Қажетті һәм қолжетімді принтер
Аяла Әділет пен Серік Нұрайлым Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушылары. Дарынды оқушылар Мейрамгүл ұстаздарының жетекшілігімен көру қабілеті шектеулі жандарға арналған Брайль принтерін жасап шығарды. Жобаның негізгі мақсаты – көру қабілеті шектеулі адамдардың сауатын ашып, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан принтер құрылғысын қолдануына ықпал ету.
Мейрамгүл Батыйханқызының қолдауымен Брайль принтерінің принципі бойынша қолжетімді материалдарды пайдалана отырып перифериялық құрылғыны дайындауға 1 жыл уақыт кетіпті. Принтер дайын болғанда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына барып, аталған руханият ордасының тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегимовке жолығып, тәжірибе алмасып, принтерді көрсетеді. Әр әріптің дұрыс шыққан-шықпағанын тексертіп, дыбысталуына дейін тыңдатып, құрылғының мінсіз болғанын қадағалайды.
Нұрайлым Серік принтер адамдардың кәдесіне жараса, ең басты жетістік сол екенін айтады.
Аяла да өзінің жетістікке жету жолында қолдап, үнемі сенім білдіріп жүретін отбасына шексіз алғысын білдірді.
Қазіргі таңда принтердің инесі мен қажетті құрал-жабдықтар үшін қытайлық өнімге тапсырыс берілген. Алдағы уақытта қазақ әріптерімен арнайы жасалған принтердің құрал-сайманы түгел жиналып бітсе, аталмыш құрылғы көзі әлсіз көретін және зағип жандардың қажетіне жарайтын болады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ