдер ортаның ықпалына түскіш болады.
Иә, бауыр еті баласының қауіпсіздігіне кез келген ата-ана алаңдайды. Сондықтан да баласының арам ниетті адамдардың арбауына түсіп қалмауы немесе басқа да келеңсіз жағдайларға тап болмауы үшін түрлі ақыл-кеңесін айтып жатады. Алайда өмірде мейірімді, жақсы адамдар көп екенін де балалардың санасына құйып өсірейік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА